Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұрпақтар парызы - АРҚА АЖАРЫ

Ұрпақтар парызы

Әрбір ұлттың тарихта ұрпақ санасына сіңіріп, ұлықтайтын, қастерлейтін ұлы тұлғалары болады. Елі үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен, халқының қамы үшін аттан түспеген сондай алыптарды ардақтау – ұлт алдындағы үлкен парыз. Қазақ халқы да өз тарихында ұлықтауға тұратын ұлы тұлғалардан кенде болмаған. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап, ұлт мақтанышына айналған ұлы адамдардың өткен өмірін зерделеп, зерттеп, оларға лайықты баға беріп, тиісті құрмет көрсетеміз. Біз Ұлы Абылай мен Абайды ардақтап, батырларымызды  бағалай білген халықпыз.

Алайда, ХХ ғасыр басында билік құрған социалистік жүйе, әміршіл-әкімшіл саясаттың кесірінен әлі де елі үшін атқарған істер жете бағаланбай, аттары ескерусіз қалған арыстарымыз қаншама. Бұлар кешегі кеңестік идеология кезінде халықты төл тарихы мен туған тілінен ажыратқан, ұлтсыздандыру саясатына қарсы шығып, елі үшін құрбан болған аяулылар. Олар да бүгінгі ұрпақтың мақтанышына айналуы тиіс. Себебі, олар ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған киелі жерді, оның болашақ иесі – ұрпақ тағдырын қорғап, сол үшін арпалысқан ерлер.
Міне, осындай елі мен жері үшін аянбай еңбек етіп, бар қажыр-қайратын, ақыл-ойын туған ұлт болашағына арнаған аяулы азаматтың бірі, әрі бірегейі жерлесіміз Жұмабек Тәшенев еді.
Ол кісінің қандай үлкен қызметте жүрсе де, елім-жерім, халқым үшін жаным садаға деген қағиданы берік ұстаған Алаш ардақтысы екенін  мына бір тарихи-саяси маңызы зор мысалдан анық көруге болады.
Қызыл империяның қылышынан қан тамып, «бөліп ал да, билей бер» деген кері саясаты нағыз жүріп тұрған 1960 жылдары Мәскеуде СОКП Орталық Комитетінің  пленумында сол кездегі бас хатшы Н.С.Хрущев Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосу мәселесін талқыламақ болғанда, Жұмабек Тәшенев барлық саяси бюро мүшелерінің алдында қаймықпастан қасқайып тұрып: «Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу мәселесін талқылау былай тұрсын, ол туралы тіпті сөз болмауы керек. Қазақ жерін ешқашан бөлшектеуге болмайды» деп табандап тұрып алады. Қазақтан шыққан қайсар ұлдың қайтпас мінезінен қаймыққан орталық бұл мәселені қайта көтермей, біржола доғарды. Ал, енді осыны сол заманда жасалған көзсіз ерлік демей көріңіз.
Әрине, тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, елі мен жерінің тұтастығы үшін атой салған Тәшеневті орталық ұнатпады, қызметінен түсірді, қудалады. Алайда, мансабын құрбандыққа шалса да, ұлт тағдыры үшін ұлы іс тындырған аяулы азамат бұған мойымады. Өктемдікке қарсы шығып, өз пікірін ашық айту сол заманда өзін-өзі құрбандыққа шалумен пара-пар еді. Соған қарамастан, есіл азаматқа  бәрінен бұрын елі мен жері, туған халқы қымбат  болды. Халқы үшін жаралған қас батырың осындай биік парасаты мен адами қасиеті, Алаш үшін атқарған абыройлы істері туралы бүгінгі ұрпақ енді біліп, зерделеп келеді. Соған орай, ол кісіге деген ел құрметі, сүйіспеншілігі соңғы уақытта өте  арта түсті. Жуырда Аршалы ауданы орталығындағы №3 қазақ орта мектебіне Жұмабек Тәшеневтің есімі берілуін де осы сөзіміздің бір айғағы деп білеміз. Бұл игі іске халқымыздың аяулы перзентінің біз айтқан ерлік ісінен хабары бар адамның бәрі қуанып жатыр. Иә, осылай ұлылар есімін ұлықтау қай жерде, қашан да кейінгі ұрпақтың парызы болып қала берсін. 

Жұмай АУҒАНБАЙҰЛЫ,
Сарыоба орта мектебінің мұғалімі.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар