шалдыққан глаукома ауруынан қалай сақтануға болады?..
Жарық дүниенің сәулесін көре алмай, арманда жүрген қаншама адам бар десеңізші. Туа біткен дерт Алланың салғаны десек, жүре пайда болған аурулардың алдын алу әрбір саналы азаматтың өзіне байланысты. Осы жағына келгенде көп адам өз денсаулығына салғырт қарап, дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінбей ауруды асқындырып алатыны бар.
Глаукома – көз ауруының ең қатерлісі, асқынған түрі, қазақы тілмен жеткізсек, жанардың мүлде семуі, яғни, суқараңғылық. Олай болса, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегендей», аурудың алғашқы белгілері мен емделу жолдарына тоқталсақ деп едік.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенетін болсақ, 7 миллионға жуық адам осы ауруға шалдыққан, сондай-ақ, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш, екі есе артады деген қауіп бар. Глаукомамен ауыратын науқас көз алдындағы затты анық көре алмайды. Сол себепті, көздің бұл ауруын халық арасында «көксу» немесе «суқараңғы» деп айтады. Глаукома тұқым да қуалайды. Демек, ата тегінде көз науқасынан зардап шеккендер болса, онда олар міндетті түрде дәрігерге тұрақты қаралып отырғаны жөн. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының есебi бойынша суқараңғы (глаукома) ауруы жасы қырықтан асқан адамдардың 1,5 пайызында кездеседi екен. Бұл көздің қалыпты жағдайдағы жұмысын төмендетіп, көздің торлы қабығына келетін жүйке тіндерінің жұмысы бұзылады. Егер дер кезінде емделмесе, адамның көру қабілеті нашарлап, тіпті, соқырлыққа да соқтыруы мүмкін. Суқараңғы 40-50 жастағы адамдар арасында пайда болады, кей жағдайларда жас балаларда (іштен туа біткен) және жасөспірімдерде кездеседі. Суқараңғының басты белгісі көздің ішкі қысымының өз нормасынан жоғары (көтеріңкі) болуы. Сау көздің ішкі қысымы сынап бағанасы бойынша 27 миллиметрге дейінгі шамада болады. Ал, суқараңғы ауруы бар көзде оның ішкі қысымы 40-50-60 миллиметрге дейін көтеріледі. Суқараңғымен ауыра бастағанда сырқаттанған адамның өзіне білінетін (субъективті) белгілер мынадай: көздің алдында анда-санда түтін, тұман тұрған сияқты, не көздің үсті мен самай, маңдай аумақтары сырқырап, шаншып әлсін-әлсін ауырады. Сондықтан, адам оқығанда не жазғанда көзі тез талып, көруі нашарланған соң көзілдірікті жиі ауыстыра береді. Жүре келе адам кейде түрлі психологиялық ситуацияларға байланысты қатты ашу үстінде не ұзақ уақыт қараңғы жерде кино, теледидар қарағанда, ауыр жұмыс істеп шаршағанда аурудың созылмалы түрі ушығып кетуі мүмкін. Әсіресе, таңертеңгілікте 1-3 сағаттай көз, самай және маңдай тұсын бір нәрсе қысып тұрғандай әсер байқалады. Суқараңғылық аяқ астынан да дамуы мүмкін. Бұл кезде бір жақ көз, бас қатты ауырады. Науқастың көзі қызарып, қабағы ісінеді, көру қабілеті төмендейді. Сол себепті, де аурудың алдын алу үшін 40 жастан асқан адамдар жылына 1 рет көз қысымын тексертіп тұруы қажет. Бұл ауру тұқым қуалауы да мүмкін. Емі: көздің қарашығын тарылтатын дәрілерді дәрігердің тағайындауымен миотикалық режим бойынша қабылдау керек. Дәрі-дәрмекпен емдеу көмектеспесе ота жасалады. Кезiнде анықталып, емделмеген жағдайда 4-6 жылда соқырлыққа әкелiп соқтырады. Бұл ауру көбiнесе ауырмай басталып, өршидi. Сондықтан, бұл аурудың алдын алудың бiрден-бiр нәтижелi шарасы жыл сайын бiр рет көз қысымын өлшету болып табылады. Жарық дүниені көру де зор бақыт. Олай болса, жастайыңнан жанарыңды сақта, жарқыным! Қазіргі таңда компьютер, теледидар, мобильді телефондарға тым үйір жастар, оны айтасыз балалар көп-ақ. Жаман ауру айтып келмейді. Десек те, жастай денсаулықты күтіп, ғұмыр берсе ауру азабын тартпай жарқылдап, жайнап өткенге не жетеді.
Айсұлу ҚҰРМАНҒОЖИНА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және
көші-қон комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің №5 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы.