Таяуда Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті. Аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары мен аппарат басшылары қатысып, өңірді дамытудың маңызды бағыттарын саралаған жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы әрі Кеңестің төрағасы, Бейбіт Жүсіповтің кіріспе сөзімен ашты.
Отырыста мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайту мәселелері көтерілді. Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Қабдуәли Құлышев өкілді органдар мен қоғамдық кеңестердің бірлескен жұмысының тиімділігі туралы баяндама жасап, ұйымның бір жыл бойы атқарған іс-шараларына тоқталды. Ол өз баяндамасында:
–Жаңа Конституция өңірлердің және қоғам мен мәслихаттардың рөлін күшейтеді. Бұл шешімдердің халықтың өзі тұрып жатқан жерлерде қабылданатынын білдіреді. Мұны принципті түрде маңызды деп санаймын. Жергілікті қоғамдастықтың мәселесін сол жердің тұрғындарынан артық ешкім білмейді. Нақты өкілеттіктерді жергілікті жерге беру жауапкершілікке, тиімділік пен сенімге жасалған қадам, – деп атап өтті.
Жалпы, баяндамашының айтуынша, облыс аумағында 21 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның біреуі облыстық, қалған 20-сы қалалық және аудандық кеңестер. Оған 266 белсенді азамат мүшелік етуде. 2025 жылы Қоғамдық кеңес мүшелері облыс бойынша 766 іс-шара, атап айтқанда мониторингтер, тыңдаулар, сараптамалар өткізген. Облыстық кеңеске түскен 32 өтініштің 78,2 пайызы, ал, аудандар мен қалаларда 134 өтініштің 87,3 пайызы оң шешімін тапқан.
Сонымен қатар, 50-ден астам нормативтік-құқықтық акті сараптамадан өткізіліп, кеңес қызметінің арқасында өңірдегі бірқатар түйткілді мәселелер оңынан шешілген. Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша тоқталсақ, ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілетін медициналық мамандарға берілетін әлеуметтік қолдау көлемі 2,5 миллион теңгеден 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылған. Білім беру саласы бойынша Көкшетау қаласының «Центральный» шағын ауданындағы мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 1200, 622 және 300 орындық үш жаңа мектеп салу туралы шешім шығартылып, ол бақылауда ұсталуда. Сол секілді, туризм және экология бойынша Бурабай және Зеренді өңірлеріндегі мониторинг нәтижесінде Жұмбақтас жартасына шығуға тыйым салынды және қоғамдық жағажайлардың заңсыз түрде ақылы болуы тоқтатылды. Соның ішінде Атбасар қаласында өткен көшпелі аймақтық отырыс форматы өңірлік мәселелерді жергілікті жерде шешудің тиімді құралы екенін дәлелдеп берген.
Кеңес отырысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Политкин сайлау комиссияларын қалыптастырудың құқықтық аспектілерін кеңінен түсіндірді. Соның ішінде жаңадан сайланған депутаттар мен әкімдердің мерзімінен бұрын қызметінен кету, қайта сайлану секілді мәселелері мен олардың сайланған аумақта тұрғылықты жері бойынша тіркелуі мен тұруының маңыздылығы айтылды. Мәселен, Астананың маңындағы елді мекендерге сайланған ауылдық әкімдер мен депутаттар сол сайланған аумағына тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеліп, сонда тұрулары қажет.
Бұдан әрі әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама нормаларын қолдану, сондай-ақ, өтініштерді тіркеу және есепке алу қағидаларын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің профильдік бөлімнің басшысы Ләззат Құдабаева түсіндірді. Сондай-ақ, жиынның жеке бір бөлімі заманауи цифрлық құралдарға арналды. Онда «Көкшетау Маркетинг» қауымдастығының комьюнити-лидері Қуаныш Мұқышев «Мәтіннен контентке: 2026 жылы қандай жасанды интеллект құралдарын қолдану керек» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллектіні қолдану бойынша практикалық ұсынымдар ұсынды.
Жұмыс күнінің екінші бөлігінде қатысушылар қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Нақтырақ айтқанда, көпфункционалды «Kokshe Arena» спорт кешенінің қызметімен, 630 орынға арналып салынып жатқан көпсалалы облыстық аурухананың қазіргі жай-күйімен, сондай-ақ, Digital Aqmola орталығындағы жағдаймен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша кеңес отырысына қатысушылар тәжірибе алмасудың маңыздылығын және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

