Жыл сайын жетіліп келеді

Мемлекеттік қызмет

Мемлекеттік қызмет мемлекеттік басқару жүйесінде ерекше орын алады және мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Мемлекеттік қызметшілердің тиімді жұмысы мемлекеттік органдардың дұрыс қызметінің, азаматтардың мемлекетке сенімінің негізі екендігі белгілі. Әлеуметтік тұрақтылық, елдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасы да осы мемлекеттік қызметке көп байланысты.

Алдымызда үлкен кәсіптік мереке – Мемлекеттік қызметші күні келе жатыр. Бұл айтулы дата бұл күнде біздің өмірімізге берік енді деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, өз тәуелсіздігімізді алған осы отыз жылдан астам уақыттан бері біздің қоғамда мемлекеттік қызметтің шынайы үлгісі қалыптасып отыр. Жыл өткен сайын кәсіптік мемлекеттік қызмет жете дамып келеді. Әрі ол мемлекет саясатының стратегиялық маңызды бағыттарының біріне айналуда. Мемлекеттік қызметшілер барған сайын өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен шешіп, өз істерінде біліктілік пен іскерлік танытуда.

Мұны біздің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің күнделікті жұмысынан да анық байқауға болады. Қазір өзім қызмет ететін №2 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің қызметкерлері де осы жағынан барынша талапқа сай еңбек етуде деп ауыз толтырып айтсақ артық емес. Біріншіден, ортақ іске жауапкершілік бар. Осы салаға тартылған әр маманның біліктілігі де күн сайын келіп жататын тұрғындар көңілінен шығуда. Емдеу мекемелерінен түрлі мұқтаждықтарымен келген жандарды уақытын алмай тез қабылдап, мәселелерін дәйекті шешуге ұмтылу өз парызымыз екенін жақсы түсінеміз десек артық емес.

Бұған мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың маңызды буыны болып отырған цифрландыру да көп көмегін тигізуде. Осы заманғы ақпараттық жүйені іске қосудың арқасында халықтың мемлекеттік қызметтерді алуы анағұрлым жеңілдеп, мемлекеттік органдар жұмысында мөлдірліктің артқаны, тұрғындарға қызмет көрсету сапасының жақсара түскені анық байқалып отыр. Азаматтар көптеген қызметтерді мемлекеттік мекемеге тікелей бас сұқпай, қашықтықтан алу мүмкіндігіне ие болуда. Мұның өзі біз сияқты мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырып, халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып келеді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшінің беделі мемлекеттің өзінің беделі деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені, осы қызметте жүрген біздерге қарап, мемлекет, оның жай-жапсары туралы ой түюге болады. Көп жағдайда солай болып та жатады. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер әрдайым өз жұмысына аса мұқият болып, алдымен, өз іс-әрекеттері арқылы мемлекеттің беделі мен абыройын ойлаулары керек. Мұндайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те бірінші кезекте тұр. Мекемелерде осының алдын алуға күш салынып, жең ұшынан жалғасудың жолдары кесіле түсуі әділеттілік пен ар тазылығына жол ашады. Біздің салада да бейнебақылау жүйесінен бастап, осы тұрғыда жүргізіліп келе жатқан тәлім-тәрбие шаралары өз жемісін беруде.

Күнделікті жұмысымызда мемлекеттік қызметті тек қана үйреншікті атқарып жүрген кәсібіміз емес, өзімізге жүктелген жоғары қоғамдық жауапкершілік деп түсінгеніміз абзал дегім келеді. Осы қызмет енгізілген ондаған жылдардан бері ол нығайып, бүгінде үлкен бір салаға айналып отыр. Мемлекетіміз осы қызметті жетілдіріп, одан әрі іргесін берік етудің көптеген шаралары мен жолдарын қарастырып, қазір оны үлкен сапалы деңгейге көтерді деп айтуға әбден болады.

Алдағы кәсіптік мерекеміз қарсаңында осы сапта жүрген облысымыздағы бүкіл әріптестерімді осынау айтулы күнмен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін. Мемлекеттік қызметтің беделі одан сайын артып, қатарына білікті де жауапкершілігі мол жаңа қызметшілер көптеп қосыла берсін.

Ілияс НҰРЖАНОВ,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Ақмола облысы бойынша департаменті №2 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы.  
            

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар