Әділетті қоғам қалыптастырудың берік негізі

Жаңа Конституция –жаңғыру жолы

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде өз күшіне енді.

Оның күшіне енуімен Қазақстан құқықтық дамуда үлкен серпіліс жасайды деп үміттенемін. Өйткені, осы берік сенімге бастайтын құқықтық негіз еліміздің жаңа Ата Заңында нықтап бекітілді. 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бізге «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын ұсынған болатын, міне, дәл сол кездің өзінде қоғамда әділетті Қазақстан ұғымы қолданысқа енгізіле бастады.

Конституцияның преамбуласын оқи отырып, бойымды мақтаныш кернеді және Заң мен Тәртіптің жаңа әрі адал қағидаттарына негізделген Әділетті Қазақстан идеясының салтанат құруын сезіндім.

Ата Заңдағы басты саяси өзгеріс – бірпалаталы парламент – Құрылтайдың құрылуы болып табылады. Жаңа заң шығарушы органға бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.

Ең елеулі жаңалықтардың бірі – 1996 жылы жойылған вице-президент лауазымының қайта қалыпқа келтірілуі. Вице-президентті парламенттің келісімімен Мемлекет басшысы тағайындайды. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, билікті беру процедурасы аяқталғанға дейін мемлекетті басқаруды өз мойнына алатын бірінші тұлға дәл осы вице-президент болады.

Сонымен қатар, жобаның басты жаңалықтарының бірі – жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы – Қазақстан Халық Кеңесін құру.

Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган және оның құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарының арасынан жасақталады. Бұл жаңадан құрылатын Халық кеңесі қоғамдық бірлікті нығайтып, ұлттық құндылықтарды ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту,  азаматтардың заң шығару процесіне қатысуы секілді міндеттерді атқарады.

Міне, Қазақстанның саяси дамуының негізгі бағыттары осындай.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 21 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның біреуі облыстық, 20-сы қалалық және аудандық кеңестер болып табылады. Облыстың Қоғамдық кеңестерінің жаңа құрамы 2025 жылғы наурызда жасақталды. Облыс аумағындағы барлық Қоғамдық кеңестердің мүшелері наурыз айындағы референдумға бір кісідей қатысып, мемлекеттік құрылымның қолданыстағы жүйесін жаңарту мен жаңа құқықтық дәуір үшін өз дауыстарын берді.

Ақмола облысы бойынша барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңестерге 266 адам тартылған. Олардың арасында түрлі қызмет салаларының өкілдері бар. Атап айтқанда, қоғам белсенділері, жастар, мәслихат депутаттары және жергілікті халық арасында құрметке ие, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері біздің арамызда халық мүддесі үшін түрлі мәселелерді қозғап, қызмет етуде. Олардың ішінде облыс аумағында бірнеше жыл бойы кәсіби және қоғамдық қызметті жүзеге асырып келе жатқан танымал азаматтар да бар. Олар – Ермек Нұғыман, Серік Кәкенов, Нұрлан Жаров, Игорь Плюснин, аудандарды алсақ, Жанбай Омаров, Ирина Жукова, Наталья Рислинг және Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының басқа да сыйлы тұрғындары.

Тек 2025 жылдың өзінде ғана Ақмола облысының Қоғамдық кеңестері ақмолалықтардың игілігі үшін 766 іс-шара, түрлі мониторингтер, қоғамдық тыңдаулар мен сараптамалар өткізді.

Бүгінгі таңда Қоғамдық кеңестері одан әрі қоғамдық дамуға ұмтылып, Әділетті Қазақстанның бейнесіне айналуды мақсат тұтуда. Өйткені, «Әділетті Қазақстан» – ақиқаттың, шешім дұрыстығының және шындық жолымен жүрудің көрінісі. Халқымызда «Әділдікті ту еткен» деген тамаша сөз бар. Жаңа Конституция сол әділ де әділетті қоғамды дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін. Ата Заңымыз әрбір қазақстандықтың өмір сапасының артуына және баршамыздың жайлы, ыңғайлы әрі қауіпсіз елде өмір сүруімізге дәнекер болсын.

Қабдуәли ҚҰЛЫШЕВ,
Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар