ТҰЛҒА
Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Аға дос, іні дос болып, қарым-қатынасымыз 30 жыл бойы үзілген жоқ. Мұрат қажы Ыдырысұлы Көкшетау университетінің физика-математика факультетін бітірген. Сәуле ауылының тұйғыны.
Сәуле деген ауыл ҚазПИ-дің атақты профессоры, Москвада аспирантурада оқыған, орыс, қазақ тілдеріне жүйрік, өзі әскери комиссар Шәрапи Әлжановтың ауылы. Аты аңызға айналған адам. 37-ші жылы қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол Әди Шәріповтің ұстазы. Одан кейін «Жас қазақтың» авторы Рамазан Елебаев. Міне, осы жерден шыққан 21-інші ғасырдағы қайраткерлеріміздің бірі.
Ұмытпасам, 2008 жылы Мұрат қажы Ыдырысұлы өзінің Ораз, Қанат ұлдарымен бірге сол Сәуле ауылында мешіт ашты. Қиын заманның өзінде өздерінің қаражатымен ашты. Бұл Атымтай жомарттық, елге, ұлтқа қызмет ету, Абылай ханның, Хан Кененің рухын сақтау. Сонда Батыр Мәлік, кешегі Әбілқайыр Досов дейміз бе, солардың ісін жалғастырып, мешіт ұйымдастырып, мәре-сәре болғаны есімізде. Сонау Алматыдан Тұрсынбек Кәкішев, атақты маркшрейдер Маржан Нұрпейісова келіп, айды аспанға шығарған еді.
Одан кейін Мұрекең Төлеген Қажыбай ағамыз жазған «Сәуле – менің ауылым» деген керемет үлкен кітапты құрастырып шықты. Сәуле елінің шежіресі, тарихы, билері, шешендері, жердің тарихы, екінші дүние жүзілік соғыста шейіт болғандардың, бүкіл елден шыққан ерекше дүлдүлдердің есімдері осы кітапта. Әрине, осыған көптеген материалдар, деректер берген Мұрат қажы Ыдырысұлы. Одан кейін Мұрат қажы керемет ақын. Өзінің ойын, пікірін, көзқарасын, дүниетанымын, ел-жердің кереметтерін өлең сөзбен өретіні сүйегінің асылдығынан, өскен ортасы жақсы болғандықтан кешегі қазақтың Абылай ханы, Шоқаны шыққан жердің қасиетінен. 2018 жылы Ұлы Абылайдың ақ үйінен, сонау Оқжетпестің қасынан Ұлытаулатып, Түркістандатып, Абылай ханның жолымен ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Өздеріңіз білесіздер, ол «Абылай ханның қара жолы» деген керемет энциклопедиялық басылым шығарды. Өзі қайраткер, өзі педагог, өзі өрен ұйымдастырушы, өзі мешіт салған, өзі қажы. Қажы болатын да бір себебі бар, біздегі Науан Хазірет бастаған, Бұхарада 12 жыл оқыған, Көкшетауға бір арба неше түрлі құнды қолжазбалар мен тарихи кітаптар әкелген жанның ізбасары десе де болады. Кезінде Есенберлин айтатын: «Гүл өскен жерге гүл өседі» деп. Міне, хан шыққан, қаһарман шыққан, батырлар, баһадүрлер, сал-серілер, ерлер шыққан жерден 21-інші ғасырда осындай ұлан-ғасыр өлшеусіз еңбегімен, имандылығымен, кісілігімен, елге қызмет етуімен Мұрат қажының шығуы, елдің руханиятына, тарихы мен мәдениетіне үлес қосуы нағыз заңдылық. Бүгінгі күні осындай марқасқа ағамыз, табаны жалпақ тарланбозымыз 80-ге толып, әрмен қарай да еліне, жұртына қызмет етуге асық. Біздің елімізде Баян Жанғалов ақсақал 98-ге келді. Өзбек деген ақсақалды көзім көрді, 1999 жылы жүзден асып дүниеден өтті. Енді мына жаңа да жарқын заманда, Тәуелсіздік заманында осындай сергек, дара болып туған Мұрат қажыға Бұқар жыраудың жасын тілеймін. Біз енді бұдан былай бұл Көкшені, Абылай ханның, Кенесарының елі десек, Мәлік пен Шоқанның, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың елі десек, енді Мұрат қажының елі деп айтуға толық қақымыз бар. Сіз Ұлы даланың шамшырағы деуге лайықсыз. Алла жазса, Абылай ханның экспедициясын сонау Еділ-Жайыққа дейін жалғастыруға, осының бәрінің шежіресін жазуға, ел тарихына қатысты деректерді тірілтуге Алла жар болсын!
![]()

