Степногорск қаласы тазалық – ортақ жауапкершілік екенін тағы бір мәрте нақты іспен дәлелдеді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткен ауқымды экологиялық шараға мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында кәсіпорын қызметкерлері, қоғам белсенділері және қала тұрғындары болды.
Тазалық жұмыстары негізінен қоқыс көп жиналған үш ірі аумақта жүргізілді. Акцияға қатысушыларға көмек ретінде 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Нәтижесінде бір күннің ішінде қала аумағынан 3500 текше метрден астам қоқыс шығарылды.
Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қасеновтың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
«Бүгін Степногорск қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Ендігі уақытта бұл шара апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Тек қалада ғана емес, барлық кенттер мен ауылдық елді мекендерде жалғасады. Бұл – өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, елді мекендерді көркейтуге бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, Бестөбе кентінде де ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде», – деді қала әкімі.
Қала тұрғындары үшін бұл экоакция қоршаған ортаға жанашырлық танытудың нақты үлгісіне айналды. Ұйымдастырушылар жұмыс тиімді әрі жедел жүруі үшін барлық қажетті жағдайды жасаған.
«Көшеге өз еркімен шығып, қала тазалығына үлес қосып жатқан адамдарды көру қуантады. Біз көршілерімізбен бірге ауламызды тазаладық. Өз еңбегіңді салған кезде айналаңа деген көзқарасың өзгереді. Бұл – жастарға жақсы үлгі», – дейді ерікті Ерлан Даян.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, мұндай акциялар қаланы таза әрі жайлы етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігіне айналып келеді.
![]()

