РУХАНИЯТ
Қазақ халқының данышпаны, ақындық жан жүрегі болған кемеңгер Абайдың: «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» – деген нақыл сөзі бар емес пе?
Расында да, дәуірді дәуір алмастырып, ғасырды ғасыр ығыстырып, жылдарды жыл жылжытса, баба орнына ата, ата орнына бала өмірге келсе, баяғыдай көрінетіні рас шығар. Қай заманда болса да, әр заманның өзіндік ерекшеліктері бар. Компартияның басшылығымен кешегі социалистік деп аталған қоғам дүниеге келген кезеңде, 1924 жылы әсем де ғажап жер Көкше өңірінің киелі топырағында, Сарыадыр ауылында Шәкей ақсақал мен Ажар анамыздың шаңырағында ер бала дүниеге келді. Өмірге жаңа келген сәбиге ата-баба салтымен азан шақырып, Таңсықбай деп ат қояды. Жақын туысқаны Совет Баймағанбетов айтқанындай, оны ағайындас үлкендері Көкіжан, кішілері Көке, замандастары Көкен деп атап, сол есіммен елге танылған.
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп ақиық ақын Қасым Аманжолов айтқандай, Көкен аға да өзі туралы ағынан жарыла ақтарылады. «Әкем Шәкей құс салып, кәсіп еткен, ән салып, күй шерткен сері еді», «ақындық анама да дарып еді» дейді ол. Қарап отырсақ, әкесі сері, анасы ақын болған жандардың баласы кім болуы керек? Әрине, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» емес пе?!
Көкен Шәкеевтің балалық шағы социализмнің өркендеуімен қатарлас келді. 1941 жылы соғыс басталған кезде Көкен ағамыз кәмелетке толмаған он бес жасар бала еді. Соғыс жылдарын ол «Сұрапыл соғыс кезінде» атты өлеңінде былай суреттейді:
Менің он бес жасымда,
Сұрапыл соғыс басталды.
Ағалар кетіп майданға,
Шал мен кемпір, жас қалды.
Үш ағасынан қаралы қағаз алғаннан соң, фашистерден өшін алуға бел буған Көкен ел-жұртпен қоштасып, жасына жас қосып, майданға аттанады.
Кенигсберг қаласы үшін болған шайқасқа қатысқан Көкен Шәкеев «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Бұл бозбала Көкеннің ерлігі үшін берілген мәртебелі награда еді. Соғыс аяқталған соң, жауынгер Көкен ағамыз туған еліне тек 1947 жылы оралады. Майданнан аман-есен оралған оны өзі елге хатпен жолдаған өлеңдері ән болып қарсы алды. Сөйтіп, жауынгер Көкеннің бейбіт өмірі ақындық өнерден өз арнасын тауып, ілгері өрлей берді. Өзі де, қасындағы өнерпаздарға да өріс ашып, қазақтың айтыс өнерінің ақ айдынына арманды ақ желкенін айқара керіп тастап оза түсті, ілгерілеп кете барды.
Көкен Шәкеевтің айтыскерлік ерекшелігіне тарихи жалғастықпен сөз сала отырып, пікір айтсақ, оны қазақ ұлтына тән феномендік құбылыстан іздеуіміз керек. Бір бойында үш өнерді дамытып, соны бір жүрекке сыйғызу талант пен талғамның табиғи ұштасуында жатқан шығар.
Импровизаторлық, жыршылық, ақындық, үш тамырдың бір бәйтерекке нәр беруі халық өнеріндегі кесек тұлға Көкен Шәкеевтің есімін елге танытты, оның ірі, дара тұлға ретінде қалыптасуына жол ашты.
Нұрислам ДАСТАНОВ.
![]()

