Бақытын еңбектен тапқан өнегелі өмір иесі

Аудан орталығының солтүстік-батыс бағытын бетке алып, Тоқтамыс ауылына жол тарттық. Ұсақ шоқылы жазығы көз тартып, мың бұралған шоқ қайыңдары шұрайлы даласына ерекше сән беріп жарасып-ақ тұр. Түгін тартсаң май шығатын аядай ауылға ат басын бұрған себебіміз ел ағасы, абыз, кемел ойдың кермесі болған Құдайберген атаға жолығып, сұхбаттасу. Құдайберген ата өмірден көргені көп, түйгені мол, санасы биік, сарабдал жан. Тар жол, тайғақ кешкен ел тағдырын бірге бастан кешкен. Бір сөзбен айтсақ, үлкен өмір мектебінен өткен жан.

Құдайберген ата бізді құшақ жая қарсы алды. Әз жүзін әжім әрлеген атамыздың сөзі нық. Амандық-саулық сұрасып, бізге төрден орын берді. Құдайберген ата ескі құлақтан естігені бар, көненің көзін көргендіктен, әңгімемізді өзі тұратын ауылдың тарихынан бастадық. 2007 жылға дейін бұл ауылдың Ергол, кейін Тоқтамыс ауылы атанғаны бізге белгілі. Ал, атамыздың айтуынша, Тоқтамыс бұл ауылдың тарихи атауы екен. Неге Тоқтамыс десек, Абылай ханның қара жолының бойында орналасқан, тоқтап өтетін жерлерінің бірі болған. Ал, бұл ауылдың қайта тарихи атауымен аталуына, тарихи атауын қайтаруына Құдайберген атаның үлкен септігі тиген. Ауыл атын қазақшалаймыз деп аудан орталығынан комиссия мүшелері бірінші рет келгенде әдеттегідей, өзге ұлт өкілдері қарсы болған көрінеді. Екінші рет келгенде Құдайберген ақсақал бастаған ауыл үлкендері салмақтап сөз айтып, елдің-жердің арғы тарихын тілге тиек етіп, ол жөн-жобалары ауылдың тарихи атауымен аталуына себеп болған.

Жалпы, Құдайберген Қасымұлы 1946 жылы ауданымызға қарасты Мат ауылында дүниеге келген. Атамыздың айтуынша, Мат өзенінің бойында орналасқан ауылдың «Мат» атануы Доғалақ, Мат деген ағайынды жігіттерге байланысты.  Құдайберген ата өз сөзінде: «Мат өзені қанды өзен. Өзеннің екі жағында екі тау сияқты шоқылы жер бар, сол маңда суға кеткен адамдардың ескі зираттары көп. Менің естуімше Доғалақ, Мат деген елге көп пайдалары тиген ағайынды екі жігіттің бірі сол суға кетіп, қайтыс болған. Сол себепті өзен де, қасындағы ауыл да Мат атанып кеткен» дейді.

Атамыздың аузынан жазып алған тағы бір құнды дүниеміз Мат ауылынан 4 шақырымдай жерде Қандықарағай деген жер бар. Бірі биік, бірі аласа екі таудың ортасында ат шаптырымдай алаңқай, жан-жағы ну орман болса керек. 40 шақты сарбаздарымен келе жатқан Абылай хан осы жерден будақтап шығып жатқан түтінді көріп жақындайды. Келсе тайқазанға ет асып жатқан қалмақтар екен. Шегінерге жол жоқ. Еңгезердей алып қалмақтың батыры өсіп тұрған балапан қайыңды жұлып алып, сығып суын шығарып Абылайға «мен сені осылай өлтіремін» дейді. Абылай мен қалмақ батырының арасындағы жекпе-жекте Абылай қалмақ батырының ішін жарып өлтіреді. Осы арада қалмақ пен қазақ арасында қанды шайқас болып, қазақтар жеңіске жетеді. Содан бастап осы жер Қандықарағай аталып кеткен екен.

Құдайберген ата «Біздің руымыз арғын оның ішінде қылды қарауыл боламыз. Әкем Қасым Таңқыбайұлы 1903 жылы дүниеге келген. Жылқы фермасында бригадир болды, тағы басқа да сол кездегі абыройлы қызметтерді атқарды. 1952 жылы біздің жақта шөп жоқ, қуаңшылық болғасын жылқыны Жезқазған, Жаңаарқа даласына айдап, сол жақта қыстан шығарып алып келген еңбегі әлі есімде. Мен сол жылы 6 жаста едім. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. Берлинге дейін барып, Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлердің бірі. Анам Қасенқызы Халила үй шаруасында болды.

Марқұм әкемнің айтуынша, біз бұл елге шамамен 1930 жылдары көшіп келген екенбіз. Мат ауылына бізді Айқожа деген атамыз көшіріп әкеліпті. «Отрадный» совхозы мен Суворовканың ортасында Жалпаққарағай деген ауыл болған. Біздің ел негізі сол жер. Жалпаққарағайдан көшкен ел үшке бөлініпті. Бір бөлігі Қызылбидайға ат басын бұрса, енді бір бөлігі Құдықағаш ауылына қоныс аударған. Біз жақын маңдағы Мат ауылында тұрақтадық. Сол себепті қазіргі көршілес Біржан сал ауданына қарасты Құдықағаш ауылында біздің ауылдас, туыс ағайындарымыз көп тұрады», – дейді.

Алдында арқа тұтар ағасы, соңында ізбасар інісі болғанымен, олар  ерте дүниеден өтті. Мат ауылындағы «Амангелді мектебі» деп аталатын 7 сыныптық мектепте білім алды. Алайда, үйде жалғыз өскен еркелігі, жұмысқа деген құштарлығы болар, мектепті бітірмей жатып 14 жасында еңбекке араласты. Қыста Жылқыайдар деген ағасына еріп, мал шаруашылығында еңбек етіп, сауыншыларға қызмет көрсетті. Жаз айында қатарластары ойынның қызығында жүргенде, 15 жастағы Құдайберген МТЗ-5 тракторын жүргізіп, Мат ауылының №5 бригадасында жұмыс істеді. Бұл жерде қажырлы еңбегі үшін Еңбек Ері атағын алған Қайыржан Ескендіровтің тәрбиесінде болды. Кейін бір жарым жылдай қолына қамшы алып, қой бақты. Еңбекке ерте араластырған балалық шағы мақала кейіпкерінің жұмысқа деген құштарлығын оятып, жауапкершілікті сезіндіріп, тұлғалық қалыптасуына жол ашты.

Ол жайында Құдайберген ата «1963 жылы болуы керек, қой бағып жүргенімде үйге әкемнің бір танысы келіп, «балаңды мен алып кетіп, шопырлыққа оқытайын» – депті. Менің ол кезде 16-дан енді асқан шағым. Ал, автошколаға жасы 17-ден асқандарды ғана алады екен. Бірақ, жасым толмаса да сол оқуға түсіп кеттім. Бұл оқуды ойдағыдай бітіріп, қолыма куәлік алып шыққанан кейін «Суворов» совхозында үш жыл шопыр болып қызмет істедім. Сол үш жылдың ішінде небір қиындықтар бастан өтті. Боранда далада қалған кездер де болды. Кейін оқуымды жалғастырып, білім алуға бел будым. 1966 жылы Қотыркөлдің зоовет техникумына оқуға түсіп, оны да 1971 жылы бітіріп шықтым. Одан тоқтамастан 1972 жылы Астананың ол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Оны 1978 жылы бітірдім. 3-курста оқып жүргенде маған «практикаға барасың немесе мамандығыңмен жұмыс істе» деді, сосын мен өз мамандығым бойынша еңбек етуге «Новобратск» совхозына бөлімше зоотехнигі болып бардым. Оқуым сырттай жүре берді. Осы уақыт аралығында біршама қызметтер атқардым.  1977 жылы «Вознесенка» совхозына бас зоотехник болып жұмысқа бардым. Ол жерде екі жыл еңбек етіп, 1979 жылы анам ауырған соң ауылға қайтып келдім. 1978 жылы «Карамышевка» совхозы жаңадан құрылған болатын, бір жағынан білікті мамандар да керек болды. Осылайша өз ауылымда еңбек еттім. Басқа жақтарға, ауданға қызметтерге шақырды, бірақ, мен әкемді жалғыз тастап кете алмадым. Тек 1981 жылы әкем «сенің бағыңды байламайын» деп рұқсатын берген соң, «Ерголка» совхозында бас зоотехник болып, 1989 жылға дейін қызмет еттім. 1989 жылы «Журавлевка» совхозында директор болдым. 1996 жылға дейін «Ерголка» совхозында еңбек еттім. 1997 жылға дейін автобус паркін басқардым. Кейін 2000 жылға дейін «Алан» фирмасында директор болдым. Ал, 2000 жылдан бастап жеке өз кәсібімді бастадым» – деп сөзін аяқтады.

Бұл күнде Құдайберген ата 1967 жылы шаңырақ көтерген сүйікті жары Күлшарап Бекенқызы екеуі балаларынан немере, шөбере көріп отырған үлгілі отбасы. Күлшарап Бекенқызы 1946 жылы қазіргі Бурабай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. 9 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. «Батыр ана» атанып, 45 жасында зейнеткерлікке шыққан.

2013 жылы Құдайберген ата Шұбарағаш ауылына көркі көз тартатын жаңа мешіт салып берді. Ауданымызда өткен көптеген игі шаралардың демеушісі болып, талайға үлгі болды. Қажылыққа барып, бес парыздың бірін орындап, қажы атанды.

«Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар…» деп дана халқымыз айтқанындай, ақыл-парасаттың биігінен көз тастап, кемеңгерлігі көпке үлгі болған Құдайберген атаның өнегелі өмір жолы осындай. «Жақсы қартаюдың өзі қасиет» болса, сол қасиет Құдайберген атаның бойынан табылады. Шілде айының 8 күні Құдайберген атамыз 80 жасқа толды. Ел игілігі үшін, еселі еңбек еткен атамызды мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз.

Жайнарбек ЗАҢДЫБАЙҰЛЫ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар