Солтүстік дербиі
Қазақстан Премьер-Лигасының сегізінші туры аясында Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы көршілес Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында «Қызылжар» командасымен күш сынасты.
Атыраулық төреші Руслан Сұлтанғалиев төрелік еткен бұл кездесу бірден айтайық, жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Осы жеңістен кейін «Оқжетпес» өз қоржынындағы 15 ұпайымен турнирлік кестенің үздік үштігіне енді. Көш басында әрқайсысы 18 ұпайдан жинаған Алматының «Қайрат» және Шымкенттің «Ордабасы» командалары келеді.
Ал, жерлестеріміздің ойынына оралсақ, кездесу алғашқы беттен екі команданың алма кезек шабуылдарынан басталды. Гол соғып, алға шығуға «Оқжетпес» жағынан да бірнеше оңтайлы сәттер орын алғанымен, бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Алайда, ойынның екінші кезеңінде оқжетпестіктер соңғы минутқа дейін алаңда бар күш-жігерін салатын команда деген мамандар пікірін растап, қарсыластар қақпасына дүркін-дүркін қауіп төндірумен болды. Оның үстіне матчтың 48-інші минутында алаң иелерінен Пищевич дөрекі ойыны үшін алаңнан қуылып, 10 ойыншы ғана қалды. Осы жағы да көкшетаулықтарға серік болған болуы керек, ойынның аяғына қарай 81-інші минутта команда сапындағы жас ойыншылардың бірі Әбинұр Нұрымбет айып алаңының сыртынан соққан тамаша голымен жерлестерімізді алға шығарды. Екі жақтың да тегеуірінді теке-тіресіне қарамастан, бұл есеп ойын соңына дейін өзгермей, қонақтар, яғни, жерлес футболшыларымыз өте маңызды үш ұпайға ие болды.
Кездесуден соң өткен баспасөз мәслихатында «Оқжетпес» футбол клубының бас бапкері Ринат Әлеуетов бұл жеңістің екі команданың ойын тактикасында өз тарапынан алдын ала жоспарланып, қолданылған тәсілдің нәтижесі екендігін де атап өтті.
– Ойын туралы айтар болсам, бұл нағыз «солтүстік дербиі» деңгейінде өтті. Қарсыласты зерттей отырып, олардың ойынында олқылық тудыратын бірнеше тұсын аңғарып, соған байланысты өз өзгерістерімізді жасадық. Сол өз жемісін берді ғой деп ойлаймын, – деді ол өз сөзінде.
Бұл жолғы жеңісте бірнеше автобуспен ертелетіп Көкшетаудан жолға шығып, сүйікті командаларына жанкүйер болған 100-ден астам ақмолалық жастардың да үлесі бар екендігін айта кеткен жөн. Биыл шынында да облыс басшылығы, «Оқжетпесті» өз қамқорлығына алған аграршылар қауымы, тіпті, қатары қалың жанкүйерлер тарапынан да жерлес футболшыларымызға қолдау айрықша. Айталық, Қазақстан кубогы үшін Астананың «Жеңісімен» болған ойында да жергілікті стадионға алты жарым мың адам жиналды. Бұл бұрын-соңды болмаған жанкүйерлер легі. Енді алдымызда 9 мамырда «Оқжетпес» өз алаңында күндізгі сағат 15.00-де Атыраудың «Атырау» футбол клубын қабылдамақшы. Премьер-лиганың бұл кезекті турына да жанкүйерлер мүмкіндігінше мол жиналып, биылғы біріншілікте қарқыны жоғары туған командамызды тағы бір қолдай түссек, нұр үстіне нұр.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

