Отан оттан да ыстық! Осы сөз жастар ойында жүрсін.

ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында әскерге шақырылған ақмолалық жастарды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Отансүйгіштік пен жауапкершілікті және әскери қырағылықты нығайтатын маңызды іс-шараға болашақ сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ, қоғамдық жұртшылық  өкілдері қатысты.

– Отанды және өз халқын қорғау қай уақытта да абыройлы іс әрі қасиетті борыш саналған және саналып келеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік шекараны қорғайтынын білесіздер. Соның арқасында біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, тәуелсіз мемлекет ретінде ілгері басып, ашық, бейбіт аспан астында еңбек етіп, осы елдің болашағы – жас ұрпақты өсіре аламыз. Әскери қызмет – бұл бүгінгі жас буынның аға буын салған даңқты жолын жалғайтын тәртіп пен патриотизм мектебі. Ақмолалық жастар әрдайым осы дәстүрге сай болып, әскер қатарында лайықты қызмет етіңіздер, сөйтіп, туған жерге аман-есен, абыройлы оралыңыздар, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өз сөзінде.

Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Марғұлан Шағиев пен «Ауғанстан соғысының мүгедектері мен ардагерлері одағы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ыбырай Дуанбай өз сөздерінде Отан алдындағы борышын өтеушілерге әскери қызметтің мінез-құлықты қалыптастыруда және шыңдала түсуде маңызы зор екендігін айтып жеткізді.

– Біздің облыс көктемгі әскерге шақыру науқаны бойынша өзімізге жүктелген жоспарды алғашқылардың бірі болып орындады. Бүгін Отан қорғауға аттанғалы отырған 50 болашақ сарбаздың ішінен 40 шақырылушыны десанттық-шабуыл әскерлеріне және он шақырылушыны Қонаев қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке аттандырып жатырмыз. Көптеген жігіттер Қарулы Күштердің элиталық бөлімдеріне іріктеу жүріп жатқанын естіп, бізге шақыртуды күтпей-ақ, өз еріктерімен келді, – деді Марғұлан Шағиев.

Салтанатты рәсімде болашақ жауынгерлерге облыс әкімдігі тарапынан әскери жиынтықтары бар сыйлықтар табыс етілді.

– Мен 23 жастамын, жоғары білімім бар, бүгін әскерге бара жатырмын. Онда жауапкершілікпен қызмет етіп, Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге дайынмын, – дейді шақырылушы Елнұр Брән.

Сонымен бірге, бұл күні өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікке баулуда тер төгіп жүрген бірқатар ақмолалықтар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің шақыру және әскерден тыс жұмыс қызметінің бастығы Наталья Эрбис, әскерден тыс жұмыс және келісім-шарт бойынша әскери қызметке іріктеу тобының маманы Алмас Уәлиев, аға маман Қайдар Әскербеков және облыстық департаменттің мұрағатшысы Салтанат Әбутәліповаға Алғыс хаттар табыс етілді.

Жастарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі мазмұнды концерттік бағдарламамен аяқталды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар