«Бір ел – бір кітап»
Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы жалпыұлттық оқуға ұсынылған болатын.
Осыған орай Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен «Тарихи жадыны жаңғыртқан жазушы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Қабдеш Жұмаділов туындыларында тарихи тақырыптарды терең суреттеген, ұлт тағдыры мен ел бірлігін арқау еткен қаламгер екені белгілі. Оның шығармалары шынайылығымен, көркемдігімен және тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді.
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы шығармаларының таңдалуы оның әдеби мұрасының құндылығын айғақтайды. Бұл жоба оқырмандарды бір кітап төңірегінде біріктіріп, рухани байлығымызды арттыруға бағытталған. Әсіресе, «Тағдыр» романы – жазушы шығармашылығындағы ең шоқтығы биік туындылардың бірі. Романда қазақ халқының күрделі кезеңдегі өмірі, шекара сыртындағы ағайынның тағдыры, ел мен жерге деген сағыныш терең бейнеленеді. Шығармада басты кейіпкерлер арқылы адам тағдыры мен халық тағдыры астасып, тарихи шындық көркем тілмен жеткізіледі.
– Аталмыш шараның басты мақсаты Қабдеш Жұмаділовтей дарынды, парасатты жазушының шығармашылық мұрасын насихаттау, соның ішінде оның «Тағдыр» романы арқылы қазақ халқының тарихи кезеңдерін зерделеу, оқырмандарымыздың тарихи шығармаларды оқуға деген қызығушылығын арттыру және студент жастарды кітап оқуға шақыру болып табылады, –дейді аталмыш кітапхананың меңгерушісі Жанар Айтқожина.
Іс-шара барысында қатысушыларға жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды ақпарат беріліп, «Тағдыр» романының тарихи-әдеби маңызы кеңінен талқыланды. Романда ХХ ғасырдағы Қытай жеріндегі қазақтардың тағдыры, көші-қон мәселесі, ұлттық болмыс пен еркіндікке ұмтылыс тақырыптары терең көрініс тапқаны атап өтілді. Бұл шығарма – жеке адамның ғана емес, тұтас бір халықтың тағдырын бейнелейтін көркем туынды екені айтылды.
Кездесу барысында Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев сөз сөйлеп, романның мазмұны мен идеялық ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, шығармадан үзінділер оқылып, көрермен назарына бейнематериалдар ұсынылды.
Дөңгелек үстел аясында «Өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі тарихи шығармалардың рөлі» тақырыбында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Аманбай Сейітқасымов баяндама жасап, тарихи әдебиеттердің жас ұрпақтың санасын қалыптастырудағы мән-маңызын кеңінен қаузады. Кітапхананың тұрақты оқырманы Ғибрат Ужаров осы күнге дейін өзі оқыған тарихи туындылар жайлы қызықты мәліметтерімен бөлісті.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар романдағы кейіпкерлердің образдары мен тарихи шындықтың көркемдік шешімін талқылап, өз пікірлерімен бөлісті. Сөйтіп, «Тағдыр» романы арқылы ұлттық тарихты тану, өткен мен бүгіннің сабақтастығын ұғыну мәселелері кеңінен қозғалды. Кітап оқудың маңыздылығы да атап өтіліп, мұндай әдеби кездесулердің қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтудағы рөлі зор екені ортаға салынды.
«Тағдыр» романы оқырманды өткенге үңілдіріп қана қоймай, тәуелсіздік пен елдіктің қадірін түсінуге жетелейді. Онда еркіндікке ұмтылыс, ұлттық рух, туған жерге деген сүйіспеншілік секілді мәңгілік құндылықтар кеңінен көрініс тапқан. Олай болса, Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын бірге оқиық, оқырман!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

