«Нұр Отан» партиясының Бұланды аудандық филиалы халықты еңбекпен қамтамасыз ету, кәсіптік білім беру және өз кәсібін ашу мәселелеріне арналған азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мұндай шараны өткізудегі мақсат – халықты еңбекпен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін пікірлесу алаңын ұйымдастыру. Өңірдегі екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүрген адамдар мен тұрмысы төмен, көп балалы отбасылары үшін бұндай шараның маңызы аз болмаса керек. Ауданның түрлі салалық бөлімдерінің басшылары мен жұмыспен қамту орталығының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының өкілдері қатысқан шараға келушілер аз болмады.
Жұмыссыз жүрген адамдар аталмыш шара барысында еңбекке орналасу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарында оқу, өз кәсібін ашуға байланысты құнды ақпараттар алды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Есмұрзина кәсіптік білім алу, ал, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы филиалының директоры Олжас Диан жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашудың жолдары жайында ақпараттар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.