Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек.
Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», – деп ерекше атап өткен болатын. Расында да, ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаралуы орынды. Сондай-ақ, мұның өзі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Жақында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Елбасы облыс басшылығына агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы нақты тапсырмалар берді. Ежелден аграрлы аймақ саналатын Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары. Бұған облыстың соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласының дамуы бойынша республикада алдыңғы лектен көрінуі айқын дәлел. Салаға Үкімет тарапынан қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың көмегі зор деуге әбден болады. Облыста егіншілікпен бірге мал шаруашылығы қатар дамуда. Қазір барлық күш көктемгі егіс жұмыстарына бағытталуда.
Жалпы, биыл қардың жылдағыдан көп түсуін ақмолалық диқандар жақсы ырымға балап отыр. Диқандар «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы естеріне мықтап ұстап, көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірлікпен келуді мақсат тұтуда. Биыл облыс шаруашылықтары 4,7 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын егуді жоспарласа, оның 220,3 мың гектарын майлы дақылдар құрап отыр. Соңғы жылдарда шаруашылықтар егінді әртараптандыруға жете көңіл бөле бастады. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын таппақшы. Сонымен бірге, картоп, көкөніс егістігінің көлемі де өткен жылдармен салыстырғанда біршама арта түсті. Биыл 18,4 мың гектар алқапқа картоп, 4,3 мың гектар алқапқа көкөніс отырғызылады. Оған қоса, 588,7 мың гектар жерге мал азығы дақылдарын себу де жоспарлануда.
Егістің шығымдылығы тұқымның сапасына байланыс-ты екендігін жақсы түсінетін диқандар тұқым дайындауға өткен жылдың күзінен бастап кірісті. Көктемгі егіске қажетті 522,2 мың тонна мөлшерінде тұқым қоры бар. Қазіргі күнге дейін бұл тұқымның 95 пайызы зертханалық тексеруден өткізілді. Оның ішінде 85,2 пайызы І және ІІ класты құрап отыр. Жалпы алғанда, тұқым дайындау жұмыстарының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 17 мың тұқым сепкіш агрегат шығарылатын болса, оның 1145-сі өнімділігі жоғары шетелдік тұқым себетін кешендер. Соңғы жылдары облыс шаруашылықтары техника паркін де біршама жаңартып алды.
Бүгінгі күнге дейінгі мәлімет бойынша көктемгі егіс науқанына қатысатын техникаларды дайындау 91 пайыз деңгейінде болып отыр. Тұқым себетін сеялкалар мен кешендер, тракторлар, культиваторлар науқанға дейін толық әзірленеді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 79,2 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна бензин және 4,6 мың тонна дизель майы қажет. Қазір 17,9 мың тонна дизель отыны, 1 мың тонна бензин және 0,7 мың тонна дизель майы бар. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігімен жанар-жағармайды жеткізу тетігі жасалып, нәтижесінде облысымызға биыл 65 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Бұл көктемгі егіс кезінде жанар-жағармай қажеттілігін толығымен жауып, тұқым себу жұмыстарын ойдағыдай өткізуге септігін тигізетін болады.
Биылғы жылы облыс диқандары дән себу жұмыстарын А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының ұсынысы бойынша жүргізбек. Өйткені, былтырғы жылы осы орталық ғалымдарының ұсынысы бойынша дән сіңірген Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы», Сандықтау ауданындағы «Свободное» және Астрахан ауданындағы «Фермер 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Аршалы ауданындағы «Ижевск» өндірістік кооперативінің егіндері ауа райының қолайсыз болуына қарамастан бітік шықты. Сонымен қатар, биылдан бастап өңірдегі агроқұрылымдарға шетелдік гербицидтер мен тыңайтқыштар сатып алу үшін қаржы жағынан көмек көрсетілмекші. Биылғы жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, егіс кезінде 0,6 миллион гектар алқапты 27 мың тонна минералдық тыңайтқышпен өңдеу межеленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама толымды көрсеткіш. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 42 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алу үшін келісім-шартқа отырды. Оның 10,4 мың тоннасының құны төленіп, 5 мың тоннасы зауыттан тасымалданып алынды. Көктемде 300 мың гектар алқапқа 13,5 мың тонна тыңайтқыш төгіледі. Ал, субсидияға келетін болсақ, биылғы жылы мемлекет өңірдің егіншілік саласын дамытуға 10,7 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Оның 582,5 миллион теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға, 8,5 миллиард теңгесі гербицид сатып алу құнын субсидиялауға, 1,6 миллиард теңгесі минералдық тыңайтқышты субсидиялауға бағытталған.
Тоқетері, облыс шаруаларының тас-түйін дайындығы мен ұйымдастыру шараларының тиісті деңгейде болуының арқасында көктемгі дала жұмыстарының уақытылы өткізілетініне сенім мол. Ол үшін қажетті шаралардың бәрі де қарастырылып жатыр.
Димаш ТАЛАСБАЕВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы басшысының орынбасары.