Тұрақты комиссияларда
Ақмола облыстық мәслихатында экономика және бюджет мәселелері мен депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.
Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп талқыға салынды. Маңызды басқосуда қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшылары, сондай-ақ, Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Тұрақты комиссия мүшелерінің қарауына ұсынылған жылдық есепті таныстырған Ақмола облысы бойынша қаржы басқармасының басшысы Татьяна Белаяның мәлімдеуінше, 2025 жылы облыстық бюджеттің тиімді әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл ішінде 4 рет нақтылау және 26 түзету жүргізілген. Бұл қадамдар бюджеттік процестердің құбылмалылығына жедел әрі икемді әрекет етуге, сондай-ақ, қаржыны өңірдің ең өзекті қажеттіліктеріне уақытылы қайта бөлуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, қазынаның кіріс бөлігі бастапқы жоспармен салыстырғанда 5,6 пайызға ұлғайып, 621,4 миллиард теңгені құрады. Ал, шығыстар 623,1 миллиард теңге көлемінде бекітіліп, алғашқы межеден 36,1 миллиард теңгеге өсті. Дегенмен, 2024 жылмен салыстырғанда кірістердің 1,1 пайызға, ал, шығыстардың 1,4 пайызға азайғаны байқалады. Жалпы алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша кірістер мен шығыстар жоспары 99 пайызға орындалып, аймақ бюджетінің теңгерімділігі мен тұрақтылығын дәлелдеді.
Аймақтың бюджеттік саясаты ең алдымен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге, яғни, оларды әлеуметтік қолдауға, денсаулығын жақсартуға және сапалы білім алуына бағытталғанын атап өткен жөн. Шығындардың ең үлкен бөлігі, шамамен 50 пайызы әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған. Атап айтқанда, білім саласына жұмсалған шығын 268,6 миллиард теңгені, денсаулық сақтау 14,7 миллиард теңгені, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз ету шаралары 18,5 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ, 2025 жылы аймақтық бюджеттен нақты экономика секторын дамытуға 259 миллиард теңге бөлінді және бұл барлық шығындардың 40 пайызына тең. Соның ішінде: ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман және балық шаруашылығына 87,5 миллиард теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 76,7 миллиард теңге, көлік пен коммуникацияларға 66 миллиард теңге, ал, отын-энергетикалық кешенге 17,4 миллиард теңге жұмсалды.
Бюджеттің орындалуы сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі бюджет қаражаттарын тиімді пайдалану екенін айтқан Татьяна Белая есепті жылда республикадан қаржының кешігіп түсуі, жобалардың түзетілуі және конкурс рәсімдерінің созылуы секілді бірқатар қиындықтар орын алғанымен, өңір алдына қойған негізгі міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізгенін, ал, жіберілген кемшіліктер мен аудит ескертулері ағымдағы жылдың бюджетін жоспарлау мен игеру барысында толықтай ескеріліп, жұмыс сапасы арттырылатынын жеткізді.
Өңірдің бас қаржылық құжатының атқарылу барысын саралаған Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов те өткен жылдың қорытындыларын жария етті. Оның айтуынша, есепті кезеңде облыс бюджетінің атқарылуы тұрақты макроэкономикалық жағдайда және негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң серпіні сақталған тұста жүзеге асырылған. Қуанарлығы, аймақтың меншікті кірістері 13,7 пайызға еселеніп, 107 миллиард 779 миллион теңгеге жеткен. Қазына қоржынына құйылған бұл қаражаттың басым бөлігі, яғни, 80,5 пайызы дәстүрлі түрде «Салықтық түсімдер» санатына тиесілі болып отыр. Нақтырақ айтсақ, салықтан түскен табыс 12,2 пайызға артып, 86 миллиард 721 миллион теңгені құрады. Бұл ретте, жеке табыс салығы бойынша түсімдер 11,1 пайызға, ал, корпоративтік табыс салығы 14,0 пайызға өскені байқалады, бұл аймақтағы іскерлік белсенділіктің оң арнаға түскенін айғақтайды.
Облыс бюджетінің шығыстар бөлігі 616 миллиард 811 миллион теңгені құрап, қалыптасқан үрдіс бойынша әлеуметтік бағытын сақтады. Жалпы шығынның тең жартысынан астамы, яғни, 323 миллиард 972 миллион теңгесі немесе 52,5 пайызы әлеуметтік саланың қажеттілігіне бағытталған. Оның ішінде тек білім беру саласының өзіне 268 миллиард 580 миллион теңге жұмсалып, әлеуметтік шығыстардың 82,9 пайызын еншіледі.
Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық мақсаттардың орындалуы да назардан тыс қалмады. Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес, Ақмола облысының даму жоспарында 4 негізгі бағыт бойынша 13 стратегиялық мақсат көзделген болатын. Есепті кезеңде жоспарланған нысаналы индикаторлардың орындалу үлесі 64,8 пайыздан 69,1 пайызға дейін өскен. Жалпы орындалуда болған 94 жоспарлы көрсеткіштің 65-іне қол жеткізілген. Мұнымен қоса, бюджеттік инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау қорытындысы көрсеткеніндей, мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі өңір үшін нақты әлеуметтік маңызы бар нәтижелер беріп, инфрақұрылымның сапалы дамуына серпін берген. Тексеру комиссиясының ақпаратына сәйкес, бюджеттің орындалуы тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, бюджеттің меншікті кірістерінің өсуі, дебиторлық берешектің азаюы және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асырудың оң нәтижелері ерекше атап өтілді. Сөз соңында тексеру комиссиясының төрағасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыру және бюджеттің атқарылу сапасын жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне арналған бірқатар сындарлы ұсынымдар әзірленгенін жеткізді.
Отырыста, сондай-ақ, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының іске асырылу қорытындылары қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі жоспарланған 6,3 пайыздың орнына 6,6 пайызды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін төмендеп, 34 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, бірлескен отырыста қоршаған ортаны қорғауға бөлінген жергілікті бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы ақпарат тыңдалды. Облыстың даму жоспары бойынша орындалмаған жекелеген индикаторлар жөнінде салалық басқармалар басшыларының есептері де назарға алынды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру, бюджет қаражатын игеру сапасын жақсарту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша тиісті ұсынымдар берді. Аталған маңызды мәселелер алдағы уақытта облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізілетін болады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

