Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шын ғалымның шырайы еңбегінде - АРҚА АЖАРЫ

Шын ғалымның шырайы еңбегінде

Биылғы жыл барша қазақ елі үшін ерекше жыл. Өйткені, елімізде ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі өткелі отыр. Көрмені өткізу біздің еліміздің тарихында техникалық және технологиялық жетістіктерді, жаңа идеялар мен  ғылыми жобаларды халықаралық деңгейге көтерудің, Қазақстан экономикасын әлемдік экономикаға интеграциялаудың символы болмақ.

Міне, осындай дүбірлі шараның біздің университетіміздің 60 жылдық тарихы бар, еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне сан түрлі білікті мамандар даярлауға, Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып отырған Қазақ агротехникалық университетінің мерейлі тойымен тұспа-тұс келуі де айтулы оқиға деуге болады.
Университетімізде жарты ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің агроөндірістік кешені үшін 60 мыңнан астам біліктілігі жоғары мамандар даярланды. Олар өздерінің ерен еңбектерімен Қазақстан экономикасының дамуына еселеп үлес қосып келеді. Университетіміз өзінің түлектерімен орынды мақтана алады. Өйткені, олардың арасында Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр кеңсесінің қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, елшілер, көрнекті ғалымдар, облыс, қала және аудан әкімдері, ірі кәсіпорындар мен аграрлық кешендердің басшылары, халық шаруашылығының сайдың тасындай
мамандары бар.
Иә, қол жеткізген жетістіктеріміз қомақты. Алайда, бұл бір күннің нәтижесі емес, осындай биіктерге жету жолында университет ұжымы  аянбай еңбек етіп келеді. Ал, бұл жолда ұжымды басқарып, оның қарқынды дамуына  зор үлес қосқан, университет тарихына аты алтын әріппен жазылған дара тұлғалардың еңбегі ерекше.  
Соның бірі ғана емес бірегейі – бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнаған көрнекті ғалым, Қазақ агротехникалық университетінің 1993-2004 жылдар аралығындағы ректоры, халықаралық жоғары ғылым мектебі академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Білім беру саласының құрметті қызметкері, профессор Бекен Әлімжанов.
Бекен Өкенұлы 1947 жылдың 24
наурызында Ресейдің  Омбы облысының Марьянов ауданындағы Қарабас ауылында туған.  Көршілес елде дүниеге келгенімен ол кісінің саналы ғұмырының басым бөлігі  Қазақстанмен тығыз байланысты. Бекен Өкенұлы 1963 жылы Көкшетау облысындағы Қотыркөл техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, Целиноград облысының «Ивановский» кеңшарында жұмыс істеген. Сөйтіп, өндірістің төменгі баспалдақтарынан өтіп, тәжірибе жинақтаған жас маман алдына жоғары мақсаттар қояды. Әсіресе, жоғары білім алуға деген ұмтылысы ерекше болды.
Осы мақсатта білімін жетілдіріп, дайындығын әбден толыстырған  соң, сол кездегі одақтың астанасы Мәскеудегі, кез-келгеннің шамасы келе бермейтін ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының флагманы болып есептелетін К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына емтихан тапсырып, студент атанды. Ежелден аты шыққан бұл оқу орнында одаққа әйгілі  И.С.Попов, С.И.Сметнев, А.П.Редькин, А.И.Николаев, В.С.Шипилов, Е.А.Арзуманян секілді ғалымдардың дәрісін тыңдайды. 1972 жылы оқуды үздік бітірген шәкірттеріне ұстаздары ғылымға бет бұруға ұсыныс жасайды. Сөйтіп, Бекен Өкенұлы 1972-1976 жылдар аралығында алдымен тағылымгер болып, кейін аспирантураны ойдағыдай бітіріп, «Дербес зоотехния, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша диссертация қорғайды. Ғалым докторлық диссертациясын да 1993 жылы осы айтулы білім мен ғылым ордасында қорғағанын айта кеткен жөн деп білеміз.
Оның осыдан кейінгі өмір жолы өзінің екінші үйіндей болып кеткен бұрынғы Целиноград, Ақмола ауыл шаруашылығы институты атанған бүгінгі университетімізбен тығыз байланысты. Осы аралықта ол барлық баспалдақтардан өтіп, ассистенттен ғылым докторына, кафедра меңгерушісінен зооинженерлік факультеттің деканы, сырттай оқу бөлімінің проректоры, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, ал 1993-2004 жылдары Ақмола ауыл шаруашылығы институтының ректоры лауазымына дейінгі биіктерге жетті.
Ректорлық қызмет жылдарында оқу, ғылыми-тәрбие үрдісін реформалау жөнінде үлкен жұмыстар атқарды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен инс-
титут Ақмола аграрлық университеті болып өзгертілді және оған белгілі жазушы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің аты берілді.
Университет тарихында ол алғаш рет 2004 жылы қыркүйекте Қазақстан Респуб-
ликасы Парламенті Мәжілісіне баламалы түрде сайлауға түсіп, депутат болып сайланды. Жұмыстың көптігіне қарамастан Бекен Өкенұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізді және әлі де жалғастырып келеді. Ол 200-ден астам ғылыми мақалалар, әдістемелік және оқу құралдарын, оның ішінде екі монография, студенттерге арналған екі оқулық, оқытушылар мен қызметкерлерге, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарына арналған жоғары және орта арнайы білім беру басқармасының белгісі бар еңбектерін жариялады.
Бекен Өкенұлының ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қосқан ірі үлесі жаңа үлгідегі «Есіл» типті қазақтың қара ала тұқымды сиырын шығаруға жетекшілік жасап, нәтижесінде оған №57 патент және А.Бараев атындағы мемлекеттік сыйақы берілді. Сонымен қатар, ол жоғары оқу орындарында оқу, ғылыми тәрбиесі үрдісін зияткерлік меншікке реформалауға және жетілдіруге арналған үш авторлық куәлікке ие болды.
Халықаралық жоғары ғылым мектебі академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері Бекен Әлімжановтың алған марапаттарының өзі бір төбе. Ол – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «К.А.Тимирязев» алтын медалі,   «А.Байтұрсынов» атындағы күміс медалі, «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі» төсбелгісімен марапатталып, Қазақстан Республикасы өнертапқыштар жетістігі конкурсының «Шапағат-2008» лауреаты атанды.
Ғалым өзінің жоғары кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, жеке қасиеттерінің арқасында кең ауқымдағы, жоғары зияткерлік деңгейдегі басшы ретінде танылып, Қазақстанның жоғары мектеп қызметкерлерінің арасында, қала және қоғамда үлкен құрметке ие болды.
Тағы бір атап өтер жайт, Бекен Өкенұлы – үлгілі жанұяның отағасы. Кезінде Мәскеуде оқуын бітірген ол астанада көңілі жарасқан Людмила есімді аруды елге ертіп келіп шаңырақ көтеріп, ата-анасын қуантады. Ал, Людмила Васильевна болса, Бекеңе қай жағынан болсын сенімді серік бола алды. Бүгінде Людмила Васильевна ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. 150-ден аса ғылыми және оқу әдістемелік еңбектің авторы, оның ішінде 15 методикалық мақала, 14 оқулық және оқу құралдары, 2 монография, 3 өндіріске ұсыныстар бар. Оның жетекшілігімен 9 аспирант кандидаттық диссертация қорғады. Олар өмірге екі ұл, бір қыз әкеліп, жақсы тәрбие берді. Ғалымдар жанұясынан шыққан балалардың екеуі ғылым кандидаты атанды. Міне бұл «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мәтелдің айқын көрінісі.
Бекен Өкенұлын Қазақ агротехникалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен мыңдаған студенттер, түлектер атынан мерейлі тойымен  құттықтап, толайым табыстар, шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат, зор денсаулық, бақытты өмір тілеймін!
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық
университетінің ректоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар