Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Мәжіліске облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне алдымен «Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған Жолдауын іске асырудың барысы туралы» мәселе енгізілді. Баяндамашы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбеков осы тұрғыда облыста қолға алынған іс-шараларды жан-жақты баяндап берді. Жолдауда алға қойылған міндеттерді орындау үшін Жалпыұлттық жос-пар құрылып, соның негізінде 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына Үкіметтің жұмыс жоспары жасалғаны белгілі. Осыған сәйкес нақты орындалу мерзімдері көрсетіліп, тиісті облыстық жоспар қабылданған болатын. Онда 51 шара қарастырылған. Оның 15-і бірінші тоқсанда, 36-сы екінші тоқсанда іске асырылуы қажет.
Бүгінгі таңда Жолдаудың негізгі бағыттарын өміршең ету мақсатында кең ауқымды жұмыстар қолға алынып, ол осы тарихи құжатты халыққа ақпараттық-насихат топтары арқылы жан-жақты түсіндіру шараларынан бастау алды. Соның нәтижесінде
60 мыңнан астам адам қамтылған 1100 кездесу өткізілді. Сонымен бірге, Медиа-жоспар жасалып, Жолдауды халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жеткізу кең сипат алған.
Баяндамашы өз сөзінде мұнымен бірге, Жолдауда атап көрсетілген басты мәселе – екінші бесжылдықтың Индустрияландыру картасына облыс бойынша құны 707 миллиард теңгенің 62 жобасы енгізілгендігін атап өтті. Мұның өзі 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тек бір ғана 2017 жылы 66 миллиард теңгенің сомасына 5 жобаны іске қосу көзделуде. Қазақ-Қытай ынтымақтастығының шеңберінде облыста Масаль темір рудалары кен орнын игеру жұмыстары қолға алынып жатыр. Оның құны 1,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жолдауда аграрлық секторға, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелеріне баса көңіл бөлінген. Осы тұрғыда атқарылатын жұмыстар ауқымы да кең. Биылдың өзінде 38 ауыл шаруашылығы кооперативін ұйымдастыру қолға алынуда. Оның 38-і сүттік, 20-сы еттік бағытты қамтиды. Сонымен бірге, отбасылық үлгідегі 320 бордақылау алаңын және тұрғындардан сүт сатып алатын 40 пункт құру міндеті де тұр. Осы жұмыстардың бәрін сәтті жүзеге асыру халықтың әл-ауқатын арттырып, облысты дамудың жаңа деңгейіне көтермекші.
Бұл орайда, жарыссөзге шыққан Бурабай ауданының әкімі Төлеген Тәшмағамбетов пен Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдиновтің сөздерінен де жергілікті жерлерде біраз мәселелердің өз шешімін тауып жатқандығы аңғарылды.
Келесі кезекте сөз алған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов аймақта инвестициялық жобаларды іске асырудың барысы туралы баяндап берді. Бұл жағынан да ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Қазір облыс осы жобаларды іске қосу бойынша республикада үшінші, ал, инвестиция тарту бойынша алтыншы орындардан көрінуде. Әрине, алда тұрған міндеттер бұдан да ауқымды. Сондықтан, баяндамашы Елбасы Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларды орындауға бар күш-жігердің жұмылдырыла түсетініне сендірді.
Кезекті көктемгі дала жұмыстарының басталуына да аз қалды. Сондықтан, әкімдік мәжілісінің күн тәртібіне осы мәселенің енгізілуі әбден заңды еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан көктемгі егісті агротехникалық талаптарға сай қысқа мерзімде өткізу үшін жасалып жатқан қам-қарекетке кеңінен тоқталды. Баяндамашының сөзіне қарағанда, биыл да облыстың биік межеден көрінуіне барлық мүмкіндік бар сияқты. Дәнді дақылдар 4,7 миллион гектар жерге орналастырылса, оның 4,3 миллион гектары бидай дақылына тиесілі болмақшы. Әсіресе, егіншілік саласын әртараптандыруға, соның ішінде, майлы дақылдар көлемін арттыруға көңіл бөлініп отыр. Биыл да мемлекет ауыл еңбеккерлеріне айтарлықтай қолдау көрсетпекші. Қазіргі уақытта жауапты науқанға қажетті жанар-жағармай қоры, тұқым дайындау, техника жөндеу мәселелері басты назарда ұсталуда.
Жыл сайын көктем мен күз айларында облысымыздан жүздеген жастар Отан алдындағы әскери борыштарын өтеуге аттанатындығы белгілі. Осы жұмыс аймақта қалай жүргізілуде? Бұл туралы мәжіліске қатысушылар Ақмола облысы бойынша қорғаныс істері департаментінің бастығы Жанат Ережеповтың баяндамасынан естіп білді. Былтыр осы орайда барлығы 37 команда жасақталған. Жалпы алғанда, департамент өзінің алдына қойылған міндет үдесінен шыға білген. Сөйтіп, көктемде 801, күзде 776 адам әскери бөлімдерге қызмет етуге жөнелтілген. Бірақ, баяндамашы айтқандай, бұл жұмыстың өз қиындығы да бар. Мәселен, көктемгі әскерге шақыру кезінде Көкшетау қаласынан 60, Степногорскіден 58, Шортанды ауданынан 100-ден астам жас жігіттер әскерге барудан қашқақтап, әскери комиссариаттарға келмеген. Жылдан жылға әскерге шақырылатын жастардың денсаулықтары да мәз емес. Біразы ауру-сырқау. Жергілікті жерлерде дәрігерлердің жетіспеуінен дәрігерлік комиссиялар да толық жасақталмауда. Бірқатар аудандар, соның ішінде ауыл әкімдері қаржы мен көліктің тапшылығынан жастарды әскери комиссариаттарға уақытында жеткізе алмай келеді. Мұның өзі командаларды жасақтауға нұқсан келтіруде.
Әкімдік мәжілісін қорытқан облыс әкімі Мәлік Мырзалин бүгінгі таңда аймақ алдында тұрған маңызды міндеттерге назар аударды. Әсіресе, облыстың қазіргі даму қарқынын сақтап, жұмысты одан әрі ширатуға күш салу қажет. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жобалық қуатын арттыру да басты бағыттардың бірі болуы керек.
Мәжілісте қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.