Кітап әлемі
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен жерлес жас жазушы Ерлан Ахмедидің «Ойлан, қазақ» романының таныстырылымы өтті.
Шара барысында кітаптың идеялық өзегі мен бүгінгі қоғаммен байланысы кеңінен талқыланды. Жиынға қатысушылар ұлттық құндылықтар мен заманауи ой-толғамды ұштастырған туындыға ерекше қызығушылық танытты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өткеніндей, озық ойлы ұлт қалыптастырудың ең төте жолы кітап оқу екені даусыз. Осы бағытта елімізде әдебиетке жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір дәлелі, биыл бесінші маусымы өтіп жатқан MECENAT.KZ әдеби сыйлығы. Байқауға қатысқан 33 үміткердің ішінен 6 роман финалға жолдама алса, солардың қатарында Ерлан Ахмедидің «Ойлан, қазағы» да бар.
Аталған роман бүгінгі қазақ қоғамын толғандыратын экзистенциялық сұрақтарға жауап іздейтін шығарма. «Біз кімбіз? Қайда барамыз? Ұлттық тамырымыздан ажырап қалған жоқпыз ба?» деген сияқты сауалдар бас кейіпкердің тағдыры арқылы өрбиді.
Туындының басты кейіпкері Көкшетау қаласының 50 жастағы тұрғыны, журналист әрі қоғам белсендісі Әділжан Адалбекұлы. Кезекті сайлауда жеңіліс тапқан сәттен бастап оның өмірінде дағдарыс басталады. Әке мен бала арасындағы түсініспеушілік, қоғамдағы әділетсіздік сезімі кейіпкерді тығырыққа тірейді.
Осындай күйзеліс үстінде ол заманауи психологиялық терапияға жүгінеді. Жасанды интеллект көмегімен жүзеге асатын бұл тәжірибе кейіпкерге өткен өміріне «оралып», қателіктерін түзетуге мүмкіндік береді. Алайда, виртуалды әлемге тәуелділік оның тағдырын күтпеген арнаға бұрып жібереді.
Шығармада ұлттық тәрбие, әке мен бала арасындағы қайшылық, әділдік пен адалдық секілді мәңгілік тақырыптармен қатар, экзистенциялық дағдарыс пен тұлғаның екіге жарылуы сияқты психологиялық мәселелер көтеріледі. Бұл тұрғыда сөз болып отырған туынды Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» және Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармаларымен үндеседі.
Сонымен қатар, автор ХХІ ғасырдың өзекті тақырыптарын жасанды интеллект пен виртуалды кеңістікті көркемдік құрал ретінде шебер пайдаланады.
Кездесу барысында оқырмандар авторға сұрақтар қойып, шығарма төңірегінде еркін пікір алмасты.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Партияның қолдауымен жүзеге асқан «Кітап оқитын ұлт» жобасына бүгінге дейін 189 мыңнан астам адам қатысып, 2 миллионнан астам кітап оқылған.
Осындай мазмұнды әрі ойлы туындысымен оқырман жүрегіне жол тапқан авторға алдағы әдеби сыйлық байқауында сәттілік тілейміз. «Ойлан, қазақ» романы жүлделі орындардан көрініп, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармаларының қатарын молайтсын деген тілектестік білдіреміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Фото Ерлан Ахмеди.
![]()

