«Бұлақ көрсең, көзін аш!», халқымыздың негізгі өсиеті еді бұл

Бурабай ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық тұжырымдамасы аясында республикалық «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті. Игі шараға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысты.

Табиғатты аялап, экологияны қорғауды мақсат еткен игілікті іске волонтерлер мен өңір жастары, мемлекеттік қызметкерлер мен аудан тұрғындары белсене қатысып, бұлақ көзін ашып, айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бір қызығы, курортты аймаққа апаратын жолдың жиегінде орналасқан бұл №1 қайнар бұлақтың атауы бұрын болмаған. Мәртебелі меймандар аудан тұрғындарымен ақылдаса келе, «Таза бұлақ» деген жаңа атау ұсынды.

– Бұл бұлақтың бүгінге дейін атауы болмаған екен. Сондықтан, сіздермен ақылдаса келе, «Таза бұлақ» деп атау беріп отырмыз. Бүгінгі акцияға атсалысып, қолдау білдірген ұйымдастырушылар мен әр қатысушыға министрліктің атынан шынайы алғысымды білдіремін, – дей келе комитет төрағасы суды тиімді пайдаланып, үнемдеп жұмсау мәселесіне тоқталды.

Жалпы, ауданда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ауқымды әрі жүйелі іс-шаралар кешені жоспарланған. Бүгінде 23 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 33 мыңнан астам түп ағаш отырғызылды. Мамандардың мәлімдеуінше, облыста қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша,  биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 3 мың гектар алқапқа 20 миллионнан астам түп ағаш отырғызу көзделген.

Өңірдегі сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйіне тоқталсақ, «Қазсушар» Ақмола облыстық филиалы Шағалалы су қоймасы мен Көкшетау топтық су құбыры арқылы Көкшетау қаласы мен Бурабай өңірін ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта ұзындығы 330 шақырымды құрайтын Көкшетау су құбырында ауқымды қайта құру жұмыстары басталды. Бұл жоба халыққа берілетін судың сапасын жақсартуға және жеткізу жүйесін жаңғыртуға бағытталған.

– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы әрбір азаматтың табиғатқа деген жақсы көзқарасын қалыптастырып, санасын жаңғыртып, өзін тәрбиелеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен жанашырлық сезімдерін оятуға бағытталған игі бастама. Біздің тұрғындар да бұл жобадан, осындай акциялардан шет қалмаулары тиіс. Қалалар мен ауылдарды, өзен-көлдерді, орман мен даланы тазарту – баршамыздың азаматтық борышымыз. Біз қазірдің өзінде ауқымды жұмыс атқардық. Мәселен, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 30 мыңға жуық аула, 700 саябақ пен гүлзар және тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары тазаланып, абаттандырылды. Су ресурстары және ирригация министрлігіне осы бағытта көрсетіп жатқан қолдауы мен бірлесе атқарған жұмысы үшін ерекше алғыс білдіреміз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Айта кетейік, облыс аумағында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы бұған дейін де ұйымдастырылған. Соның негізінде Аршалы, Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандары арқылы өтетін Есіл өзенінің жағалаулары тазартылды. Су айдындарын тазарту бойынша іс-шаралар Астрахан, Егіндікөл, Атбасар аудандарында жалғасуда. Бурабай, Зеренді, Аршалы, Целиноград және Ерейментау аудандарында табиғи бұлақтардың көздері ашылуда. Ал, бұл жолғы іс-шараның мәні мүлде бөлек. Еліміз үшін тарихи тағылымы зор, маңызды құжат Жаңа Конституция күшіне енген кезеңде құйымдастырылды.

– Жаңа Конституция – халықтың таңдауы мен тарихи тәжірибесіне сүйенген стратегиялық құжат. Онда заңға құрмет, әділдік, халық бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы, еңбекқорлық және келер ұрпақ алдында жауапкершілік сияқты басты құндылықтар мен қағидаттар көрініс тапты. Отаншылдықты жасампаз іспен көрсету, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру Жаңа Конституцияның түбегейлі принциптері қатарына енгізілген. Бұл табиғатқа, туған елге деген жанашырлықты күшейтуге, әрбір азаматтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген жақсы сөз бар. Бұл сөздер біздің бүгінгі өткізген акциямыз бен атқарған ісіміздің мәнін толық ашады. Туған жеріміз таза, еліміз аман, ұрпақ келешегі жарқын болсын. Аймақты бірге көркейтейік, – деді сөзінің соңында Елдос Рамазанов.

Іс-шара соңында бірнеше тұрғын Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар