Өз деңгейінде аталып жүр ме?

Үміт отын маздатып, тағы бір жаңа жыл табалдырықтан аттады.

Жыл басы Наурыз мейрамын біз өз деңгейінде өткізіп, жалпы халықтық мерекеге айналдыра алдық па? Жетістігіміз қайсы, олқысы қайда? Міне, осындай сауалдар облыстық «Арқа ажары» газеті ұжымының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел басындағы кездесуде ортаға тасталды. Жаңа жыл қарсаңындағы жүздесуге белгілі жыршы, ақын Жұмабай Есекеев, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі директорының орынбасары Гүлнәр Қадыралиева, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Фархадбек Қанафин, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Асылбек Әбенов қатысты. Дөңгелек үстел жиынын облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа  ашып,сөз сөйлеп, Наурыз мейрамы туралы ой-толғамдарын ортаға салды.    

 

– Ұлттық мерекені тілі кенжелеп дамыған, өнерінің өрісі тарылған солтүстік өңірде өз деңгейінде қалай атап өтуге болар еді? Қанымызға сіңіріп, қасиеті қаперімізде жүретіндей етіп?   
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ:
– Жалпақ жұрт бір-біріне ең жақсы тілектерін арнап, жыл басымен құттықтап, арқа-жарқа болатын Наурыз да келіп жетті. Газет бұл тақырыпты көптен қаузап жазып келе жатыр. Талай-талай мәселе көтерді. Бәрі орынды. Тек бір өкініштісі, басылым бетінде жарияланған уәжге жеткілікті деңгейде көңіл аударыла бермейді. Егер Ақмола облысындағы өнер мен мәдениеттің тізгінін ұстап отырған басшылар ел тілегіне елеңдеп, құлақ асып жатса, әлдеқашан Наурыз тойы шын халықтық тойға айналған болар еді.
Ең алғаш Арқа төсінде, оның ішінде Көкшетау топырағында Нау-
рыз мерекесінің екінші тынысы ашылып, араға 62 жыл салып қалай тойланғаны күні бүгінгідей жадымызда. Өйткені, сол тойдың басы-қасында жүрдік. Жоғалып барып табылған ұлттық құндылығымыздың ұлағатын ұқтыруға, насихаттауға облыс орталығындағы ат төбеліндей өнер адамдары үлкен үлес қосты. Біз ол кезде осы мерекенің мерейін үстем ету үшін айтыс өткізуші едік. Жалғыз Наурыз тойына ғана емес, айтысқа да халықтың әбден шөліркеп қалған кезі ғой. Сол айтыс арқылы той тамашасын арттырып, мазмұнын байытуға ұмтылдық. Бұрынғы Көкшетау облысының барлық аудандарын, тіпті, шалғайдағы шағын елді мекендерді де аралап шықтық. Кеңес заманында ұлт мұратының тілегі кесіліп, халықтың көкірегінде сағыныш булығып тұнып тұрды ғой. Наурыз тойын тойлау сақылдап қайнаған қазанның қақпағын ашып жібергендей әсер етті. Көктемде қар күрт ерігенде сай саланың бәрі суға толып, дүрілдеп, дүркіреп ақпай ма. Міне, дәл сол сияқты, ұлтымыздың ғажайып салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жолын кескен тұсау-тосқауылдан арылып, дүр ете түсті.
– Жұмабай аға, мұның бәрі өткендегі шаруа. Расында да, алғашқы бетте жұрттың ынтасы жақсы еді, кейін біршама өңі қашып, шындығын айтқанда халықтың қызығушылығы төмендей бастады. Оған себеп, бұл жайында кім, не айтар еді?
Фархадбек ҚАНАФИН:
– Шынында да, Жұмабай ағам дұрыс айтып отыр. Алғашқы бетте қызығушылықтың күшті болғаны рас. Кейін сәл сылбыр тартты. Ендігі міндет  Наурыз мейрамын шынайы халықтық мерекеге айналдыру. Ол үшін тек ресми мерекені ұйымдастырушыларға ғана иек артып отырмауымыз керек. Әрбір ұлт болашағын ойлайтын, ұлтым дейтін азаматтар атсалысса, нұр үстіне нұр. Мәселен, 2015 жылы көкшетаулық кәсіпкер Ораз Ыдырысов жеке өзі ағайын-туыстарымен, қаладағы интеллегенция өкілдерімен кең ауқымды той өткізді. Бурабайдың баурайынан нар түйені алдырып, нар түйеге Қыдыр атаны мінгізіп, той барысында қаншама ұлттық салт-дәстүр көрсетіліп, қызғылықты ойындар ойнатылып, олардың мән-маңызы айтылып өткізілді. Танымдық, тағылымдық тұсы адам айтқысыз тамаша болды. Тіпті, қонақтарының бәрі дерлік ұлттық киім киіп келіпті. Бірақ, Ораздың бастамасын қолдап кететін кәсіпкерлер табылмады.
2014 жылы біздің театр жазушы Нұрғали Ораздың ертегісі желісімен қойылым дайындады. Әлгі қойылымды білім ошақтарында мектеп оқушыларының назарына ұсындық. Жақсы қабылдады. Негізгі желісі наурыз көжеге дайындауға қажетті дәмдер. Әр актер әлгі дәмдердің кейпінде. Оларға қарсы «Роллтон» кеспесінің дәмдерінің бейнесіндегі кейіпкерлер. Осылар өзара шиеленіске түсіп, шарпысады. Қойылым көрсетіліп жатқанда кіп-кішкентай балалар наурыздың дәмдеріне жандары ашып, айқайлап көмек көрсетіп, демеп отырды. Олар қойылымды көрушілер ғана емес, оқиғаның өзіне араласушылар болып кетті. Міне, осындай шығармаларды бүлдіршіндердің сәби санасына сіңіре беру керек. Сонда ғана олар ұлттық дәстүрлерді ұғып, ер жетеді.
– Әр жыл сайын орталық алаңда өткізілетін Наурыз мерекесіне көңілі толмайтындар аз емес. Осының себебі неде?
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ:
–Алғашқы қарқын жақсы еді. Жаңағы айтып отырғанымыздай, кейін бәсеңси бастады. Оның да бірнеше жанама себептері болуы мүмкін. Ең бастысы, қанша айтқанымызбен сол түрленген, жаңарған, жоғалып барып табылған ұлттық салт-дәстүрді жасөспірімдердің санасына сіңіре алмай жатырмыз. Егер шындап сіңіре алсақ, ол ешқашан өшпейтін дүниеге айналар еді. Мысалы, орыс халқында жаңа жылды екі рет тойлайды емес пе. Желтоқсанның 31-і күні түнде бір тойласа, кейін он үш күннен кейін ескі жаңа жыл деп тағы тойлайды. Ескі жаңа жылдары әлдеқашан өткен, бірақ, өздерінің жадында қалып қойған мерекесі. Міне, санаға сіңген соң өшуі оңай болмайтын нақты мысал.     
Бір кезде облыс орталығында Наурыз мерекесі жақсы өткізілді. Орталық көшенің басынан жар салып жаршылар, көне заманның көрінісіндей шалқар көш, көш бойы қаншама әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Ғажайып көріністер болатын. Жүйрік аттарға мінген жаршылар сүйіншілеп құйғытқанда бір жағынан жұртты жинаса екінші жағынан қалғып кеткен көкіректердегі ойды оятатын, тұла бойларына тебіреніс бітіретін. Айналып келгенде осының барлығы мерекенің мерейін үстем етуге бағытталатын.
Рас, кем-кетіктер болды. Оны да айта кетуіміз керек. Халықтың көңілін қалдырып алдық. Қаланың орталық алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігілетін. Бірақ, қарапайым жұртты табалдырығынан аттатпайтын. Бұл енді жаңалық емес, бұрын да талай айтылған. Бүгін тағы жараның орнын тырнап отырған себебім, осы бір келеңсіз көріністің жаны сірі болып, әлі күнге дейін келе жатқандығы. Айналдырған екі-үш басшының көңілін тапқанмен, Наурыз деп келген, жыл келді деп жарқылдап келген жамағаттың қаншасының көкірегінен итеріп, көңілін қалдырдық. Осыдан кейін адам жиналар ма, көргісі келер ме?
– Күні ертең халыққа қызмет ететін мәдениет мамандарын дайындап жатқан оқу орындары бар. Мысалы, Ақан сері атындағы мәдениет колледжі. Олар күні ертең ел-жұртқа жақсылап қызмет ету үшін ұлтымыздың төл мерекесі – Наурыз тойы тәрізді құндылықтарымызды дұрыстап өткізу үшін оқушы кезінен бастап тәрбиеленуге тиіс қой. Бұл ертеңді ойлау. Осы бағытта не істеліп жатыр?
Гүлнәр ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ:
– Қыр көрпесі сырғып, көкбелдерге қызғалдақтар шығып, Жер-ана ерекше түрге еніп, гүлденетін, күн мен түн теңелетін Наурыз мерекесін қазақ халқы ерекше ынтызарлықпен асыға күтіп, мейрамға аса бір ыждаһаттылықпен дайындалған. Себебі, Наурыз бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мейрамы. Қазақтың жыл басы. Біздің жаңа жылымыз. Қаһарлы қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, ұйқыдан оянып, жадырап, жасарып, жаңарып, күллі табиғат әлемі көгеріп, көктейтін шақ. Бұл тойлауға тұратын мереке. Қыстың қыспағынан құтылып, халқымыздың арқа-жарқа болып, тойлайтын үлкен мерекесі. Барлығы осыған жетсек, осы мерекені аман-есен тойласақ деп армандап жүреді. Шындығын айтқанда, Ұлыстың ұлы күніне емес, бізде желтоқсан айындағы жаңа жылға ерекше мән беріледі. Тіпті, бала-шағаға дейін асыға күтеді. Өкінішке орай, біздің қоғамда Наурыздың не екенін түсінбейтін адамдар бар. Тіптен, олардың Наурыз кімнің мерекесі екенін білмейтіндігіне күйінесің. Ұлық мейрам не үшін тойланады? Әйтеуір ырымы жасалып,  бес-алты киіз үй тігіліп, қой сойылып, Наурыз тойы атап өтіледі. Егер мейрамның не үшін тойланатынын білмесе, оның ешқандай мәнісі болмайды ғой.  Киіз үйдегі астан халық дәм татпайды. Егер жұртшылық ауыз тиіп, Наурыз-тілек айтпаса, Ұлыс күні берекелі бола ма? Біз колледжде мерекені тойлағанда оқу орнының дәлізіне ақ қанат киіз үй орнатып, ақ дастархан жа-
йып, ұлттық тағамдарды пісіріп, біздегі білім алушыларды лек-легімен шақырып, наурыз көжеден дәм татқызып, ойындар өткізіп, сән-салтанаты жарасқан мәнді мәдени шара ұйымдастырамыз. Биыл да жылдағы дәстүр бо-
йынша осы жиынға келмес бұрын мен өзім сабақ беретін оқушылармен осы Наурыз тойы бұқаралық сипат алуы үшін қандай шараларды қолға алу керек деген сұрақ қойдым балаларға. Сонда оқушылардың барлығы бірауыздан Наурыз мерекесінде бүлдіршіндерге Қыдыр атадан базарлық тарату керектігін баса айтты. Біз желтоқсандағы жаңа жыл мерекесінде тәтті-дәмділерді кішкентай балаларға тарту етеміз ғой, әдемі сыйлықтар әпереміз. Сондықтан да, олар сол жаңа жылды елегізіп тосады. Наурыз тойында да бір-бірімізге шамамыз келгенше сый-сияпат жасасақ, сөйтіп, үлкенді де, кішіні де қуантсақ жақсы болар еді.   
– Халықты, әсіресе, балаларды қалай қызықтырып, тартуға болады?
Асылбек ӘБЕНОВ:
– Жаңа Гүлнәр Әнуарбекқызы дұрыс айтып өтті. Қазақ, қуантсаң баланы қуант демей ме?! Мектепке дейінгі мекемелерде Нау-
рыз қарсаңында арнайы қоржын дайындап, балаларға тәттілермен қатар, құрт, малта салып жіберсек. Қоржынды да бала қызығарлықтай әдемі қылып әспеттеп, Қыдыр атаның, не болмаса көктемнің әуелгі жаршысы  қызғалдақтардың суретін салып тартымды етіп жасасақ. Сонда балалар жыл сайын Қыдыр атадан базарлық күтеді ғой. Ата-аналар да осы идеяны қолдап Қыдыр ата беріп жіберді деп  үйге базарлық ала барса қандай ғанибет.
Жалпы жасандылықты жан баласы жақсы қабылдай бермейді. Ал, бізде бұл мереке көбінесе жалаң ұран, жаттанды сценариймен өтетіні өтірік емес. Менің ойымша Наурыздың бұқаралық сипат ала алмауы да осыдан. Бір-ақ мысал. Орталықта өткізілетін спорттық ойындарды алып қарасаңыз, соны тамашалаймын дейтіндердің қарасы көп. Қол күресі болсын, иә болмаса балуандар белдескенде қаумалаған жанкүйерлер, иін тірескен халық. Орталықта өтіп жататын концерттерді тамашалайтындар да аз. Себебі, бағдарламаларда жаңашылдық жоқ, бәрі бір сарында өтеді. Тағы бір айта кеткім келгені, мереке қарсаңында әрбір жерде Нау-
рыз көже пісіріледі. Көжеден ауыз тисең дәмі әртүрлі болады. Бірі мейіз салса, енді бірі тары қосады дегендей.
– Осы уақытқа дейін орын алып келген кемшіліктерден қалай арылуға болар еді?
Фархадбек ҚАНАФИН:
– Қазір бізде қайталаушылық басым. Ұқсастық көп. Әр жыл сайын бір сарынды өткізіліп келе жатыр. Оның үстіне Наурыз мейрамы өзінің мән-мазмұнымен өзге ұлттарды қызықтырып тарта алмай жатыр. Осы арада шындықты қадап айтуымыз керек. Өзге ұлттар қызықпайды. Олар құрметпен қарау үшін ең алдымен форматын өзгерту керек шығар, мазмұнын, ұлттық калоритін байыту керек шығар.
Өткен жылы татар халқы Қазан қаласында он мың адамға ауызашар берді. Бодандықта жүрген ұлттың серпілісі. Ал, біз наурыз тойында он адамға Наурыз көжесінен тегін дәм татыра алмаймыз.
Әншейінде ұлтымыздың ұлттық тағамы өте бай дейміз. Бүгінде таңсық тағамға айналған сол тағамдарымыз Наурыз тойының дастарханына неге қойылмайды. Бұл бір жағынан тойдың берекесін арттырса, екінші жағынан ұлттық тағамдарды насихаттауға, көрсетуге, жұртты жақсылыққа жұмылдыруға септігін тигізбес пе еді.
– Осы орайда, ұтымды ой айтсаңыздар оң болар еді. Алдағы уақытта сіздердің ой-пікірлеріңізді ескеріп, көшіміз жүре түзелер.
Асылбек ӘБЕНОВ:
– Менің ойымша, үлкен тайқазанды орталық алаңға қойып, көжені баппен дайындай алатын сыйлы әжелерді таңдап алып, ұлттық тағамды бір жерде ғана пісірсе.  Және сол жерден әркім өзіне қажетінше алып, оны қаланың барлық аудандарына таратып, дәм татқызса. Сонымен қатар, әлгінде өзім тілге тиек еткен шынайылық дегеннен шығады. Ақшаңқан киіз үйлер тігіледі. Ішіне бай-бағландардан басқа ешкім аттап баспайды. Одан қарапайым халыққа тиер пайда шамалы. Одан да әрбір киіз үйде облыс тұрғындарының бірі құдалығын өткізсе, енді бірі, келін түсірсе, енді бір әулет баланың тұсауын кесіп мәре-сәре болып қуанып жатады емес пе? Шынайылық бар жерде көңіл де асқақ. Әлгінде Фархадбек бауырым жақсы айтты. Қала көшелеріне жаршы жіберіп, алақайлатып Наурыз келгенін жар салып сүйіншілеп хабарлау керек. Біз әлі тар шеңберден шыға алмай жүрміз. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды тиісті деңгейде дұрыс ұлықтай алмаймыз. Кеңес дәуірінің сойқан саясатының кесірінен Наурыз мейрамынан қол үзіп қалғанымыз шындық. Біздің нағыз жаңа жылымыз осы – Наурыз мейрамы болуы қажет.

 

 

ТҮЙІН: Мәдениет пен білім саласының майталмандары кездесу барысында көсіле һәм шешіле сөйледі. Көңілдеріндегі күпті мәселелерін де іркіп қалмады. Әз Наурыз мерекесін қайтсек жандандыра түссек, оның бұқаралық сипат алуына қалай үлес қосуға болады деген сұрақтар төңірегінде түрлі пікірлер айтылды. Солардың арасында мерекеде балаларға базарлық тарату, ұлылығымызды ұлықтайтын ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді барынша насихаттау, бұл күнді жалпы халықтық мейрамға айналдыру  сияқты ұсыныстар жерде қалмауы керек. Себебі, ұлылық пен сұлулық тұнып тұрған Әз Наурыздың өскелең ұрпаққа берер ұлағаты зор.
Әрбір шаңырақ шаттықтың шырайлы шуағына бөленіп, бақыт пен береке, ынтымақ пен ырыс салтанат құрып, баршамызға Ұлыстың ұлы мейрамы құтты болсын, ағайын!

 

Дөңгелек үстелді жүргізген
Ұлмекен ШАМЕНОВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар