Жаңа Конституция – жаңғыру жолы
Елімізде осы жылдың наурыз айында зор тарихи маңызы бар оқиға орын алды. Мемлекетіміз өз дамуында тағы бір тағдыршешті қадам жасап, Қазақстан халқы елдің жаңа Конституциясын қабылдады және ол Ата Заңымыз 1 шілдеден бастап өз күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай, жариялаған Үндеуінде «Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз» деп атап көрсетілген.
сурет inbusiness.kz сайтынан.
Бұл сенім жаңа Ата Заңымыздың халық мүддесіне сай келуінен туындап отыр. Мұнымен бірге, осы маңызды оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау да 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалып отыр. Демек, заң шығарушы жоғары органға саяси партиялар қатарынан ел, халық мүддесін бірінші орынға қоятын лайықты депутаттар келетіндігіне үміт мол.
Осы арада өткенге сәл шегініс жасасақ, Жаңа Конституцияның жобасы оны талқылау кезеңінің өзінде-ақ қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде мен Ата Заңның негізгі ережелерін талқылауға тікелей қатысып, қоғамның қолға алынып жатқан өзгерістерге жоғары деңгейде қызығушылық танытқанына куә болдым. Көптеген кездесулер, сараптамалық пікірталастар мен қоғамдық ойласулар барысында азаматтар, ғылыми қауымдастық өкілдері және азаматтық қоғам институттары елдің болашағына қатысты өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін білдірді.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі оның адамға бағдарланған сипаты, яғни, «адам үшін мемлекет» қағидаты болды. Дәл осы қағидат конституциялық жаңашылдықтардың негізіне айналды. Негізгі заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының күшейтілген кепілдіктері, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, адамды қорғау тетіктерін нығайту және саяси институттар арасындағы жаңартылған тепе-теңдік көрініс тапты. Шын мәнінде, Конституция азаматтың мүддесі, қадір-қасиеті, әл-ауқаты және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері басты орын алатын жаңа қоғамдық келісімді бекітті.
Толығырақ айтқанда, конституциялық реформаның бірнеше негізгі бағыты қоғамның ерекше назарын аударды. Бұл ретте, ең алдымен, жаңа құжаттың адамға бағдарланған сипатын атап өткен жөн. Жетекші заңгерлердің пікірінше, Конституция адам құқықтарының сөзсіз басымдығы қағидатын бекітіп, өмірдің қол сұғылмаушылығына кепілдік береді, жеке деректер мен цифрлық құпиялылықты қорғауды күшейтеді, сондай-ақ, азаматтарды қорғаудың заманауи құқықтық тетіктерін енгізеді. Мұндағы маңызды жетістіктердің бірі әрбір азаматтың сапалы медициналық көмек алу құқығының нақты бекітілуі болды. Алғаш рет бұл норма конституциялық деңгейде осындай айқын әрі нақты түрде көрініс тауып отыр, бұл мемлекеттің халықтың әл-ауқаты үшін тікелей жауапкершілігін білдіреді.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер де кеңінен талқыланды. Қазақстан түпкілікті түрде суперпрезиденттік басқару моделінен бас тартты. Бір палаталы Парламент құрылады, вице-президент лауазымы енгізіледі, билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі жетілдіріледі.
Қоғам мемлекеттік институттарды саясатсыздандыруға бағытталған нормаларды қолдады. Конституция судьяларға, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне және әскери қызметшілерге саяси партиялар мен кәсіподақтарға мүше болуға тыйым салады. Бұл мемлекеттік органдардың саяси бейтараптығы мен тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етпек.
Ғылымды, білім беруді және мәдениетті ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде бекітетін ережелер сарапшылар қауымдастығы тарапынан оң бағаланды. Азаматтардың интеллектуалдық әлеуеті Қазақстанның тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды ресурсы ретінде танылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей: «Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата Заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды».
Биылғы 4 маусым күні Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекеде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы технологиялық дамудың қарқынды жүруі, саяси толқулар мен халықаралық қақтығыстар жағдайында Конституцияның қоғам үшін негізгі бағдар ретіндегі маңызы бірнеше есе арта түсетінін атап өтті.
Конституция күшіне енгеннен кейін ел дамуының жаңа кезеңі басталмақ. Жоғарыда айтқанымыздай, алдағы айларда бір палаталы Құрылтайға сайлау өткізіліп, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Осылайша Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамдық қатынастарды және құндылықтар жүйесін қамтитын ауқымды өзгерістер кезеңіне қадам басқалы жатыр.
Сонымен қатар, Президент жаңа Конституцияны қабылдау реформалардың түпкі мақсаты емес екенін ерекше атап өтті. «Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет», – деді бұл орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде елімізде жаңа жасампаз күн тәртібі қалыптасып келеді. Қоғамдық өмірде жаңа идеялар, жаңа көшбасшылар және мемлекеттің болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын патриоттардың жаңа буыны пайда болуда.
Жаңа Конституция – адамның құқықтары, қадір-қасиеті мен әл-ауқатын басты құндылық ретінде танитын әділетті мемлекеттің жаңа философиясын бейнелейтін болашақ Қазақстанның іргетасы. Бұл – біздің саналы таңдауымыз әрі келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Бұл шешім кең қоғамдық талқылау мен жалпыхалықтық ерік-жігердің нәтижесінде азаматтардың әділетті, заманауи әрі тиімді мемлекет құруға деген ұмтылысын көрсетті.
Жаңартылған мемлекеттік басқару жүйесінде мәслихаттарға – жергілікті халықтың еркін білдіретін өкілді органдарға ерекше орын беріледі. Мәслихаттар азаматтар мен мемлекет арасындағы маңызды байланыстырушы буын болып табылады. Олар өңір тұрғындарының мүдделерін қорғап, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге қатысады, жергілікті бюджеттерді бекітіп атқарушы органдардың қызметіне бақылау жүргізеді.
Ақмола облыстық мәслихатының құрамында өңір тұрғындарының түрлі аумақтық және әлеуметтік мүдделерін білдіретін 32 депутат бар. Депутаттық корпустың күнделікті жұмысы халықпен тұрақты байланыс орнатуға, азаматтардың өтініштерін қарауға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдауға негізделген.
Жаңа Конституция өңірлер мен өкілді органдардың рөлін одан әрі күшейтуді көздейді. Бұл шешімдердің басым бөлігі тікелей жергілікті деңгейде, адамдар өмір сүретін және халықтың нақты қажеттіліктері жақсырақ түсінілетін жерде қабылданатынын білдіреді.
Мен бұл тәсілді аса маңызды деп санаймын. Өңірдің мәселелерін сол жерде тұратын тұрғындар мен олардың өкілдерінен артық ешкім білмейді. Қосымша өкілеттіктерді жергілікті деңгейге беру жауапкершілікті арттырудың, басқару тиімділігін күшейтудің және азаматтардың билікке деген сенімін нығайтудың маңызды қадамы болып табылады.
Мәслихаттардың бюджеттік үдерістердегі рөлі де арта түседі. Өкілді органдар өңірлік бюджеттерді бекітіп қана қоймай, олардың орындалуына жүйелі бақылау жүргізетін болады. Бұл бюджет қаражатының неғұрлым тиімді, ашық әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Мәслихаттардың бақылау өкілеттіктері де едәуір кеңейеді. Депутаттар әкімдер мен атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдауды, қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігін бағалауды және халықты алаңдататын мәселелерді көтеруді жалғастырады. Қажет болған жағдайда заңда көзделген ықпал ету тетіктері, соның ішінде ұсыныстар енгізу және лауазымды тұлғаларға сенімсіздік білдіру құралдары қолданылатын болады.
Мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға, жергілікті бастамаларды дамытуға және азаматтардың мүдделеріне барынша сәйкес келетін шешімдер қабылдауға ықпал етеді.
Нәтижесінде мәслихаттар формалды консультативтік институт емес, өңірлік саясаттың толыққанды қатысушысына айналып, аумақтардың дамуына нақты ықпал етуге және билік қызметіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге қабілетті болады.
Конституциялық реформа билікті заңмен шектеу және мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктерді әділ бөлу қағидатын бекітеді. Өкілді органдардың рөлін күшейту және атқарушы биліктің есептілігін арттыру мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтпақ.
Осылайша, жаңартылған Конституция азаматтардың сайлау, референдумдар және өкілді органдар қызметі арқылы елді басқаруға кеңінен қатысуына жағдай жасайды. Бұл – халықтың мүддесіне қызмет ететін және Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін ашық, жауапты әрі есеп беретін билік жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

