Су – тіршілік көзі! Қоры да көп емес. Бізге, қажеті үнем мен ұқыптылық

9 ШІЛДЕ – СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ

Жыл сайын 9 шілдеде Қазақстан Республикасында Су шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл – су ресурстарын қорғауды, оларды ұтымды пайдалануды және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың кәсіби мерекесі.

Бүгінде су ресурстары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторларының бірі, сондай-ақ, азық-түлік, экологиялық және су қауіпсіздігінің негізі болып табылады. Климаттың өзгеруі, суды тұтынудың артуы және антропогендік жүктеменің күшеюі жағдайында су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері ерекше өзектілікке ие болуда.

Бізде кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Республикасындағы су ресурстарын мемлекеттік басқару жүйесі және Есіл бассейндік су инспекциясының қызметі туралы баяндауды жөн көрдік.

XXI ғасырда су ресурстарының тапшылығы мен оларды орнықты басқаруды қамтамасыз ету қажеттілігі жаһандық деңгейдегі негізгі сын-қатерлердің біріне айналды. Халық санының өсуі, климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы, урбанизация үдерістері су ресурстарына түсетін жүктемені арттыруда. Бұл мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруді және суды ұтымды пайдаланудың заманауи тәсілдерін енгізуді талап етеді.

Елімізде су ресурстарының елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы ескеріле отырып, су секторын мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылуда. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Су кодексіне сәйкес Министрлік су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Ол су қорын қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган ретінде қызмет етеді.

Министрліктің құрылымында су қорын пайдалану және қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті, сондай-ақ, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және мемлекеттік су шаруашылығы ұйымдарының қызметін басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын Су шаруашылығы комитеті жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасында су ресурстарын мемлекеттік басқару бассейндік қағидат бойынша жүзеге асырылады. Ел аумағы сегіз су шаруашылығы бассейніне бөлінген. Әрбір бассейн аумағында тиісті бассейндік су инспекциясы өз қызметін жүзеге асырады. Бұл тәсіл өзен бассейндерінің табиғи ерекшеліктерін ескеруге, су ресурстарын кешенді басқаруды қамтамасыз етуге және су заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің «Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Есіл бассейндік су инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Есіл су шаруашылығы бассейні аумағында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

Есіл су шаруашылығы бассейнінің аумағы 237,23 мың шақырымды құрайды. Оның 51,5 пайызы Ақмола облысының, 41,3 пайызы Солтүстік Қазақстан облысының аумағына, ал, қалған 7,2 пайызы Қарағанды, Ұлытау және Қостанай облыстарының аумақтарына тиесілі. Инспекцияның штаттық саны 24 мемлекеттік қызметшіден тұрады. Инспекцияның орталық аппараты Астана қаласында орналасқан. Ал, аумақтық бөлімдері Көкшетау және Петропавл қалаларында жұмыс істейді, олардың әрқайсысында 4 штат бірлігі қарастырылған. Мұндай ұйымдастырушылық құрылым Есіл су шаруашылығы бассейнінің бүкіл аумағында су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бассейндік су инспекцияларының міндеттері мен функциялары Қазақстан Республикасы Су кодексінің 24-бабында айқындалған.

Қазіргі таңда инспекция қызметінің негізгі бағыттары мыналар болып табылады. Біріншіден, көктемгі су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге қатысу, гидротехникалық құрылыстарды тексеру және су қатынастары субъектілерінің қызметін үйлестіру. Бассейндегі ең ірі су қоймаларына Ақмола облысында орналасқан Астана, Сілеті және Шағалалы су қоймалары, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймалары жатады.

2026 жылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша бассейннің барлық бес ірі су қоймасы жобалық көлеміне дейін толтырылып, олардың суға толу деңгейі 100 пайыздан асты. Бұл келесі жылғы су тасқыны кезеңіне дейін халықтың және экономика салаларының су ресурстарына деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, бассейннің негізгі су қоймалары тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті су қорына ие.

Екінші бағытымыз вегетациялық кезеңде су пайдалануға мониторинг жүргізу. Соның ішінде суармалы егіншілікті дамыту – еліміздің мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылы суармалы жерлердің көлемін 33,7 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 13,3 мың гектарды құрауы тиіс.

Ағымдағы жылы инспекция суару мақсатында арнайы су пайдалануға Ақмола облысы бойынша 101, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 54 рұқсат берді. Вегетациялық кезеңде суару қажеттіліктері үшін рұқсат етілген жалпы су алу көлемі бассейндегі су қоймаларында жинақталған су қорының шамамен 5 пайызын ғана құрайды.

Осылайша, қолда бар су ресурстарының қоры ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің суаратын суға деген қажеттілігін, сондай-ақ, экономиканың басқа салаларының суға деген сұранысын толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Бір сөзбен айтқанда, суды барынша үнемдеу қажет. Сонымен қатар, су саласындағы «қара нарықты» толық жою керек», — деп атап өткен болатын.

Осыған байланысты Есіл бассейнінің су объектілерінде, сондай-ақ, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде су заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады. Атап айтқанда, суды өз бетінше пайдалану қаупі жоғары учаскелерде бақылау іс-шаралары ұйымдастырылып келеді.

Жыл басынан жүргізілген осындай іс-шаралардың нәтижесінде Ақмола облысының аумағында арнайы су пайдалануды тиісті рұқсатсыз жүзеге асырған 4 жеке және заңды тұлға анықталды. Аталған фактілер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалып, құқық бұзушыларға әкімшілік айыппұл салынды. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 9 құқық бұзушылық анықталып, кінәлілерге әкімшілік айыппұл салынды.

Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологияларын енгізуге су ресурстарын ұтымды пайдаланудың негізгі құралдарының бірі ретінде ерекше назар аударылған.

Сонымен қатар, елімізде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Су кодексінің талаптары күшіне енеді. Оған сәйкес айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелері жоқ өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жылу өндіруші субъектілер Су кодексінің 123-бабының 2-тармағының талаптарын орындау мақсатында Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей аталған жүйелерге кезең-кезеңімен көшу жоспарын ұсынуға міндетті. Бұл ретте, мұндай жоспарды іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.

Аталған талаптарды іске асыру мақсатында Есіл бассейндік су инспекциясы сумен жабдықтау қызметтерін көрсететін су шаруашылығы ұйымдарымен бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындарды, жылу өндіруші субъектілерді және автожуу қызметін көрсететін кәсіпорындарды түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте, ерекше назар автожуу кешендеріне аударылуда. Өйткені, дәл осы салада айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелерін енгізу ауыз суды тұтынуды айтарлықтай қысқартып, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексінде жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, 133-бапқа сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің елді мекендері шегінде орналасқан жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеуге міндетті.

Аталған норманы орындау мақсатында Есіл бассейндік су инспекциясы Астана қаласының, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елді мекендер шегінде орналасқан жерүсті су объектілеріне түгендеу жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген түгендеу нәтижелері негізінде жергілікті атқарушы органдар қазіргі уақытта жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеу жұмыстарын қолға алуда. Бұл жұмыстар су объектілеріне кешенді зерттеу жүргізуді, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын айқындауды, тиісті материалдарды әзірлеуді және оларды заңнамада белгіленген тәртіппен бекітуді қамтиды.

Жаңа Су кодексінің талаптарын іске асыру су қорын неғұрлым тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, жерүсті су объектілерінің ластануының, қоқыстануының және сарқылуының алдын алуға, сондай-ақ, су қорғау аймақтары мен белдеулері шегінде шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру режимін сақтаудың тиімді құқықтық тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, Есіл бассейндік су инспекциясы да өз кезегінде азаматтарды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақстан Республикасы Су кодексінің талаптарын сақтауға, су ресурстарына ұқыпты қарауға және суды ұтымды пайдалануға шақырады.

Су – тіршіліктің, экономиканың орнықты дамуының және келер ұрпақтың әл-ауқатының негізі. Оны сақтау және ұтымды пайдалану – мемлекеттің, бизнестің және әрбір азаматтың ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлттың су ресурстарын келер ұрпақ үшін сақтап қала аламыз.

Газет бетінде берілген осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің барлық су шаруашылығы саласының қызметкерлерін шын жүректен кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Әрқашан денсаулықтарыңыз зор, отбасыларыңыз аман болып, ел үшін атқарған еңбектеріңіз табысты бола берсін!

Талғат ИБРАЕВ,
Есіл бассейндік су инспекциясының басшысы.                

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар