Жақсы жоба жергілікті жерлерге толық жетпей жатыр

Ауыл жайы

Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру және ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану жайы кеңінен талқыланды.

Комиссия төрағасы, депутат Әбілқайыр Ошақбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаментінің, «KOKSHE» ӘКК және аграрлық несие корпорациясының өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.

Комиссия мүшелері алдымен жоғарыда атап өтілген мекеме өкілдерінің «Ауыл Аманаты» жобасының іске асырылу барысы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі жұмысы туралы баяндамаларын тыңдады.

Алдымен, «Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып өтсек, ол ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске қосылған. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктерге өтініш беруі керек. Бағдарламада уақыт шектеулері жоқ. Сонымен қатар, қаражаттың мақсатты жұмсалуы үнемі бақылауда болады.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Жүсіповтың ақпараты бойынша, өңірде ауыл халқының табысын арттыруға және ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл Аманаты» жобасы 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Оны іске асыруға 2023-2026 жылдары 13,9 миллиард теңге қарастырылған. 2026 жылғы 26 мамырдағы жағдай бойынша 4,08 миллиард теңге сомасына 463 микрокредит берілген. Олардың 308-і мал шаруашылығын дамытуға және 155-і басқа да бизнес-жобаларды іске асыруға бөлінген. 49 ауылдық өндірістік кооператив 1,26 миллиард теңгеге қаржылай қолдау алған.  Облыста Ерейментау ауданындағы ет кластерін құру жөніндегі зәкірлік жобаны қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауылдық кооперацияны дамыту жөніндегі жобалар да іске асырылуда.

Осы орайда, отырысқа қатысушы «KOKSHE» ӘКК» акционерлік қоғамының несиелеу департаментінің директоры Дина Ахметжанова көп елді мекендерде шаруалар «Ауыл Аманаты» жобасының барын да білмейтінін айтып, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жұмысын сынға алды. Ол аграрлық саланы несиелеу бойынша халықты ақпараттандыру мәселелерімен аудандарды аралау барысында ауыл әкімдерінің де осы бағдарламаны түсіндіруге құлықсыз екендігін де айтып салды. Десе де, облысымыздың бірнеше ауданында жеңілдікпен берілген несиенің нақты бизнеске айналып, өңдеуші шағын кәсіпорындардың жұмысын жандандырғанына дәлел болатын сәтті мысалдар да аз емес.

Мәселен, Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы «Соколов» жеке кәсіпкерлігінің ірімшік өндіру жобасын ерекше атап өтуге болады. Кәсіпкер 8,6 миллион теңге көлеміндегі жеңілдікпен берілген шағын несиені тек мал басын көбейтуге ғана жұмсамай, қаражатты жоғары технологиялық, автоматтандырылған ірімшік қайнату жабдықтарын сатып алуға инвестициялаған. Бүгінде бұл шағын ірімшік зауыты жоғары сапалы өнім түрлерін шығарып, табысты жұмыс істеп тұр. Кәсіпкердің өнімдері ауыл сұранысын толық өтеп қана қоймай, Щучинск және Петропавл қалаларының бөлшек сауда дүкендеріне тұрақты түрде жеткізіліп тұрады. Сол сияқты, бұл бағытта «Мейрамова» ЖК жобасы да табысты жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіпкер заманауи нан пісіру жабдықтарын сатып алып, жаңа наубайхана ашқан. Бүгінде кәсіпорын жергілікті тұрғындарды нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жоба аясында тұрақты жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджетке салық түсімдері түсіп жатыр. Астананың іргесіндегі  Қараөткел ауылында орналасқан «Аяла» жеке кәсіпкерлігінің де жобасы өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғыны 8,6 миллион теңге көлемінде несие алып, еттен жартылай дайын өнімдер шығаратын шағын цех ашқан. Олар шикізатты, яғни, етті жеке қосалқы шаруашылықтардан сатып алып, кейін дайын өнімді ешқандай делдалсыз тікелей елорда базарларына жеткізіп саудалайды. Тізе берсек, мұндай мысалдар көп. Бірақ, кейде жер-жерлерде осындай бағдарламаларды насихаттап, халықты ақпараттандыру тұрғысындағы жұмыстар расында құлықсыз жүргізіліп қалып жатады.

Бұдан әрі отырыста мемлекетке пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс нәтижелері қаралды. 2022-2025 жылдары мемлекет меншігіне 780,7 мың гектар жер қайтарылып, оның 97,7 пайызы қайта бөлінген. 2026 жылға осы жерді қайтару жоспары 90 мың гектарды құрайды, бүгінгі таңда оның 54,9 мың гектары немесе 61 пайызы қайтарылған.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына «Ауыл Аманаты» жобасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамытуды, бағдарламаға әлеуетті қатысушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша орталық мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне маусымдық дала жұмыстарының ерекшеліктерін ескере отырып, Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінің жұмыс істеу қағидаларына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жолдау ұсынылды. Қолданыстағы қағидалар егін жинау науқаны кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудың ерекшеліктерін ескермейтін көрінеді. Бұл кезеңде жүк көліктері тәулігіне 5-6 және одан да көп рейс жасап, түнгі уақытта да жұмыс істейтін көрінеді.

Жер ресурстарын басқару департаментіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау, оны мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ, ол жердің екінші қайтара  ұтымды әрі тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейту ұсынылды.

Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасы Әбілқайыр Ошақбаев қаралған мәселелердің өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін ерекше атап өтті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар