Шортанды ауданының аудан әкімі Сағындық Шабаров облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді. Брифингте соңғы бес айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы ортаға салынды.
Мемлекет басшысының Жолдауында егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамуына, әр адамның тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған стратегиялық бағыт-бағдарлар іске асырылып отыр. Бүгінде осы мақсаттарға жету үшін ауданда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тұрақты экономикалық өсудің маңызды факторы – инвестиция тарту. Биылғы алғашқы бес айда аудан экономикасына 9,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Айта кету керек, инвестициялардың басым бөлігі кәсіпорындардың меншік қаражаты есебінен қамтамасыз етілді.
Қазіргі уақытта аудан аумағында жалпы құны 30 миллиард теңгеден асатын 19 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 300 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ең маңызды жобалардың қатарында «Алтыналмас» акционерлік қоғамы жүзеге асырып жатқан Жолымбет алтын айыру фабрикасын жаңғырту жұмысы бар. Жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, орман өсіру бағытында «Қазақстан Орманы» 6 миллиард теңгенің жобасын қолға алып, қазірдің өзінде 300 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызды. Бозайғыр ауылында «Бозайғыр» және «НС Алуа» серіктестіктері құны 9 миллиард теңге болатын екі бірдей кірпіш зауытының құрылысын жүргізуде. Төңкеріс станциясында құрылған индустриялық аймақтың инфрақұрылымына аудандық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, желілер тартылды.
Инвестициялар ағыны құрылыс жұмыстарының өсуіне де оң әсер етті. Бес айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтарға арналған 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, маусым айында пайдалануға беріледі.
Ауыл шаруашылығы өнімі 3,3 миллиард теңге, бұл былтырдан 600 миллион теңгеге артық. Көктемгі егіс те сәтті аяқталып, 248 мың гектар алқапқа дән себіліп, майлы дақылдар едәуір ұлғайтылды. Мал шаруашылығы бойынша да өсім бар.
Ауданда бір жарым мың шағын және орта бизнес субъектілері бар. Былтыр 20 кәсіпорын ашылса, биыл да осынша жаңа нысан іске қосылмақ. Бозайғыр ауылдық округінде екі бірдей заманауи демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Тұрғындар табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29 жаңа өтінім қаралуда.
Шортанды өнеркәсіп өнімін өндіруден Ақмола облысы бойынша Степногорск, Зеренді, Көкшетау және Бурабайдан кейінгі 5-ші орынды иеленеді. Бес айда 70 миллиард теңгеге жуық өнім өндірілген. Екі жыл қатарынан орташа айлық жалақы мөлшері бойынша облыста көш басында. Орташа жалақы 437 209, ал, өнеркәсіп саласында 816 915 теңге.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Дамса ауылында құны 1,6 миллиард теңге болатын орталық қазандық пен жылу желілерінің құрылысы аяқталды. Мектеп, балабақша және көпқабатты үйлер орталық жылуға қосылды. Сондай-ақ, он жылдан бері жөндеу көрмеген қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілді.
Аудан халқының барлығы дерлік таза ауыз сумен қамтылған. Ключи ауылында жуырда су құбыры құрылысы аяқталып, үйлерге су қосылуда. Ал, Камышенка ауылына су тазартатын арнайы модульді қондырғы орнатылды.
Соңғы үш жылда 60 шақырымнан астам жол жөнделіп, ауылдық жерлерде толық дерлік тас жол төселген. Аудан орталығында және Жолымбетте тротуар салынып, 6 ауылда көше жарығы орнатылуда. Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары да қарқынды.
Ауданда жалпы 23 мектеп жұмыс істейді. Білім сапасы да жақсы. Биылғы оқу жылын 23 түлек «Алтын белгімен» тәмамдады. Жазғы уақытта 1 мыңнан астам бала мектеп жанындағы және Бурабай, Балқаш шипажайларындағы лагерлермен қамтылады. Оқу ошақтарын жылыту маусымына дайындау үшін қостанайлық компаниямен көмір жеткізуге келісім-шарт жасалды.
Денсаулық сақтау саласында биыл ауданға 3 жаңа дәрігер мен 3 орта буын маманы келді. Кәсіби мерекеде жас мамандарға пәтер кілттері табыс етілді. «Модернизациялық ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Новокубанкада жаңа амбулатория, ал, Ключи, Төңкеріс және Пригородное ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, ауданда жаңа медициналық орталық пен Бубновский реабилитациялық орталығы ашылды.
Аудан халқының жартысына жуығы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Шортандылық кәсіпқой спортшылар биыл облыстық «Ақ бидай» спартакиадасында үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ пен мини-футболдан және жоғары жүлделі орындарға ие болды. Айта кету керек, биылғы көктемгі су тасқыны кезеңі алдын ала жүргізілген дайындық, дамбаларды бекіту және каналдарды тазалау жұмыстарының арқасында ешқандай төтенше жағдайсыз, штаттық режимде өтті. Бес айда мемлекеттік бюджетке 3 миллиард теңге түсті. Кейінгі 4 жылда аудан кірісі 2,5 есеге өсіп, ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы 300 мың теңгеге жетті.
Брифинг барысында Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров жыл соңына дейін инвестициялық тартымдылықты арттыру, ауылдық инфрақұрылымды дамытып, мал басын көбейту бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, көппәтерлі баспананың құрылысы, яғни, абаттандыру, ойын алаңдарын салу тәрізді жұмыстардың екі апта мерзімде жалғасатынын жеткізді. Бұдан бөлек, жергілікті волонтерлік қозғалысын қолдау қарқынды жүргізілмек.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

