Жарқыра, жайна, Елорда!

6 шілде – Астана күні

Астана – біздің еліміздің жүрегі! Әлемдегі үздік 30 қаланың тізіміне енген Астанамыздың өзіндік айшықты тарихы бар. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңда Астана күнін тойлау күні 6 шілдеге белгіленген. Бұл Астана күні мерекесінің ел халқы үшін қоғамдық-саяси мәні зор.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» Қаулы қабылдады. Бұл осы қалаға астана мәртебесін беруге қатысты алғашқы тарихи құжат болатын.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін астананы Алматыдан басқа қалаға көшіру шешімінің бірнеше себебі бар еді. Соның ішінде бұған еліміздің оңтүстік шекарасында орналасқан Алматының өнеркәсіп орталықтарынан шалғайлығы да әсер етті. Сонымен қатар, бұрынғы астананың етек-жеңін одан әрі кеңейту мүмкіндігі аз болды, ал, Ақмоланың бұл жағынан болашағы зор еді.

1997 жылы орталық мемлекеттік мекемелер Ақмолаға ресми түрде көшірілгеннен кейін елордаға қатысты тағы бір маңызды шешім қабылданды. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді.

Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Одан кейін он жыл бойы дәл осы күні жергілікті халық арасында қала күні аталып  өтіп келді. Ал, 2008 жылы мерекелер туралы заңға қосымшалар енгізіліп, соған сәйкес Астана күні мемлекеттік мереке болып бекітілді. Осылайша қазақ елі Астана күнін жылда 6 шілдеде атап өтетін болды.

Алғашқы күндерден бұрынғы Ақмоланың жаңа астана мәртебесіне сай болуы үшін қала келбетіне ерекше мән берілді. Осыған сәйкес астанада жаңа құрылыс жобалары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Елорданың және тұтастай еліміздің символдарына айналған Бәйтерек монументі, Қазақстанның Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана» орталық концерт залы, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы, тағы басқа озық үлгідегі құрылыстар салынды.

Астана күніне орай жылда елорданың көрнекті ғимараттарының маңайы түрлене түсетін болды. Бұл аумақтар мерекелік концерттер, көрмелер және басқа да бұқаралық іс-шаралар өтетін көпшіліктің сүйікті орындарына айналғалы қашан!

Астана елорда мәртебесіне ие болған 20 жыл ішінде, яғни, 2017 жылға қарай миллионнан астам тұрғыны бар қалаға айналды. Сонымен қатар, оған республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша қазір қалада 1 миллион 638 233 адам тұрады.

Елорда тұрғындарының басым көпшілігін қазақ ұлты құрайды. Бүкіл Қазақстандағы сияқты мұнда да ондаған этнос өкілдері тұрады. Түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруінің арқасында 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға «Бейбітшілік қаласы» атағы берілді.

Астана еліміздің бас қаласы мәртебесін алғаннан бері әлемдік деңгейде көптеген халықаралық маңызды іс-шаралар өтіп тұратын әлемдегі ірі қоғамдық-саяси орталықтардың бірінен саналатын болды. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда мұнда ОБСЕ саммиті өтіп, Астана декларациясы қабылданды. 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында ЭКСПО-2017  халықаралық көрмесі табыспен өтті. Осылай жыл сайын түрлі салалар бойынша халықаралық форумдар, саммиттер мен  ауқымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. 2025 жылы 29-30 мамыр күндері өткен Астана халықаралық форумы да әлемдік көшбасшылар, сарапшылар мен бизнес өкілдерін біріктіріп, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруда маңызды пікір алмасу алаңына айналды.

Енді Астана туралы бірер қызықты деректерге келсек, біздің елордамыз әлемдегі ең салқын қалалардың бірі. Ол әлем бойынша Моңғолия астанасы Ұлан-Батырдан кейінгі екінші суық астана болып саналады.

«Ханшатыр» ойын-сауық орталығы да әлемдегі шатыр пішініндегі ең үлкен ғимарат ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген. Ғимараттың биіктігі – 150 метр.

Орта Азиядағы ең үлкен мешіт те Астана қаласында орналасқан. Ол сыйымдылығы бойынша әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына кіреді. Онда бір мезгілде 35 мың адам намаз оқи алады.

Жыл сайын бас қаламыздың төл мерекесі бүкіл еліміз бойынша тойланады. Негізгі салтанатты іс-шаралар Астана қаласының өзінде өтіп, ол Мемлекеттік туды көтеру рәсімімен басталады. Одан кейін бұқаралық мәдени-спорттық шаралар жүзеге асырылып, көрмелер, концерттер мен қойылымдар ұйымдастырылады. Кешкі уақытта көше бойларында халықтық серуендер өтіп, дәстүрлі түрде түрлі-түсті отшашулар болады. Соңғы жылдары елімізде Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралар да осы Астана күніне орайластырылып өткізіліп жүр.

Биыл да Астана күні елімізге өзінің жақсылығы мен қуанышын молынан ала келді. Осы айтулы мереке қарсаңында 1 шілде күні бұған дейін республикалық референдумда қабылданған Жаңа Конституциямыз күшіне еніп, Қазақстан өзінің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа даму жолына бет бұрды. Тарих толқынындағы осындай тағдыршешті сәтте Қазақ елі көзі үйреніп, көңілі сүйсінген Астана күніне де барынша шаттанып, кең-байтақ Ұлы дала кеңістігіндегі күн сайын өсіп, көркейіп келе жатқан өз елордасын зор мақтаныш сезімімен ауызға алады. Алда да осы беттен таймай, жарқырап, жасарып, жайнай бер, біздің сүйікті Астанамыз!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар