Ақмола облысы Атбасар ауданында «AMANAT» партиясы Экологиялық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиында су тасқыны кезеңіне дайындық және гидротехникалық құрылыстардың жағдайын күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, облыстық Экология департаментінің басшысы Мағзұм Кукумбаев, Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов, Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Серік Исаханов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты. Кеңес жұмысы аясында бұған дейінгі жылдары еріген қар суынан айтарлықтай зардап шеккен Жабай өзенінің жағалауын аралап, Айдабол және Максимов су бөгеттерінің жағдайымен танысқан қатысушылар жиында нысандардың техникалық жағдайы, су өткізу мүмкіндігі және алдын алу шараларының орындалу барысы туралы сөз қоғады.
Бұл ретте Берген Беспалинов су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі әрі уақытылы жүргізілуге тиіс екенін жеткізді.
«Біздің басты міндетіміз — қауіпті аймақтарды дер кезінде анықтап, су тасқыны басталғанға дейін нақты әрі тиімді шаралар қабылдау. Тұрғындардың қауіпсіздігі — басты назарда», — деді ол.
Сондай-ақ ол алдын алу шаралары тек көктемгі кезеңмен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, жыл бойы гидротехникалық нысандардың жағдайын бақылауда ұстап, өзен арналары мен су өткізу жүйелерін тұрақты түрде тазалау, қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілуі қажет.
Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар, жауапты қызметтер мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту маңызды екені айтылды. Ерте ескерту жүйесін жетілдіру, халықты дер кезінде ақпараттандыру және эвакуациялық жоспарларды пысықтау да басты бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Берген Беспалиновтың сөзінше, су тасқынының салдарын азайту — тек мемлекеттік органдардың емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және жауапты қызметтердің талаптарына түсіністікпен қарауға шақырды.
Сонымен қатар, Экология департаментінің басшысы Мағзум Кукумбаев атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелілігі мен нысандардың қауіпсіздік шараларына тоқталды.
«Су бөгеттері мен жағалаулардың жағдайына, сондай-ақ жағалау аймақтарын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде гидротехникалық нысандарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, олардың техникалық жағдайы кезең-кезеңімен тексерілуде. Қажет болған жағдайда жөндеу және нығайту жұмыстары қолға алынады. Сонымен қатар жағалау аймақтарын абаттандыру, ағаш отырғызу және санитарлық тазалау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр», – деді ол.
Өз кезегінде Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай аудан аумағындағы Жабай өзенінде су деңгейін тиімді реттеу мақсатында шлюздік қондырғы орнату қажет екендігі атап өтті.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша былтыр су тасқынынан зардап шеккен үйлер бұзылғаннан кейін Жабай өзенінің жағалау аймақтарын абаттандыру және көгалдандыру мәселелері қаралды. Кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып, жауапты органдарға бірқатар ұсыныс жолдады.
Айгүл Үстембек
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының
баспасөз қызметінің меңгерушісі
![]()

