Жас дарын
Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстанның ұлттық құрамасындағы бес оқушы жүзден жүйрік шығып, алтын медаль иегерлері атанды.
Дүние жүзінің 85 мемлекетінен 381 қатысушы бас қосқан бұл халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль иеленсе, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Білім додасы теориялық және эксперименттік кезеңдерден тұрды.
Теориялық кезеңде физиканың негізгі бағыттарын қамтитын күрделі есептерді шешу қажет болды. Ал, эксперименттік кезеңде зертханалық жұмыстарды орындап, алынған нәтижелері ғылыми тұрғыдан саралады.
Алтын медаль иегерлері:
Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы Нұр Орда мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
Әмірбек Азатбеков – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
Ілияс Қазымбек – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
Дамир Құрман – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
Роман Черемнов – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.
Айта кетейік, NIS деректері бойынша Қазақстан құрамасының дайындығына Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Әлішер Еркебаевтың да үлесі зор. Ақтөбедегі Зияткерлік мектепті аяқтаған Әлішер 2023 жылы Токиода өткен IPhO олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған еді. Бүгінде халықаралық додадағы тәжірибесін жас олимпиадашылармен бөлісіп, құраманың жетекшілерінің бірі ретінде жас физиктерді жарыстарға дайындап жүр.
«NURORDA» мектебінің оқушысы Нұргүл Егенбергенова оқу жылын керемет нәтижемен түйіндеді. Ол физика Олимпін бағындырып қана қоймай, миллиондаған жас армандайтын болашақтың есігін айқара ашты. Нұргүл әлемдегі үздік технологиялық университет Массачусетс технологиялық институтына (MIT) оқуға түсті. Бұл оқу орнына дүние жүзінің ең таңдаулы дарындары ғана жол тарта алады.
Ал, Роман MIRAS мектебінде Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қорының білім беру гранты негізінде оқыды. Оның жеңісі – қолдау, мүмкіндіктер, талант пен қажырлы еңбектің әлемдік деңгейдегі биік нәтижелерге жол ашатынының жарқын үлгісі.
Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Әлішер Еркебаев үйлестірді.
Қазақстанның жас физиктерін, олардың ұстаздарын, ата-аналарын және барша қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймыз! Бұл жетістік – дарынды жастардың қажырлы еңбегі мен ұстаздардың кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ, еліміздегі олимпиадалық даярлық жүйесінің жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

