Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Келінді несиеге алдық!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Келінді несиеге алдық!..»

Күлейін бе, жылайын ба! Естіген құлақта жазық жоқ. Таяуда ауылдағы көзкөрген көршілерімді кездестіргем. Мені көріп балаша қуанды. Жаңалығы да жоқ емес екен. «Ұлым үйленді. Керегем кеңейді», – дейді ағынан жарылып. Біз де қуанышқа ортақтасып, құттықтап жатырмыз.  «Тойды қалада өткіздік. Аристократта!», – дейді тағы  марқайып. «Бұл ана-мынаның тісі бата бермейтін мейрамхана ғой. Қымбатқа түскен келін екен» дейміз біз де қалжыңдап. «Үндеме. Келінді несиеге алдық» дейді олар да құр қалмай.

Айт-айтпа бұл өмірдің өзінен алынған көрініс. Жасырары жоқ несие рәсімдеп, несібесінен айырылғандар қаншама.  Тіпті, несиесі жоқ адамға таңдана қарайтын болдық. «Күле кіріп, күңірене шығатын» дұшпаның сияқты оң қолыңмен алып, сол қолыңмен қайтаратын қарызға әрбір екінші адам батып, борышкер атануда. Тұрақты жұмысы болмаса да  бір басында бес несиесі бар  адамдарды көптеп кездестіруге болады. Жас кезіңде жарқырап киінбесең, жарқылдап күлмесең, өмірдің қызығы неде деген ой келеді осындайда. Ана бір жылдары тегін беріп жатқандай бәріміз осы несие рәсімдеуге асыққанбыз. Тіпті елдегі Тәжкен аға да. Жұмысы болмаса да, қарызға батты. Өзіне емес, қорадағы малына сеніп. Ақыры малдан да, үйден береке кеткен. Тәжкен аға қартайғанда жұмыс іздеп, қалаға кеткен. Елдегілердің айтуынша базарда арба сүйреп жүр. Қарап отырсаң баспананы ипотекаға,  жиһазды бөліп төлеп, көлікті қарызға алған жайымыз бар. Мұндай жағдай екінің бірінің басында.
Қазақ той өткізуге де несие алатын болды. «Өлімнен ұят күшті» деген ата-бабамыз. Алайда, несие төлей алмай ұятты болғанша, әрбір жерде күңкілдесіп сөз қылатын қатын-өсекке қалған да жақсы ма дейсің осындайда. Мәселен, Еуропа елдерінде  қонақты шақырғанның өзінде ысырапшылдыққа жол бермей, шама-шарқынша дастархан жайып, ең бастысы көңіл көтеріп, бой сергітеді екен. Ал, біздің елде басты назар да, мақсат та,   дастарханға ас та төк  тағам үйіп, артылғанын қонақтардың сөмкесіне салып беру. Дәулетіңді көрсетіп, жалпақ тілмен айтқанда мақтану. Әңгімеміз де осыдан аспайды. «Бәлен үйде астау-астау  ет асыпты, тойбастар таратыпты, жарты мыңға жуық адам шақырыпты. Жұлдыздар тойын өткізіпті». Осыдан барып  дәулеті тасығандар да, айлығы шайлығынан аспайтындар да бірдей бірі-бірінен қалмай той жасайды. Қарызға кіріп жасаған тойдан да, үй иесінен де береке қашатыны сол. Несие төленбеген сайын үйдегі ұлды кінәлап, ошақтағы келінге тіл тигізіп отбасынан ынтымақ ажырайды. Тіпті, тойға деп миллиондап несие рәсімдеп, ол келін алты ай аспай үйден кетіп, екі бала ажырасып жататынын да естиміз. Келін кеткен,
несие қалған. Міне, жаңалық! Ата-анасы баламның бақыты үшін деп басын бәйгеге тіккенімен, екі бала бақытты бола алды ма? Соған қарағанда шығындалып той жасағанда емес шығар бар бақыт?!
Осы несиенің кесірінен баласы анасынан безіп, ағайын-туыстың өзі бір-бірін көрместей араздасып жатыр. Жасыратыны жоқ, қарызын өтей алмай шарасыздықтан қаншама ғұмыр қиылып, қаншама жүрек қан жылады. Банк қызметкерлерімен сөйлесе қалсаңыз, несие алатындардың арасында ақшаны өзіне емес туысынына әперетіндер, тойға пайызына да қарамай қарызданатындар да қазақтар ғана. Соңғы жылдары «Жалақыға дейін» несие беретін компанияларда көптеп бой көтерді. Қарыз бергені жақсы-ау, бірақ, үстеме қосқан ақшасын есептегенде жүрегің дауаламайды. Оңы мен солын әлі дұрыс ажырата алмайтын жастар ақша керек болғанда тәуекелге баратынын ойласаңыз, осындай «Жедел ақша» беретін несие компаниялардың пайдасы қарапайым халыққа шамалы-ау. Бұл күнде әрбір адам қара басының ғана қамын күйттеген  заман болды.  Қайран қазақ, күнің кіжінумен өтті-ау шіркін?!.
Р.S. «Он мың, жиырма мың, отыз мың, қырық мың, елу мың…». Сусылдаған көп теңгелер жаны жоқ «көк жәшікке» «күмп» етті. Менің бір айлық маңдай терім. Жүрегіммен сырласып жазған мақалаларымның өтеуі. Осы айда не жазып едім? Кім туралы? Мың сан ой жанымды жегідей жеп барады. Салым суға кетіп, үйге көңілсіз оралдым. Қызыл әмиян бұрышқа қарай ұшты. Іші бос. Ол да өкпелеп бір бұрышқа «бұрқ» етіп құлады. Бейтаныстың баспанасы, берекесі жоқ жалақы, несібеме ортақтасқан несие… «Балалар аман болсыншы! Ең бастысы осы». Қаладағы көп қазақтың күні осылай өтіп жатыр…

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар