Ерекше балалар ерекше көзқарасты қажет етеді

Инклюзивті білім

Соңғы жылдары облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтік бейімдеу бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып отыр.

Өңірде балалардың әлеуетін ашуға, сапалы білім алуына және қоғамға толыққанды кірігуіне жағдай жасалып, олардың дамуына бағытталған қолайлы мүмкіндіктер қарастырылуда. Соңғы жылдары елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны өкінішке қарай артып келе жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты Үкімет алдына міндеттер қойып, инклюзивті білім беруді дамыту бойынша тапсырмалар жүктеген болатын. Сондай тапсырмалардың бірін Президент 2025 жылғы 14 наурызда Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында берді. Ол «Әрбір облыс орталығында аутизмі бар балаларды қоса алғанда, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту және даму орталықтарын ашу керек», – деп айтқан болатын.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 18 жасқа дейінгі аралықта 14497 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала тіркелген, оның ішінде мектепке дейінгі жастағылар саны 4959-ды құраса, мектеп жасындағылар 9538 балаға жеткен. Бұл ерекше балалардың нозологиялық деңгейіне тоқталсақ, 5,6 мыңнан астамының сөйлеуінде кемістіктер бар, яғни, тілі дұрыс шықпаған, 5 мыңнан астамының психикалық дамуында кешігулер және 1,9 мыңға жуығында  ақыл-ой кемістігі анықталған. Енді осы ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында өңірде арнайы мекемелер желісі тұрақты түрде кеңейіп келеді. Қазіргі таңда 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 21 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 148 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинеті, бір аутизм орталығы мен бір «Аяла» арнайы балабақшасы жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында Щучинск қаласындағы №6 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті базасында маңызды қадам жасалды. Мұнда «Шеврон» компаниясы мен «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы сәтті іске қосылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көкшетау қаласында аутизмі бар балаларды қолдауға арналған жаңа орталық өз есігін айқара ашты. Бүгінгі таңда, орталықта 18 бала тәрбиеленіп жатса, оның ішінде Зеренді мен Бурабай аудандарынан келген өрендер үшін күндіз де, тәулік бойы болу режимі де қарастырылған.

Көкшетау қаласының «Сарыарқа» шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық заманауи арнайы балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Инклюзивті ортаның сапасын арнайы даярлықтан өткен мамандарсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде облыс бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балалармен 1090-ға жуық білікті маман – логопедтер, дефектологтар, тифло-, сурдо-, олигофренопедагогтар мен психологтар жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Олардың 687-сі жалпы білім беретін мектептерде, 220-сы арнайы ұйымдар мен түзету кабинеттерінде, ал, 183 маман мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет етеді.

Баланың мектеп ортасына толыққанды бейімделуі үшін педагог-ассистенттердің де рөлі айрықша. Мекемелердегі кадрлық әлеуеттің артуы нәтижесінде, 2025-2026 оқу жылының соңында 260 педагог-ассистент қызмет көрсетсе, 2026-2027 оқу жылының басында олардың саны 373-ке дейін артты. Ал, жүріп-тұруы қиын балаларға қолдау көрсету мақсатында енгізілген жеке көмекшілер штаты 14 маманға жетті.

Білім берумен қатар, ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін ашып, дарынын шыңдауға да ерекше басымдық беріледі. Бүгінде өңірдегі 47 қосымша білім беру ұйымында 21 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Қуантарлығы, мемлекеттік тапсырыс аясында ерекше қажеттіліктері бар 489 бала арнайы үйірмелер мен секцияларға тегін қатысып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

Талантты өрендерді қолдаудың жарқын көрінісі ретінде «Bolashaq» сарайының базасында қашықтық форматта өткен «Жұлдызай» балалар шығармашылығы облыстық байқауын айрықша атап өтуге болады. Байқау барысында қатысушылар вокал, аспаптық орындау және хореография сияқты жанрлар бойынша өздерінің өнерлерін ортаға салып, көрерменді риза еткен.

Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметтеріне назар аударсақ, доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған салтанатты жиында арнайы І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталыпты. Сонымен қатар, бала бойындағы талант шырағын жаққан ұстаздар мен жетекшілерге де ерекше құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар табысталған.

Жалпы, жүзеге асырылып жатқан бұл кешенді шаралар – әрбір баланың қоғамда өз орнын табуына, сапалы білім мен даму мүмкіндігіне ие болуына жасалған нақты қадамдар. Арнайы инфрақұрылымды дамыту, кәсіби мамандарды тарту және шығармашылықты қолдау жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді деп сенеміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сурет ara24.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар