Елімізде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жұқпалы аурулармен көп адам ауырады. Бұл кәдімгі тұмаудан басталып кете беретін сан алуан жұқпалы дерттер. Олар әлбетте бір-бірімен қарым-қатынаста, далада, көпшілік ортада жұғады. Емделген емхана не аурухана ішінде де сау адамға жұғып жатады. Сол ауруды емдейтін дәрігерлер, өзге медициналық қызметкерлер де жұқтырып алады. Мұндай жұқпалы індеттің көкесі кешегі көзіміз көрген, талайды жұтқан пандемия.
Ендігі бір мәселе, осы жұқпалы ауруларды емдеп, жазып жатамыз да, оның себеп-салдарына көп үңілмейміз. Сонша адам екпе алды, соншасы дәрігерге жүгінді деген құрғақ есебін ғана жүргізумен шектелеміз. Ал, осыны болдырмауға, алдын алуға қатысты жұмыстарды көп қаперге ала бермейміз. Бұл бүгінгі медицинамыздағы ортақ кемшілік. Төменде біз сөз етіп отырған талпыныс міне, осы олқылықты дұрыс жолға қойсақ деген ниеттен туындаған игі қадам. Ол жүйелі жалғасын табатын болса, біздің Ақмола облысында да бүгінгі күннің талабынан шығып, осы жұқпалы ауруларды саябырсытуда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуіміз ықтимал.
Сонымен биыл өңірімізде облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы бұйрығымен санитарлық-эпидемиологиялық салада сараптамалық-үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына осы саланың жай-күйін жақсы білетін дәрігер ғалымдар, тағы басқа да тәжірибелі мамандар мен денсаулық сақтау ісінің жетекшілері енгізілген-ді. Кеңестің негізгі міндеті облыс медициналық мекемелерінде эпидемияға қарсы алдын алу жұмыстарын талдау, оның ара-жігін ажыратып, дұрыс жолға қою болып табылады.
Осы кеңестің құрылуына жанашыр болып, оның жұмысына белсене жетекшілік етіп жүрген санитарлық-эпидемиологиялық саладағы жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Қалижанұлы Тәшметов бізбен әңгімесінде:
– Елімізде, соның ішінде біздің облыста да жұқпалы ауруларға және осы орайда, халыққа медициналық көмек көрсетуге қатысты біраз мәселелер онымен қоян-қолтық, тығыз айналысуды қажет етеді. Бұл – жұқпалы ауруларды медициналық ұйымдарда тіркеу, медициналық қызметкерлердің өз арасындағы кәсіптік ауруларды тежеу сияқты бірнеше жұмыс бағыттарын қамтиды. Сондықтан, сараптамалық-үйлестіру кеңесі уақыттың өзі туындатқан қосымша жұмыс бағыты. Ол арқылы біз күнделікті жұмыста көрініс беріп қалатын олқы тұстарға кеңінен бойлап, олардың себептерін, жағдайды жақсы жағына қарай бұру жолдарын анықтасақ дейміз. Айталық, осы кеңестің ішінде жекелеген топ онкопатологияға байланысты проблемаларды зерттеумен айналысады. Осы секілді басқа да жұмыс бағыттарына баса мән беріп отырмыз, – дейді.
Облысымыздағы білікті дәрігер ғалымдардың бірі Қасымжан Тәшметовтың өзі бұл кеңесте төраға орынбасарының міндетін атқарады. Оған бір кезде осы өңірде өзі басқарған денсаулық сақтау саласының, оның басты бір тармағы болып табылатын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жай-күйі жақсы таныс. Бүгінгі күнге дейін бұл жұмыс кеңесі облыстың медициналық ұйымдарында эпидемияға қарсы шараларға біраз талдау жасап та үлгерді. Ішкі ауруханалық жұқпалар барлық елдерде де барын жоққа шығаруға болмайды. Ал, біздің еліміз бен өңірімізде бұл жағдай медициналық ұйымдарда тіркеуге алынбауымен одан әрі шиеленісе түседі. Медициналық қызметкерлер арасында көрініс беретін кәсіптік аурулармен де солай. Олардың да есебі іс жүзінде жүргізілмейді.
Сондықтан, кеңес мүшелері эпидемияға қарсы шараларға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және медицина қызметкерлері арасында кәсіптік патологияларды болдырмауға барынша мүдделі. Бүгінгі күнге дейін облыстың он медициналық ұйымында осыған қатысты материалдар мен құжаттамалар терең сүзгіден өткізіліп, бұл жұмыстың әлсіздігіне бірауыздан көз жеткізіліп отыр. Қолда бар материалдарды талдау барысында анықталған мұндай теріс фактілер күрделі эпидемиологиялық жағдайлар немесе COVID-19 сияқты аты жаман аурулар туындай қалған жағдайда халіміз не болады деген сұрақтарға да жетелейді.
– Егер ашығын айтсақ, мұндайда негізгі проблема осы бағыттағы санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстарды ұйымдастыруға атүсті қарауымызда жатыр. Іс жүзінде барлық медициналық ұйымдарда бұл жұмыс жүйесіз жүргізіледі. Осындайда керек міндетті бақылау, өндірістік бақылау және биологиялық қауіпсіздік бағдарламалары жоқ немесе қағаз жүзінде ғана десек болады. Көп жағдайда бұл медициналық мекемелерге басы артық нормативтік құжаттар болып көрінеді. Міндетті бақылау комиссиялары көбіне үстірт жұмыс істейді. Емханалар мен ауруханаларда медициналық қызметкерлердің кәсіптік аурулармен сырқаттанушылығына жүйелі талдау жоқ, ішкі ауруханалық жұқпалардың себептері анықталмайды. Ал, мұнсыз эпидемиологиялық жағдайды жіті басқару мүмкін емес. Көптеген ұйымдарда өндірістік бақылау дегеніміз формальды зертханалық бақылаумен шектеледі. Тағы бір проблема биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі олқылықтарда жатыр. Бұл да медициналық мекемелерде қызметкерлерді биологиялық қауіпті материалдармен жұмыс істеуге үйретіп, оқыту жағы әлсіз екендігінің бір көрінісі, – дейді бұл орайда Қасымжан Қалижанұлы.
Иә, жұқпалы ауруларға жүйелі бақылау болмаған жағдайда, оның аурухана ішінде таралуына қауіп арта түседі. Өндірістік бақылаудың жоқтығы қызметкерлердің кәсіби аурулармен сырқаттанушылығының бір жолы. Биологиялық қауіпсіздік дұрыс жолға қойылмаса, бұл ықтимал биологиялық қауіп деген сөз. Сондықтан, мұндай проблеманың өзі аракідік емес, кешенді шешімін талап етеді.
Бұл ретте, сараптамалық-үйлестіру кеңесі бірқатар нақты ұсыныстарды алға тартып отыр. Біріншіден, құжаттамаларды тәртіпке келтіру, сөйтіп, жауапкершілікті күшейтіп, нақты мерзімдері мен нәтижелерін белгілей отырып, жұмысты жоспарлы жүргізуге көшу. Әрбір медициналық ұйым аурушаңдық, тәуекел факторлары мен алдын алу шараларының тиімділігіне жүйелі талдау жүргізуі қажет. Сол сияқты, бұл істе басты медициналық ұйымдарды анықтап, солардың негізінде озат тәжірибені қалыптастырып, таратқан жөн.
Әрине, мұндайда мониторингті де күшейтпей болмайды. Мониторинг деген сөздің өзі жұмысқа күнделікті зер салып, оны бақылап, есебін шығарып отыру десек, онсыз бірде-бір іс бітпесі анық. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласындағы белгілі тұлға Қасымжан Тәшметовтың өзі «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне байланысты аурулардың алдын алу. Медициналық ұйымдарда өндірістік бақылау сапасының мониторингін жетілдіру» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік жобаның авторы атанып отыр. Осы жобаға сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасы өзіне ведомстволық бағыныштағы медициналық ұйымдардың негізінде тұрақты жұмыс істейтін мониторингтік топтарды ұйымдастырды.
Республикалық деңгейде ұсынылған бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығында сараптамадан өтіп, қолдау тапты. Сөйтіп, министрліктің ұсынысымен 2024 жылдан бастап Маңғыстау облысында пилоттық режимде іске қосылды. 2025 жылы 17 наурызда сала министрінің аппарат жиналысында осы пилоттық жобаның нәтижелері тыңдалып, оны республика көлемінде тәжірибеге енгізу тапсырылды. Мәселенің өзектілігіне орай, министрлік содан бері өңірлік денсаулық сақтау басқармалары, санитарлық-эпидемиологиялық департаменттер және ғылыми орталықтардың басшыларымен осы пилоттық жоба бойынша бірнеше мәрте семинарлар мен кеңестер өткізді. Осы жобаны жергілікті жерлерде іске асыру туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Т.С.Сұлтанғазиновтың Ақмола облыстық әкімдігіне де 2025 жылдың 1 қазанында жолдаған ресми хаты бар. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында сыннан өткен пилоттық жобаның негізінде әдістемелік нұсқаулық әзірленіп, ол Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми орталықта ғылыми-медициналық сараптамадан өткізіліп, оң бағасын алды.
Міне, осының бәрін ой елегінен өткізе келе, облыстық денсаулық сақтау басқармаларында тұрақты жұмыс істейтін мониторингтік топтар құру да осы жобада қарастырылған Қасымжан Тәшметовтың ұсынысы екендігін баса айта кетуіміз керек. Ол ұсыныс қабылданып, бүгінде осындай топтар медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың және медицина қызметкерлерінің кәсіптік ауруларының алдын алуда елеулі көмегін тигізе бастауда.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында да бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алыну үстінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Көкшетау жоғары медициналық колледжімен санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жөніндегі меморандумға қол қойды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қарағанды қаласындағы Ұлттық еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар орталығымен келісім-шарт жасалды. Бір атап өтерлігі, эпидемиолог, санитарлық, кәсіптік патология дәрігерлерімен және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушылармен өткізілетін курстар барысында теориялық біліммен қатар, практикалық бағытқа ерекше көңіл бөлінетін болады. Атап айтқанда, онда нақты жағдайларды талдау, инфекциялық, өндірістік бақылау және биологиялық қауіпсіздік мәселелері кеңінен қамтылмақшы. Бұл оқулардың алғашқы легі осы жылдың маусым айына жоспарланып отыр.
Әрине, жете көңіл бөлінбей, күнделікті абыр-сабырдың тасасында қалып келген бұл жұмыс бір медициналық колледждің, не бір орталықтың аясымен бітпейді. Сондықтан да, алдағы уақытта республикадағы басқа да жетекші ғылыми және ұлттық орталықтармен осындай ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ауруханаішілік жұқпалы аурулардың алдын алуда жаңа ғылыми тәсілдерді енгізуге, өзге аймақтармен тәжірибе алмасуға және кадрларды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, осы маңызды істе арта түсер біліктілік деңгейі өңірдегі медициналық мамандардың әлеуетін нығайтудың және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тиімді басқарудың бір кепіліне айналмақ.
Мониторингтік топ анықталған олқылықтарды жауапкершілік деңгейіне қарай іріктеп отырып, қарастыратын болады. Айталық, егер әңгіме ішкі процедуралардың бұзылуы, қызметкерлердің жұмыс тәртібін сақтамауы, өндірістік бақылаудың әлсіздігі туралы болса, бұл мәселелер сол медициналық ұйымның деңгейінде шешілуі тиіс. Ал, енді инфрақұрылым, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, кадрларды әлеуметтік қолдау мәселелері аудандық және қалалық әкімдіктердің құзырына тиесілі мәселелер. Онымен мемлекеттік органдар айналысуы қажет. Сондай-ақ, тек облыстық әкімдік немесе орталық басқару органдары арқылы ғана шешілетін мәселелер де бар.
– Ал, осы жұмысты жүзеге асыратын сараптамалық-үйлестіру кеңесіне келсек, ол талдау алаңы ретінде өз жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Кеңестің міндеті тек қана осы саладағы проблемаларды анықтау емес, сонымен бірге, оның шешіміне қол жеткізу болып табылады. Біз әр шешімнің өзі тиісті талдаулардың негізінде қабылданатын осы заманғы санитарлық-эпидемиологиялық жүйені қалыптастырғымыз келеді. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласына талап анағұрлым күшейіп отыр. Жұмысқа формальды көзқарас енді жарамайды. Инфекциялық, өндірістік және биологиялық бақылау «есеп беру үшін» ғана толтырылатын құжаттамалардан арылып, адамдардың денсаулығын қорғаудың шынайы тетіктеріне қарай ойысуы қажет. Сол себепті, медициналық көмектің сапасымен бірге, бүкіл денсаулық сақтау саласының қауіпсіздігі де осы тетіктердің қаншалықты іске қосылып, жұмыс істейтіндігіне байланысты. Бүгінгі таңда Ақмола облысында осы бағытта жүйелі жұмыстарды қолға алудың нақты қадамы жасалуда, – дейді бұл ретте, жоба авторы Қасымжан Тәшметов.
Демек, облысымызда осы жобаға сәйкес құрылған тұрақты мониторингтік топ бұл істе ең бірінші көмекші болмақ. Ол үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы кеңес жұмысына тиісінше мән беріп, әрқашан қолға алынып отырған жаңашылдыққа жақтас болуы керек.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
![]()

