Арқаның ерлері
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында елге еңбегі сіңген, маңдай терімен туған жерінің тарихында өзіндік із қалдырған даңғайыр диқан, трактор-егіс бригадасының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Ералы Бақтаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Еңбекпен елге танылған» атты танымдық еске алу кеші өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер және еңбек майталманының туған-туыстары қатысты. Кеш барысында Ералы Бақтаевтың өмір жолы мен еңбек белестері кеңінен сөз болды. Ол 1926 жылы Зеренді өңірінде дүниеге келген. Жастайынан Үлгілі ауылында еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы табанды қызмет атқарды. Қарапайым механизаторлықтан бастап, бригадирлік қызметке дейін көтеріліп, өз ісінің білікті маманы ретінде танылды. Егіс даласында аянбай еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына, егіс алқаптарынан мол өнім алынуына елеулі үлес қосты. Еңбекке деген адалдығы мен кәсіби шеберлігі жоғары бағаланып, Ералы Шопайұлы Бақтаевқа Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілді. Сонымен қатар, ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерінің иегері атанды.
Кеш барысында кітапхана ұжымы дайындаған Ералы Бақтаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған бейнеролик көрсетілді. Бейнематериалда еңбек ерінің ел игілігі жолындағы қызметі, ауыл шаруашылығындағы еңбегі мен замандастарының естеліктері қамтылды. Тағылымды шарада Көкшетау қаласының құрметті азаматы, белгілі журналист Балталы Сәрсенбаев сөз сөйлеп, Ералы Шопайұлы туралы өз естеліктерімен бөлісті. Ол еңбек адамының азаматтық болмысы, ел арасындағы беделі және туған жерге сіңірген еңбегі жөнінде жылы пікір білдірді.
Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарихшы ғалым Аманбай Сейітқасымов та сөз алып, еңбек адамының қоғамдағы орнына тоқталды. Ералы Бақтаевтың Ақмола өңірінен шыққан 84 Социалистік Еңбек Ерінің бірі екендігін айта келіп, осы шоғырдағы Баян Жанғалов және елге еңбегі сіңген басқа да азаматтар туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, Аманбай Сейітқасымов ұстаздарға жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарындағы студенттерге Ералы Шопайұлының еңбек жолы мен бай тәжірибесін зерттеп, курстық және дипломдық жұмыстарға тақырып ретінде пайдалануды ұсынды.
Сондай-ақ, шара барысында Ералы Бақтаевтың туған жерінде оның 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған үлкен тойдан сақталған бейнежазба көрсетілді. Өткен күннің жарқын сәттерін қамтыған бейнематериалдан жерлестерінің ардақты азаматқа деген зор құрметі көрініс тапты. Кештің ерекше қонағы Ералы Шопайұлының қызы Сайран Ералықызы болды. Ол әкесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, оның еңбекке деген көзқарасы, өздерінің отбасындағы тәлім-тәрбиесі, елге деген құрметі мен азаматтық ұстанымы жайында әңгімеледі. Ералы Бақтаевпен бірге еңбек еткен замандастары мен бір топ ауылдастары Шәмші Бақтаева, Сансызбай Рахимов, Орал Ибраев, Алтай Секеновтардың әңгімелері де Ералы Шопайұлының еңбекқорлығы, адамгершілігі, қарапайымдылығы мен ел арасындағы беделі хақында болды.
Сөйтіп, кеш барысында жастар тарапынан туған жер, ел және еңбек тақырыбындағы жырлар оқылып, әндер шырқалды. Шара аясында кітапхананың оқу залында «Еңбекпен елге танылған» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Ералы Бақтаев туралы газет материалдарымен қатар, туған өлке тарихына, ауыл шаруашылығына, еңбек адамдарына және елге еңбегі сіңген тұлғаларға арналған әдебиеттер қойылды. Кітап көрмесін кітапхана қызметкері Бопан Сайранқызы таныстырып, өлке тарихына қатысты құнды деректерді алға тартты.
Кеш барысында Балталы Сәрсенбаев, Аманбай Сейітқасымов тарапынан Ералы Бақтаевтың туған жеріндегі есімін ұлықтау мәселесі де көтеріліп, еңбек ерінің туыстары оның туған мекенінде Ералы Шопайұлының атына көше беру мәселесін қарастыру жөнінде ұсыныс білдірілді.
Расында да, Ералы Бақтаевтың өмір жолы туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге адал қызмет етудің, еңбекке беріктіктің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі екендігі даусыз. Оның өнегесі қазіргі жастар үшін де аса маңызды. Себебі, елдің дамуы мен болашағы өз ісіне адал, бар саналы өмірін ел игілігіне арнайтын азаматтардың қолында екендігі айдан анық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

