Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Наурыз – думан, наурыз –той!.. - АРҚА АЖАРЫ

Наурыз – думан, наурыз –той!..

Арқаның ақ таңымен ілесіп, Наурыз мейрамы күні ақмолалықтар облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңына қарай ағылды. «Мереке құтты болсын! Елімізге құт-береке дарысын!», – деп бір-біріне ақжарма тілектерін арнаған қала тұрғындары мен меймандары алаңға көп жиналды. Салтанатты шараға облыс әкімі Мәлік  Мырзалин қатысып, жиналған жұртшылыққа ақ тілегін арнады.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі жұртшылықпен емен-жарқын жүздесіп, халыққа ізгі тілегін білдірді.  
– Наурыз – халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басына санаған жасампаз бірлік пен береке мейрамы. Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халқымыздың дана сөзі бар. Ауызбірліктің арқасында біздің ырысымыз өсіп, ел болып отырмыз. Баршаңызды осы ұлағатты мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз, Елбасымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді ол өз сөзінде.
Әкімнің жылы лебізді құттықтауы жиналғандарды қанаттандыра түсті.  Бір шаңырақ астында ұйысқан әртүрлі  ұлт пен ұлыстың өкілдері бірліктің туын биік ұстап, Тәуелсіздік алаңында шаттықтың шуақты нұрын себезгілетіп, шұғылалы биден шашу шашты. Айта кету керек, мерекелік шарада қазақ, орыс, корей, поляк, татар, ингуш, еврей, дағыстан және тағы басқа ұлт өкілдерінің әуезді әндері мен ұлттық билері орындалды. Ақмола облысының өнерпаздарының орындауындағы халықтың әуезді әндері де құлақтың құрышын қандырып, күмбірлі күйлер жүрек пернесін шертті.
Қаз-қатар тігілген  ақшаңқан киіз үйлер маңында осы сәтте қара қазандар сарқ-сұрқ қайнап, астау-астау ет, бал дәмді бауырсақтар  пісіріліп жатты. «Қазақстан темір жолы» АҚ Ақмола бөлімшесі тіккен киіз үйдің жанында саятшы Қанат Шүленбаевтың қос бүркіті мен тазысының жанында естелікке фотоға түсемін дегендер көптеп жиналды.
– Мен мерекеге сонау Еңбекшілдер ауданынан арнайы келдім. Ондағы ойым Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесін барша қауыммен бірге атап өту. Себебі, бұл мейрамға ежелден қазақ халқы ерекше құрметпен қараған. Саятшылықпен 20 жасымнан бері айналысамын. Ата-бабадан аманат болған осы өнерге қылау түсірмеу басты мақсатым, – дейді Қанат ағынан жарылып.
Орталық алаңда «Наурыз сән-салтанат, ұлттық рух!» деп аталған театрландырылған көрініс көрсетілді. Көктемнің қытымыр суығына, өңмеңінен өтетін өкпек желіне қарамастан, ән ырғағымен жарасымды билеген жастарды көріп, шын тәнті боласың. Балалар асық ойнап, салтанатқа сән берсе,  спорттық ойындар түр-түрі думан көрігін қыздырды. Ақ жаулық киген әжелер, ұлттық киім киген қыздар көпшілікке бауырсақ ұсынып, наурыз көжеден ауыз тигізіп жатты. Ақмола облыстық  жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен биыл алғашқы рет Қымыз фестивалі өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Наурыз мейрамына 200 келі бауырсақ пісіріліп, 50 литр қымыз сатып алыныпты. Осы жерде қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарына байланыс-ты викториналар өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар тарту етілсе, думанға келген көпшілік ақтан ауыз тиді.  
Сауда-саттық та қыза түсті. Облысымыздың қолөнер шеберлерінің көзтартар бұйымдарын қала жұртшылығы аса бір қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе, бұл күні қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген қалта, тойбастар тағы басқа көздің жауын алатын заттар сұранысқа ие болды.  Қолөнер шебері Әдеміау Рахимова мен Жібек Қайырбекованың епсекті қолдарынан шыққан қалталар қандай әдемі десеңізші! Ұлттық брендті сатып аламын дейтіндер де көптеп табылды.
–Бүгінгі салтанатты шара өте жақсы ұйымдастырылған. Біздің облыстың өнерпаздары шетінен мықты. Ән десең – ән, күй десең – күй, би десең – биі қандай! Қолөнер шеберлерінің бармағынан бал тамған. Жиналған халықтың да көңіл-күйі керемет. Қазіргі таңда Наурыз мерекесі халықаралық мерекеге айналды. Бұл қазақтың жаңа жылы. Ежелден халқымыз мал көкке, халықтың аузы сүтке жариды деп ерекше қуанған.  Мың шүкір, еліміздің әл-ауқаты артып, мәдениеті нығайып, халқымыз ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатыр. Елбасымыздың халыққа жасап отырған қамқорлығы баянды болсын. Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін! Осының барлығы елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің арқасы. Халық Елбасының сындарлы саясатын әркез қолдайды. Еліміз тыныш, халқымыз аман, іргеміз берік болсын, – деп «Қарулы Күштердің ардагерлері» Ақмола облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Мұса Елеусізов ізгі тілегін білдірді.
 Қыс көрпесі сырғып, Жер-ана бусанып түрленген тұста, ұйқыдан жаңа оянған қызғалдақтар қыратқа сән берсе, Көкшенің көгінде әуелеген ән шалқып, Наурыз думаны дүркіреді. Ақмолалықтар ұлттық мейрамды көтеріңкі көңіл-күймен, алдағы күндерге үкілі үмітпен, ізгі тілекпен осылайша  қарсы алды. Мереке облыс орталығындағы көпшілік жиналатын орындарда лайықты жалғасын тауып, ел қуанышын еселей түсті.

Наурыз  мейрамына арналған осындай мерекелік іс-шаралар облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында болып өтті.

Сондай өңірлердің бірі – Есіл ауданының ен алқабына да елжірей күліп, ентелей басып жаңа жыл келді. Жаңа жылдың жаңа парағы бірлікті бекемдеген, берекені еселеген той-думанмен басталды.
Аудан орталығында ұйымдастырылған мерекелік шара жергілікті көркемөнерпаздардың орындауындағы «Көктемнің тууы» атты тарихи театрландырылған қойылыммен басталды. Қыдыр ата ақ батасын берсе, Жер-ана тіршілікке жан бітірді. Селолық округтер тіккен алты киіз үйде мерекелік шараға жиналғандардың барлығына тойдың бас-ты тағамы наурыз көже мен бауырсақ тегін үлестірілді. Олардың арасында Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жауынгер-интернационалистер, көп балалы аналар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Ал, сауда нүктелерінде ұлттық тағамдар мен сусындар кеңінен сатылды. Сонымен қатар, ұлттық спорт ойындары да қызықты өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Аманбек Қалжанов құттықтау сөз сөйледі.
– Наурыз – жыл басы. Біз үшін бұл мереке – жаңару мен жасампаздықтың бас-тауы, ырыс пен берекенің арқауы. Наурыз – тіршілік атаулы қайта түлеп, құлпыратын кезең. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз Әз-Наурызбен біте қайнасқан, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Осы күні жастар ресурстық орталығының қолдауымен қайырымдылық акциясы өтіп, одан түскен қаржы Астана қаласының тұрғыны Айкүнім Сайлауға берілді. Ал, мектеп оқушылары «Қазақстан – ортақ жанұямыз» атты флеш-моб ұйымдастырды. Астанадан келген әнші Жаңабай Өтегенов, аудандық мәдениет үйінің әншілері мен көркемөнерпаздар ұжымдары мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күмбірлеген күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көпшілік көңілін шалқыта түсті.

Ұлмекен Шаменова,
Аслан ОСПАНОВ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ пен Владислав Холин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар