Бала құқы
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде балалардың құқықтарын қорғауға, психологиялық қолдау көрсету мен экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған «ЮНИСЕФ Жастары» өңірлік волонтерлік хабы ашылды.
Ауқымды іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Никита Шабаев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов қатысты.
– Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы айтулы дата қарсаңында өңірімізде бой көтерген жаңа хабтың ашылуы құтты болсын! Бүгінде Ақмола облысында 89-ға жуық еріктілер ұйымы бар болса, онда 3600-ден астам белсенді тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Осы бағытта облыс көлемінде атқарылған жұмыстар өте ауқымды. Өңір басшылығы атынан игі істің басы-қасында жүрген барша еріктілерге мың алғыс айтамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
Бұл орталық бүгінде 10 мыңнан астам «ЮНИСЕФ Жастары» волонтерлері үшін ашылған Қазақстандағы 6 негізгі хабтың бірі. Былтыр 100 мыңнан астам балаға өз құқықтары мен цифрлық қауіпсіздік туралы дәрістер өткізген волонтерлердің бұл бастамасы ақпараттық кеңістікте 1 миллионнан астам адамды қамтыды. Осы ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча өз сөзінде жастардың қозғаушы күш екендігін, оларға артылар сенімнің мол екенін атап өтті.
– Жастар – тек болашақтың көшбасшылары ғана емес, олар – бүгінгі өзгерістердің басты қозғаушы күші. Көкшетауда осы хабтың ашылуы біздің тұрақты даму мақсаттарына деген ортақ адалдығымызды көрсетеді. Біз әрбір жастың үні естілетін, ал, олардың қоғамға пайда әкелуге деген талпынысы нақты қолдау табатын орта қалыптастырып жатырмыз, – деді ол.
Заманауи жабдықтармен қамтылған орталықта подкаст түсіріп, сапалы білім беру контентін жасауға толық мүмкіндік бар. Ол үшін мұнда арнайы кәсіби медиа-студия жасақталған. Сонымен қатар, орталық ішінен бала құқықтары жөніндегі мамандандырылған кітапхана да ашылды. Мол мүмкіндікке толы бұл орында волонтерлер үшін онлайн-курстар мен жеке тапсырмалар жүйесі де әзірленген. Медиа-алаңда алдымен сөз алған ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мұстафа Сарвар жаңа алаңның стратегиялық рөлін ерекше атап өтті.
– «ЮНИСЕФ Жастары» бағдарламасы (Үйрен – Бөліс – Баста) моделіне негізделген. Біз еріктілерге бала құқықтары мен менталды саулық туралы терең білім береміз, ал, олар бұл ақпаратты замандастарына таратады. Бүгінде волонтерлік іс мыңдаған қазақстандық жастардың саналы азаматтық ұстанымына айналды. Біз оларды осы жолда қолдағанымызды мақтан тұтамыз, – деді ол.
Өз кезегінде ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов бұл бастаманың мемлекеттік саясат тұрғысынан маңыздылығына тоқталды:
– Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Көкшетаудағы хабтың ашылуы осы ауқымды қозғалысты кеңейту жолындағы тағы бір нық қадам. Мұнда волонтерлік қызмет бала мүддесін қорғауды басты басымдық деп санайтын жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеу құралына айналады.
Ендігі кезекте ЮНИСЕФ алдағы екі жылда волонтерлер санын 20 мыңға дейін арттырып, еліміз бойынша 6 өңірлік хаб арқылы жалпы 2 миллионнан астам баланы пайдалы жобалармен қамтуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Көкшетаудағы жаңа орталық балалардың мүдделерін қорғауға шынымен ниетті, оның есігі көшбасшылық қабілетін жетілдіргісі келетін 16-35 жас арасындағы мектеп оқушыларынан бастап, студенттер мен жас мамандар үшін әрдайым ашық.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

