Ширек ғасыр жөнделмеген жол қолға алынды

2026 жылдың алғашқы айлары Қорғалжын ауданы үшін экономикалық өсім мен әлеуметтік инфрақұрылымның жүйелі даму кезеңіне айналды. Есепті кезеңде аймақ экономикасының негізгі салаларында оң серпін байқалып, инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша аудан халқының саны 6416 адамды құрап отыр. Ауданның бас тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушілік бар. Қаңтар-сәуір айларында өңірдегі ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 916 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға өскен. Мал шаруашылығында ет өндірісі 10 пайызға (314 тонна), сүт өндіру 2 пайызға (661 тонна) ұлғайған.

Бүгінде ауданда ірі қара мал басы 21933-ке, қой 33543-ке, жылқы 18184-ке жеткен. Сонымен қатар, биылғы көктемгі егіс жұмыстары да толық аяқталып, жаздық дақылдар 173 мың гектар алқапқа орналастырылды. Ерекше атап өтерлігі, соңғы жылдары өңірде суармалы егіншілікті дамытуға басымдық берілуде. Өткен жылғы сәтті тәжірибеден кейін биыл «Жәнібек Керей» ЖШС 330 гектар жерге суармалы жобаларды іске асыруда. Материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында жыл басынан бері құны 1 миллиард теңгеден асатын 34 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Өнеркәсіп саласында да нақты көлем индексі 258 пайызға жетіп, өнім көлемі 354 миллион теңгені құрады. Өсімнің негізгі үлесі жер қойнауын пайдалану есебінен қамтамасыз етіліп, табиғи құм өндірісі 10 есеге артқан. Өңдеу өнеркәсібінде 227 тонна ет және 23 тонна нан өнімдері шығарылды.

Ауданның инвестициялық тартымдылығы да жоғары деңгейде. Биыл жыл аяғына дейін экономикаға 15 миллиард теңге тарту жоспарланса, алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 2 миллиард 32 миллион теңге жеке инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 есеге көп. Қазіргі уақытта ауданда жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылуда. Дегенмен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 666 бірлікті құрады. Бұл орайда кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, кейбір кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты бөлшек сауда айналымы 119 миллион теңге деңгейінде қалыптасты. Соған қарамастан, экономикалық белсенділік бюджет кірісін еселеп, бес айда барлық деңгейдегі бюджеттерге 1 миллиард 281 миллион теңге салық түсіп, жоспар 121 пайызға орындалған.

Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүруде. Қазіргі таңда 18 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Су ресурстары және ирригация министрлігі қолға алған «Нұра топтық су құбырын реконструкциялау» ауқымды жобасының үшінші кезеңі аясында 6 ауылды сумен қамту үшін 23,9 шақырым құбыр тартылып, резервуарлар салынуда. Жобаның төртінші кезеңі мемлекеттік сараптамадан өтуде.

– Сонымен қатар, 26 жылдан бері жөндеу көрмеген Қорғалжын – Баршын тасжолының 36 шақырымында және Шалқар ауылының кірме жолдарында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Болашақта Астана мен Ұлытау арасындағы жолды екі есеге қысқартатын «Орталық – Батыс» стратегиялық автожолы мен көлік дәлізін дамыту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Есепті кезеңде тұрғындардың жеке қаражаты есебінен 830 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Халық санын тұрақтандыру мақсатында аймақ басшысы Марат Мұратұлының қолдауымен аудан орталығын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 169 миллион теңгенің жобалау құжаттамасы дайындалып жатыр, ал 2027-2029 жылдары өңірге магистральдық газ құбырын жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен бес көпқабатты үйдің шатыры мен қасбеті жөнделді, – дейді аудан әкімі Алмас Алин.

Экологиялық ахуалды жақсарту бағытында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде елді мекендерден 17 мың тонна қоқыс шығарылып, жоспарланған 9 мың ағаштың 6300-і отырғызылды.

Аудандағы әлеуметтік сала да оң көрсеткіштермен қуантады. Білім сапасы 67 пайызға артып, биыл 12 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Сондай-ақ, мектеп оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. Денсаулық сақтау саласында ана мен нәресте өлімі тіркелген жоқ, аудандық аурухананы күрделі жөндеуге 526 миллион теңге бөлінген. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі. Бірінші тоқсанда орташа айлық жалақы 266448 теңгені құрап, өсу қарқыны байқалады.

Мәдениет пен спорт саласында да елеулі жаңалықтар бар. Сабынды ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 830 миллион теңге қарастырылып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Ауданның мәдени брендіне айналған «Қымызмұрындық» және «Flamingo Fest» фестивальдері биыл қыркүйек айына жоспарланған. Ал, спорт саласында Қорғалжын ауылында құны 704 миллион теңге болатын, заманауи үлгідегі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл нысан аудан тұрғындарының спортпен жүйелі шұғылдану көрсеткішін одан әрі арттыруға септігін тигізбек.

Жалпы алғанда, Қорғалжын ауданы жылдың алғашқы жартыжылдығын айтарлықтай табыстармен қорытындылап, алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды істерді жалғастыра бермек.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар