Жуырда Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді. Аудан басшысы брифингте жасаған баяндамасында өңірді дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтар жария етілді.
Тілшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен бұл жиында ресми көрсеткіштердің құрғақ есебінен гөрі, қарапайым халықтың тұрмысына тікелей қатысы бар нақты жобаларға басымдық берілді.
Аудан халқы үшін ең өзекті мәселелердің бірі инфрақұрылымды жаңғырту бағыты бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, Аққайың, Нұресіл, Қараменді батыр, Родина және Төңкеріс ауылдарында жаңа су құбырлары тартылды. Қазіргі уақытта Қараөткел, Қызылсуат және Софиевка ауылдарында таза су жеткізу жұмыстары жалғасуда. Бұған қоса, бірнеше елді мекенді қамтитын топтық су құбырының келесі кезеңдерін жобалау ісі де аяқталуға жақын. Электр желілерінің сапасын арттыруда Қараөткел ауылындағы жұмыстар тәмамдалып, Қояндыда жаңа трансформаторлар іске қосылды. Сондай-ақ, Рахымжан Қошқарбаев пен Софиевка ауылдарының желілері сенімді басқаруға беріліп, электр қуатының тұрақтылығы қамтамасыз етілмек.
Газдандыру ісі де аудан тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуде. Нұрлы, Аққайың, Шұбар, Алтынсарин, Талапкер, Қоянды және Қараөткел елді мекендерінде жаңа газ нысандары іске қосылып, халық «көк отынның» игілігін көре бастады. Алдағы уақытта бұл қатарға Қызылсуат, Қаражар және Ақмол ауылдары қосылады. Ең маңыздысы, демеушілердің қолдауымен тағы алты ауылды газдандыруға арналған жобалық құжаттар тегін әзірленіп жатыр, бұл жұмыстар жыл соңына дейін дайын болады. Жылу жүйелеріне де кешенді жөндеу жүргізіліп, тозығы жеткен элементтер жаңартылды. Бұл шаралар қыс мезгілінде үйлердің жылы әрі жайлы болуына кепілдік береді.
Көлік инфрақұрылымында да оң өзгерістер аз емес. Жыл бойы ауданның он төрт ауылында ауқымды жұмыстар атқарылып, ондаған шақырым жолға асфальт төселді. Биыл да бұл қарқын бәсеңдемейді, жаңа жолдар салумен қатар Қоянды, Қызылсуат, Қабанбай батыр, Қаражар, Ақмешіт және Тастақ ауылдарының ішкі көшелерін күрделі жөндеу, сондай-ақ, Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жоспарлануда. Көшелерді жарықтандыру мақсатында он екі елді мекенде мыңдаған жаңа жарық көздері орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі күшейтілді. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін он бес ауылда жаңа ойын және спорт алаңдары жабдықталды.
Әлеуметтік салада білім мен денсаулық сақтау нысандарының бой көтеруі халықты қуантып отыр. Ұлттық жобалар аясында Талапкер, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ақмол, Қабанбай батыр және Жаңажол ауылдарында заманауи жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұл қадам өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын бірнеше есеге азайтты. Родина ауылында мемлекет пен бизнестің серіктестігі нәтижесінде жаңа өнер мектебі ашылып, балалардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалды. Денсаулық сақтау бағытында ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсететін он алты жаңа нысан, соның ішінде амбулаториялар мен медициналық пункттер ашылды.
Халықты әлеуметтік қолдау және ауылға жас мамандарды тарту шаралары да жүйелі жүзеге асырылуда. Зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға және мүгедектігі бар жандарға арналған көмек түрлері толық орындалып келеді. Бағдарламалар аясында ауылға келген ондаған жас маман баспаналы болып, жүздеген қызметкерге көтерме жәрдемақы төленді. Аудан басшысы атап өткендей, барлық қолға алынған жобалар мен алдағы жоспарлар тек құрғақ статистика үшін емес, әрбір целиноградтықтың өз ауылында сапалы жол, таза су, тұрақты жарық пен жайлы орта игілігін нақты сезінуі үшін жасалып жатыр.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

