Халық және нарық
2026 жылдың өткен бес айының қорытындысы бойынша Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматтардан 586 жазбаша өтініш түскен.
Келіп түскен өтініштерді талдау көрсеткеніндей, шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласында тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты болған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш департамент басшысы Самат Сайдалин мәлімдеді. Оның айтуынша, тұтынушылар тауарларды сату орындарында заңнамада көзделген қажетті байланыс ақпаратының болмауына байланысты сатушыға шағым жолдай алмау жағдайларына жиі тап болады. Сонымен қатар, кассалық чектерді бермеу, есеп айырысуды тек ақша аударымдары арқылы жүзеге асыру фактілері анықталуда. Бұл сатып алу фактісін құжат жүзінде растауды және дау туындаған жағдайда тұтынушының өз құқықтарын қорғауын қиындатады. Аталған заң бұзушылықтар тұтынушылардың өз құқықтарын іске асыруына және заңды мүдделерін талап қою және сотқа дейінгі тәртіпте қорғауына елеулі кедергілер келтіреді.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бұл тек қағаз жүзіндегі ереже емес, нарықтағы әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен сенімділігінің кепілі. Департаменттің негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді жазалау үшін жауапкершілікке тарту емес, нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету және кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай талаптарды сақтауына қол жеткізу. 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесін қатаң сақтау бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің және тұтынушылар мүдделерін қорғаудың маңызды шарты болып табылады, – дейді Самат Сайдалин.
Азаматтардың өтініштерін қарау шеңберінде департамент өз құзыреті аясында жоспардан тыс 6 тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 132 мың теңгені құраған.
Бүгінгі таңда еліміздің сауда нарығындағы тұрақтылық пен әділдікті қамтамасыз ету мемлекет пен қоғамның басты назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, құзырлы департамент тарапынан бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Сауда саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету үшін бизнес өкілдеріне кәсіпкерлік субъектілерінің санатына байланысты заң бұзушылықтар үшін 10-нан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде әкімшілік жауапкершілік көзделгені тұрақты түрде ескертілуде. Негізінен, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабында айқындалған жағдайларды қоспағанда, тауарлардың бағасын кәсіпкерлер өз бетінше қалыптастыруға құқылы.
Дегенмен, бұл еркіндік мемлекеттік реттеуге жататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жүрмейді. Қазіргі уақытта мұндай ерекше бақылаудағы тауарлардың саны 31 атауды құрайды. Олардың қатарына күнделікті тұтынуға қажетті ұн, нан, рожки, жұмыртқа, қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сүт, күнбағыс және сары май, еттің жекелеген түрлері кіреді. Сондай-ақ, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, қияр, алма сияқты көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері, шай және балықтың бес түрі де осы тізімде. Заң талабы бойынша, аталған маңызды тауарларға қосылатын шекті сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. Егер белгіленген үстеме мөлшері асып кетсе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес қатаң әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі туындайды, ал, айыппұл мөлшері кәсіпкерлік санатына қарай 5-тен 300 АЕК-ке дейінгі аралықты қамтиды.
– Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға өз құқықтарын сотқа дейінгі тәртіпте қорғау жолдары жан-жақты түсіндірілуде. Әсіресе, тауарларды қайтару және айырбастау, міндетті таңбалаусыз өнімдерді сату, кассалық чектерді бермеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де заң бұзушылықтар назардан тыс қалмайды. Мұнымен қоса, бүгінде сапасыз өнімнен тұтынушылардың құқықтарын қоғамдық бақылау арқылы қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 11 түрлі өнім зерттеуден өтіп, оның 4 түрі бойынша уәкілетті органдар тарапынан нақты заң бұзушылықтар тіркелді. Тексеріс көрсеткеніндей, бұл заң бұзушылықтардың негізгі бөлігі өнімнің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, мәлімделген сипаттамалары мен құрамына сәйкес келмеуінен, сондай-ақ, тауарларды таңбалау талаптарының бұзылуынан, оның ішінде мемлекеттік тілдегі және өзге де қажетті ақпараттың болмауынан туындаған. Департамент бұл кемшіліктерді жою және алдағы уақытта болдырмау бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді, өйткені, сапасыз өнімдерді айналымнан алып қою адал бизнесті ынталандырып, халық қауіпсіздігін арттырады, – деді одан әрі департамент басшысы.
Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижелері де жоқ емес. Биылғы жылы баға қалыптастырудағы делдалдық сұлбаларды тергеп-тексеру комиссиялары жұмысының қорытындысы бойынша шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 44 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған болса, оның ішінде 3 кәсіпкер бұл қателікке екінші қайтара жол берген. Осыған салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 637 937 теңгені құраған. Сонымен қатар, тауарларды витринада көрсетілген бағадан өзгеше, яғни, қымбат бағамен сату фактілері де анықталып, бұл заңсыздық бойынша бір кәсіпкерге 12 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Осы ретте департамент басшылығы бизнес субъектілерін жауапкершілік танытып, заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Себебі, заң бұзушылықтарға жол бергендерге алдағы уақытта да қатаң түрде заңда көзделген әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылмақшы. Өйткені, заң мен тәртіп тек бақылау ғана емес, ол нарық тұрақтылығының, адал бәсекенің және тұтынушылар құқықтарын қорғаудың негізгі тетігі болып табылады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

