Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыр-ғұмыры нұрлы шуақ шашқандай, Сізді қалай жүреміз біз еске алмай?!. - АРҚА АЖАРЫ

Жыр-ғұмыры нұрлы шуақ шашқандай, Сізді қалай жүреміз біз еске алмай?!.

Қазақтың белгілі  ақыны
Жарасбай  Әнәсұлы Нұрқанов 1937 жылдың 22 наурызында Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Ленин орта мектебін алтын медальмен бітіргеннен кейін 1955 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология  факультетіне оқуға түсіп, оны да үздік тәмамдап шығады.

Алғашқы еңбек жолын өзі оқыған  мектепте мұғалімдіктен бастаған ол одан әрі Тың өлкелік «Тың өлкесі» газетінде әдеби қызметкер, Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, «Өнер», «Жазушы» баспаларында аға редактор болып жемісті қызмет атқарады.  Ал, 1987 жылдан бастап қашан 2011 жылдың 31 мамырында  бұл дүниеден өткенше бірыңғай шығармашылықпен айналысады.
Әр жылдары ақынның қаламынан туған «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», тағы басқа жыр жинақтары кезінде оқырман қауым мен сыншылар тарапынан лайықты бағасын алды. Оның балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» басылымдарында үзбей жарияланып тұрды. Ақынның өзі қайтыс болғаннан кейін жан жары Қазина Нұрқанованың құрастыруымен «Қызылжар», «Көкжиек» кітаптары жарық көрді. Ақын өлеңдеріне көптеген белгілі композиторлар ән жазған. Олар таңдаулы қазақ әншілерінің орындауымен көпшілікке кеңінен танымал. Солардың ішінде  1937 жылғы  зұлматтың құрбандарына арналған «Ерте солған гүлдер» ән-реквиемі ерекше орын алады. Мұнымен бірге, ақынның өлеңдері орыс тіліне де аударылған.            

 

 

БЕУ, ТУҒАН ЖЕР

 

Туған жер, алыс кетсең, аңсатады,
Жұлдызын сағыныштың самсатады.
Жүрегің әлденеден шымырлайды,
Жол түсіп, туған жерге барсаң тағы.

Жаз өтіп, жас ұлғайып қалса дағы,
Көкірегім ән салудан шаршамады.
Көркіне туған жердің сүйсінгеннен,
Толғанып ақын көңіл тамсанады.

Жаз өтіп, жас ұлғайып қалса дағы,
Көңілім өз елімде алшаңдады.
Қадірі туған жердей қайдан болсын,
Меккеге үш қайтара барсаң дағы!!!

 

 

ЖЫРЛАРЫМ

 

Жырларым – табиғаттың сыйы маған,
Кеудеме тұнған, бірақ ұйымаған.
Жып-жылы жаңа сауған сүт секілді
Ақ күйі пәк параққа құйып алам.

Еркімше суытам да, қайнатам да,
Ішкізем өз атама, қайны атама.
Балмұздақ жегіземін жан жарыма,
Көңілін мейманымның жайласам да.

«Болсын – деп – ортақ ырыс, қазағыма» –
Құямын қоғамымның қазанына.
…Жырымды сүтке теңеу себебім сол:
Халқымның сүт – сусыны, тағамы да.

 

 

37 жылғы оқиға Жәкеңді мазалап жүрді.

 

Целиноградта 1979 жылы неміс автономиясын құрмақ болған тұстағы оқиғалар, одан келе 86 жылғы көтеріліс… бәрі-бәрі жүрегінде жүрді. Ата-анасынан, үлкендерден 37 жыл жайында, бір күнде бірнеше адамды «черный ворон» аталып кеткен қара машинаға мінгізіп әкеткенін талай естігенін айтып отыратын.
Халық жаулары атанған тұлғалардың шығармаларын іздеп тауып, Мағжанның өлеңдерін жасырып оқып жүрді.
Кейде қатты күйінгенде «37 жылы туғаныма ұяламын. Елдің бетке ұстар азаматтары бірінен соң бірі арамыздан біржола мәңгілікке аттанып жатқанда, іңгәлап өмірге келгеніме өкінемін» дейтін еді Жарасбай. Мен шамам келгенше жұбатуға тырысатынмын.
«Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады», демекші, кеудесін кернеген запыранды жыр арқылы шығарды. Кеудесіндегі мұңды халық мұңы деп білді. Кеңес өкіметінің кезінде оқырмандармен кездесулерге барғанда сол кездегі оқиғаларды қорықпастан айтып жүрді.
Тілге байланысты жазғандары да көп. Нағыз тіл жанашырларының бірі болды. 1975 жылы Целиноградта тұрған кезімізде республикалық семинар өтетін болып, Алматыдан Қасым Қайсенов бастаған бір топ ақын-жазушылар келді. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» мен «Коммунизм нұры» газеттерінде Жарасбайдың «Тіл ұстарту» деген өлеңі шығып, ақын да, газет басшылары да жоғары жақтан сөз естіп, у-шу болғаны бар.
Мағжанның өлеңдері республикалық басылымдарға шыға бастағанда, ақталғанда керемет толқыды. 1967 жылы Сейфуллиннің жұбайы Гүлбаһрам Батырбекқызы апаймен кездестік. Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» атты драмасы Целиноградтағы Горький атындағы орыс драма театрында қойылатын болды да, соған келген беті екен. Ақмолалық көрермендер бұл туындыны Тың игерушілер сарайында тамашалады. Әңгімеден алған әсеріміз көл-көсір, көптеген құпия жайттардың түп-төркініне қанығып, қатты қобалжыған болатынбыз.
50 жыл бірге ғұмыр кешіппіз. Бір-бірімізді барынша құрметтедік. Екі ұлымыз бар. Ержетті. Қызмет істеп жүр.
Жарасбайды тани білгеніме, бағалай білгеніме ризамын. Бұл күндері Жәкеннің туындылары ұмытылып қалмай, оқырманына жете берсе екен деген ниетпен ғұмыр кешіп жатырмын.

(Жары Қазина Сәдуақас-қызының естелігінен).

 

 

ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛДЕР

 

(1937 жыл)

 

Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Кінәсі жоқ жандар, кімдер кінә таққан,
Күнәсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан?
Аққа күйе жаққан, айтыңдаршы, кімдер,
Күрсінеді таулар, тұнжырайды көлдер.

Қайырмасы:

Отыз жетінші жыл,
Қасіретім бұл!
Тарқамайтын шер,
Айықпайтын мұң.
Гуілдейді жел,
Мүжілгендей тас.
Көңілімізде шер,
Көзімізде жас.

Өңкей асыл боздақ, болды-ау күні қараң,
Олар көрген азап  өлімнен де жаман.
Елін сүйген ердің жау атанған кезін,
Ей, қазағым менің, жан-тәніңмен сезін.
Қарауытып орман, қалың тоғай түнер,
Орнымыздан біздер тұрайықшы түгел.
Тағзым етіп тұрмын, қыбыр етпей, үнсіз,
Егілмейтін іштей, кім бар екен мұңсыз?

                    Қайырмасы.

Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Ерте солған гүлдер, аянышты бәрі,
Ең аяулы жандар, есте болсын мәңгі.
Аза күнгі зарым, азалы жыр, әнім,
Аруақтарға дұға, қабыл етсін Тәңірім!
                    Қайырмасы.

 

 

Соңғы сұхбат

 

2011 жылғы 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қазақ радиосы ақын Жарасбай Нұрқановтан сұхбат алған еді.

 

«Ерте солған гүлдер» әнінің тұсаукесері «Алжир» музейінде өткізіледі деп жоспарланған. Азалы жырдың авторы Жарасбай Нұрқановқа шақыру қағазын «Алжир» музейінің аға ғылыми қызметкері Жанбота Тасболатұлы үйіне әкеліп табыстаған-ды. Бірақ, оның осы іс-шараға қатысуын Алла тағала жазбаған екен. Тағдыр… Сол күні таңғы сағат 7-ге бес минут қалғанда көз жұмды.
Қазақ радиосының журналисі Мұқат Қожахметұлы 31 мамыр күні ақын Жарасбай Нұрқановтың қайтыс болғанын естісімен, хабарды «Соңғы сұхбат» деп атап, радио тыңдаушыларға ақынның өмірден өткендігін әуе толқынынан естіртеді. Сол сұхбат мәтіні төмендегідей:
Тілші:  Жарасбай аға, қазақ радиосында «Асыл қазына» деген хабар бар. Мен соны жүргіземін. Бұл хабардың мақсаты әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыз бен салт-дәстүрлеріміздің өткен-кеткен кездегі жауһарларын, жетістіктерін ел ішінде насихаттау. Сіз өзіңіз кезінде республика деңгейінде қызмет істедіңіз, көптеген үлкен адамдармен араластыңыз, дәмдес болдыңыз. Көпті көрген, көп нәрсені көңілге түйген ақынсыз. Шығармаларыңыздың басым көпшілігі ана тілімізге, туған жерге, халқымыздың тарихында ерекше бір қиын кезең болған 37 жылға арналған екен.  Жалпы өзіңіздің творчествоңыз жайлы айтып берсеңіз.
Жарасбай Нұрқанов: «Ақынның көркі – өлеңі деген» мәтел бар ғой. Мен мектепті алтын медальға бітіріп, Қазақ университетіне келіп оқуға түскенімде, осында «Жас қалам» деген қабырға газеті шығады екен. Сонда  менің алғаш «Жартас» деген өлеңім жарық көрді.
Тынымсыз түртіп қужалап,
Толқынды толқын қуады.
Жартастың жүзін су жалап,
Тозаңын, татын жуады.
Сонда да жартас өкпелі,
Сазарып мойнын бұрмайды.
Аумалы да төкпелі,
Толқын қайтпай тұрмайды.
Соны оқыған Қадыр Мырзалиев қолымды қысты. Ең алғашқы жарық көрген өлеңім. Қадырдың қолымды қатты қысуы әлі есімде. Мені Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке Мұзафар Әлімбаев, Еркеш ИбраҺим, Сағи Жиенбаев ұсынып еді. Үшеуі де: «Жарасбай Нұрқанов аз жазады, аз жазса да саз жазады» деп көрсетті. Мен осыны айрықша мақтан көріп, өлеңді боратып көп жаза беруден тартындым. Содан болар, жинақтарым көп шыққан жоқ,бірақ,  әр жылдары жарық көрген жыр жинақтарым баршылық. Мақтанғаным емес, қолымнан шыққан жыр жолдары жауһардай жарқырап тұрушы еді. Соған тәуба деймін.
Туған жер, өскен елін ақындар жырламай тұра алмайды ғой. Жайқалған егін, алтын астық, саулаған дән – аумаған ән. Айта берсек, осылай кете береді. Мен өзім өмірдің көлеңкесін емес, күңгейін көруге, соны жырлауға ұмтылдым. Бүкіл өмірімнің алтын діңгегі сол секілді. Өмір даңғыл жол емес. Оның да олқылықтары, сорақылықтары кездеседі. Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына екі томдығы шықты ғой, алда 100 жылдығы бар. Мен де Қасымның кітабындай бір жинағым шықса деп армандаймын. Менің де біраз жылда жазған өлеңдерім бар ғой. Мен де өмірмен қоштасу белгісі болып қалатын жинағым жарық көрсе деп армандаған адаммын.
Тілші: Өмір қандай өкінішке толы десейші. Дәл осы хабарды Жарасбай ағамыз өз құлағымен естуге сондай ынтызар болып еді. Егер ажал ертемен келіп, есік қақпай тұра тұрғанда, өз даусын радиодан естіп, бір жасап қалар еді. Әттең, дүние… Бірақ, таусылып сөйлейтіндей Жарасбай ақын бақытсыз адам болмады. Артында шаңырағын шайқалтпай, түтінін түтетер ұрпақтары қалды. Әке, ата атанды. «Ақынның өзі өлсе де, сөзі өлмейді» деген. Еліне, ұрпағына арнаған жауһар жырлары қалды. Халқына қалтқысыз қызмет атқарған қадірлі азамат болды. Дүниеден сол қадір-қасиетін жоғалтпаған қалпында озды. Әрбірден соң адамға керегі де осы емес пе? Марқұмның жатқан жері жайлы, алды жарық болсын.
(Сұхбат ықшамдалып беріліп отыр).

 

 

Ақын туралы замандастарының толғанысы

 

Герольд БЕЛЬГЕР,  жазушы, Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты:

 

Жарасбай дүниеден озды деген суық хабарды маған Берік Шаханов жеткізді.
… Есеңгіреп қалдым.
Ауылдарымыз көрші болатын. Атасы Нұрқанды жақсы көруші едім. Мені Кира дейтін. Соғыс кезінде поштабай болды. Менің шығармаларымның кейіпкері.
Жарасбайдың әкесі Әнәс пен менің әкем Карл – әзіл-қалжыңдары жарасқан құрдас болатын. Жарасбай екеуміз бір мектептің түлегіміз. Менен екі сынып кейін оқыды. Жасынан сахна өнеріне, ақындыққа бейім болды. Әттең, неге екенін білмеймін, бағы ашылмады. Талантының көп қырын көрсете алмай кетті. Тағдыр ғой…
Маған арнаған бір өлеңінде «Бір мектепте оқыдық деп мақтанам», – деген жолы бар. Мен де онымен мақтанамын.
Енді міне… «аяғы дүниенің ырың-жырың». Мені Герольд емес, Гера дейтін тағы бір дос-інімнен айырылып, жылап отырған жайым бар.

(«Парасат» журналы, №9, 2012 жыл, «Күнделік беттерінен»).

 

 

Амантай КӘкен, журналист-жазушы:

 

Жарасбай бұрқыратып көп жаза бермейтін. Аз жазатын, сапалы жазатын. Менің байқауымша, көңілі түссе өлеңді қолма-қол шығарудан шегіншектемейтін. Сол сияқты, демалыс уақытында, не қонақта отырғанда аяқ астынан бір-екі өлеңді құрастырып жіберетін.
Мен Мәскеуде оқып жүргенде елге келгенде көбінесе Октябрь Әлібеков, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мәди Хасенов, Жарасбай Нұрқановтар бір-біріміздің үйімізде бас қосатынбыз. Сондай бір жиында Жарасбай біздің көзімізше «Достарға» деген өлеңін жазып, қолыма ұстата берді.
(«Сәкен тағылымы»  кітабының «Тарихты тұлғалар танытпақ» бөлімінен).

 

 

Нұрғожа ОРАЗ,
көрнекті ақын:

 

Бойына біткен өзіндік дарынымен «Қара көздер» атты өлеңдер жинағынан бастап бірнеше поэзиялық туындыларын қазақ әдебиеті қорына қалдырды.
Кезіндегі «Ленин  туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақ-
стан») газетінде өмір-
танымды өлеңдері жарық көре бастағаннан біз жас ақынның өзіндік өлең өрімі бар поэзиясына елең еткен едік.
Біз сол тұстағы Ақмола қаласында шығармашылық жолында еңбек еткен аз ғана топ жақындасып, дос-туыстай араласып кетіп едік. Жарасбай дос-жолдастарының арасында ақжарқын, әзілқой болатын. Сол жастық шағымызда ойын-күлкілі ортада мәз болысып жататын едік.
Тек Алматыға қызметке ауысқаннан кейін ғана сирек кездесетін болдық. Бәрібір сол қысқа кездесуіміздің өзі әзіл мен қуанышқа бөленіп жататын. Астанаға көшіп келгенде іргеміз кеңіп, қуанысып қалып едік, амал бар ма, мезгілсіз кезеңде айырылып қалдық.

(«Қазақ әдебиеті», 3 маусым, 2011 жыл).

 

 

Қалам  үшін  туған  жан

 

Елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі, құстың қанатын талдырған, тұлпардың тұяғын тоздырған кең-байтақ Қызылжар топырағы – алуан-алуан жүйріктердің қадамына қуат, қиялына қанат байлаған қасиетті өңір. Бұл өлкеден талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, батырлар, ақын-жыраулар шыққан. Десек те біздің өңірден түлеп ұшып, қанаты қатайған шағында бүкіл елге танылып, туған топырағының даңқын асқақтатқандардың қарасы онша қалың емес. Шоқ жұлдыздай жарқыраған осы шоғырда ақын Жарасбай Нұрқанов та бар. Ол көзі тірісінде оқырмандарға «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», «Буынсыз бала» және тағы басқа да жыр жинақтарын сыйлады. Ақын ағамыздың артына қалдырған мұрасы да соншалықты мол екен. Бертінде ақынның жары Қазина жеңгеміздің құрастыруымен жарық көрген «Қызылжар», «Көкжиек» жинақтары осыны айғақтайды.
Шалғайдағы шағын ауылда өмір есігін ашып, қызмет баспалдақтарымен астана төріне көтерілген, қаламгерлік қарымымен бүкіл елге танылған Жарасбай Әнәсұлының жүріп өткен жолы тағылымды. Оның орта мектепті «Алтын медальмен» тәмамдап, «Мұхтар Әуезов лекция оқиды екен» дегенді естіп, құжаттарын Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне тапсыруының өзі болайын деп тұрған баланың ісі емес пе?!
Өзінің айтуына қарағанда, Жарасбай ағамызға ақындық анасының ақ сүтімен дарыған. Тағдырдың жазуымен анасынан 4-5 жасында жетім қалған ол атасы мен әжесінің бауырында өсіп, жасынан зерек болып, тырнақалды өлеңдерін мектеп қабырғасында жүргенде жаза бастайды. Ал, студент кезінде «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде өлеңдері үзбей жарияланып тұрғанын білеміз.
Менің Жәкеңнің шығар-
машылығымен таныстығым сол жылдары басталған еді. Мектепте оқып жүрсем де, газет-журналға құмар болдым. «Лениншіл жас», «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан»), «Қазақстан пионері» газеттері қолыма тигенше тағат таппайтынмын. Басында оның жырларына назар аударуыма екеуміздің аттас болғанымыз да әсер еткен шығар-ау. Кейін Мұқағали ақын шекпен жауып қайтарған қазақтың қара өлеңіндей қарапайым да ырғақты, көркем бояулары қою жырлары теңеулерінің әсемдігімен, ұйқастарының шеберлігімен ерекше баурады.
Иә, өмір жолы оны адастырған жоқ. Өзі журналистерге берген бір сұхбатында айтқандай, Мұхтар Әуезов сияқты ғұламамен араласу бақытына ие болды. «Ақындық талабың мен талантың бар екен. Көп оқы, өмірді таны, сонда ғана жақсы ақын боласың» деген ұлы жазушының ұлағатын өмір бойы жадынан шығарған емес. Университетті үздік бітірді. Жанашыр ұстаздары «Алматыда қал, ғылыммен айналыс» деп ақыл қосқанмен, туған ауылына оралып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Алайда, қалам үшін туған жан шығармашылықпен айналысуды ұмытқан жоқ. Осылай «Әдебиет – ардың ісі», – деп ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқан ұлағатты ұғым жаны нәзік, жүрегі таза Жарасбай Әнәсұлының өнегелі өмірінің өзегіне айналды. Ол қандай қызметте жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеді, жүрек таңдауын өзге салаға айырбастай алмады. «Мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын». Бұл – Жәкеңнің өз сөзі. Осы ойды белгілі қаламгер, облыстық «Коммунизм нұры» газетінде істеген жылдары Жәкеңмен бір кабинетте отырған Амантай Кәкен де дәттейді. Ол өзінің естеліктерінде: «Жарасбай материалдарды бұрқыратып көп жаза бермейтін. Аз жазатын, сапалы жазатын», – дейді.
Жырлары оны жаңа биіктерге жетеледі. Сөйтіп, ол 1965 жылы Тың өлкесі құрылғаннан кейін белгілі қаламгер Сафаржан Хайдаровтың шақыруымен «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналасып, журналистер қатарына қосылды. Оның әр алуан тақырыпта жазған мақалалары жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның аражігін ажыратып, салмақты сөздің саралануы-
на, әділдіктің үстем құруына салған даңғыл жолдай еді. Көп жылдар облыстық басылымда, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде журналистік қызмет атқарды. Атқара жүріп, қаламынан адам таңдай қағатын тың дүниелер, мәйекті мақалалар тудыра білді. 1981 жылдан бастап баспагерлікке ауысып, «Өнер» және «Жазушы» баспаларында аға редактор болды.
Оның публицистикалық шығармалары, очерктері мен суреттемелері, арнау, дастандары мен толғаулары, әзіл-сықақ шымшымалары және де балаларға арнап жазған туындылары да талғамы биік оқырманның көңілінен шыққанын айту ләзім.
Біз Жәкеңмен бертін кездестік. Мен ол кезде Қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі едім. Елге келген бір сапарында туған ауылы Көктерекке жолсерік болып бірге барудың сәті түсті. Көп әңгімелестік. Сыртта жүрсе де, туған өңіріндегі жағдайға қанық екен. Содан кейін біз жиі болмаса да хабарласып тұрдық. Ол кісі хат жазатын. Әлі есімде қазақ тіліндегі тұңғыш қалалық басылым – «Қызылжар нұры» газетінің алғашқы саны жарық көргенде қуанып, бұл да тіліміздің бағының жанғаны деп жырдан шашу шашқан еді. Тіл демекші, Жәкең туған тіліміздің нағыз жанашыры еді. Сол тілдің жайын айтамын деп билікке ұнамай қалған кезі де болған. Амантай ағамыз өзінің естелігінде облыстық газетте жарияланған «Тіл ұстарту» деген өлеңінің біраз дүрбелең туғызғанын жазады. Сонда билікке ұнамаған мына жолдар екен:
Балам еркін білмейді бабам тілін,
Нансаң, соған жүрегім тілім-тілім.
«Әке» деуге аузы қиналғанда, Ұнатпай да қаламын ұлым түрін.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында ақын Жарасбай Нұрқановтың «Нұрлы терезе» деген жинағы жарық көрді. Алақандай ғана кітап, бірақ, іші жылы жырға, нұрлы сырға толы. Сол кітапқа талдау жасаймын деп біраз қиналғаным да есімде.
2012 жылдың 25 қаңтары күні Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешенінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Азаттықтың азапты жолы» атты көрменің және «37 жыл. Ерте солған гүлдер» бейне-баянының, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «ALASH – ALZHIR» екі томдық кітабының тұсаукесерлері өтті. Осы шараға алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп сияқты ашаршылық пен қуғын-cүргін тақырыбын қаузап жүрген басқа да белгілі ғалым-жазушылармен бірге мен де шақырылдым.
Осы шараның ең әсерлі сәті Жарасбай Нұрқановтың сөзіне композитор Ерсайын Нарымбаев жазған «37 жыл. Ерте солған гүлдер» әнінің тұсаукесері болды десем, артық айтқаным емес. Ән әуені жиналғандарды бірден өзіне еліктіріп, қатты толқытты, тебірентті. «Ерте солған гүлдер» 37-ші жылдың қасіретке толы дүрбелеңінде құрбан болған Алаш азаматтарының рухына арналған құнды дүние. Ақын Жарасбай Нұрқанов сол тарихи кезеңді тұла бойынан өткізіп, жүрегімен сезінген, жан ұшырған сәбилер мен қан жылаған аналардың көз жасын шынайы бейнелей білген. Сол кездегі әр адамның көңіліндегі айықпайтын мұң мен шерге толы күйін дөп басқан.
Осы кездесуде Жәкеңді мен жаңа бір қырынан танығандай болдым. Бұл шығарма ақынның бүкіл болмыс-бітімінің, өмірлік ұстанымының айнасы іспетті. Жүректен шымырлап шыққан сөз жүрекке жетті.
Бізде ақын көп. Бірақ, солардың бәрінің жырлары халық айтып жүретін әндерге айналмайды. Ал, Жәкеңнің «Туған аймақ» өлеңіне белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов ән жазған. Бұл ән халыққа Роза Рымбаеваның орындауында жетті. Кейін Жарасбай Нұрқанның өлеңдеріне Еркеғали Рахмадиев, Кенжебек Күмісбеков, Әшірхан Телғозиев, Алмабек Мейірбеков, Қадыр Адамбалинов, Жоламан Тұрсынбаев, Қасен Қожа-Ахмет, Гүлмайдан Сүндетова, Ақынай Шомытов, Болат Құсайынов, Қалқаман Жүнісбеков ән жазды.
Жаңа ғасырдың он бірінші жылында мәңгілік сапарға аттанған оның артында өлмейтін сөзі, гауһардай жарқыраған өлең-жырлары, асыл сөздері қалды. Халқының ыстық ықыласына бөленген ақын Жарасбай Нұрқановтың жырлары оқырманымен бірге жасай беретініне сенімім мол.
 
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының
директоры.

Суретте: солдан  оңға қарай екінші тұрған жас ақын
 Жарасбай Нұрқанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар