Облыс орталығындағы Бурабай колледжінде Наурыз мерекесін мерекелеу аясында «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық концерті болып өтті.
Данияр Қойбағаров демікпе ауруының ауыр формасына шалдыққан. Жасы он жетіге енді толатын бозбалаға қандай да бір қаржылай көмек көрсетуді басты мақсат санаған колледж басшылығы осындай шаралардың өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік сияқты абзал қасиеттерді оятып, бір-біріне қамқорлықпен қарау керектігін ұғындырады деп пайымдайды.
Ізгілік пен мейірім шапақ нұрын себезгілейтін рақымы мол Наурыз мерекесінде Көкшетаудың белсенді бір топ жастары колледж басшылығымен бірлесе отырып, қайырымдылық концертін ұйымдастырып, мәдени шарадан түскен қаржыны Даниярдың ата-анасына табыс етуді жөн санаған. Бурабай колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зейнегүл Орынбасарқызының айтуынша, қайырымдылық концертінен 40 мың теңге көлемінде қаржы жиналған. Алдағы уақытта осы қаражат Даниярдың отбасына табыс етілетін болады.
Мерекелік концертте колледж оқушылары өздерінің өнерлерін ортаға салып, бірі әуезді ән айтса, енді бірі мың бұрала би билеп, көрерменін тәнті етті. Айта кету керек, мәдени шара барысында көрме ұйымдастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.