Үздік тауар өндірушілер анықталды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, «Атамекен» ҚР ҰКП Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа және Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Қуаныш Рақышевтың қатысуымен Көкшетауда Ақмола облысының жетекші кәсіпорындарының басын қосқан «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті.

Таңертеңнен бастап келушілер назарына жергілікті кәсіпорындардың өнімдері қойылған ауқымды көрме ұсынылды. Қонақтар өңірде өндірілетін өнімдердің кең ассортиментімен танысып, сапалы отандық өнімдерді нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алып, сондай-ақ, бағалы сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Биыл өңірлік кезеңге Ақмола облысының 90-ға жуық тауар өндірушісі қатысты. Көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа да салалардағы кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Келушілер өңірде өндірілетін өнімдердің түр-түрімен танысып, азық-түлік, тұрмыстық тауарлар мен жергілікті өндірушілердің өзге де өнімдерін тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы еліміздегі ең беделді байқаулардың бірі саналады. Оның басты мақсаты – отандық кәсіпорындарды қолдау, шығарылатын өнімнің сапасын арттыру және қазақстандық брендтерді ілгерілету. Байқау жеңімпаздары «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациялары бойынша анықталады.

– Мемлекет басшысы тұрақты экономиканың, сапалы жұмыс орындарын құрудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізі – қуатты бизнес екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан, отандық тауар өндірушілерді қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ақмолалық тауар өндірушілердің өнімдері көпшілікке жақсы таныс. Олар дәстүрлі түрде жоғары сапасымен, сұранысқа ие болуымен және бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленеді. Әрбір өндірілген өнімнің артында инвестициялар, заманауи технологиялар, жаңа жұмыс орындары және облыстың мыңдаған тұрғынының еңбегі тұр. Соңғы жылдары Ақмола облысының кәсіпорындары «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Бүгінгі іс-шара жаңа серіктестіктер орнатуға, үздік тәжірибелермен алмасуға және ақмолалық кәсіпорындардың өнімдерін одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік беретін тиімді алаң болады деп сенемін, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.

Көрмемен қатар, қонақтарға мерекелік бағдарлама ұсынылды. Барлық келушілер лотереяға тегін қатысып, бағалы сыйлықтардың иегері атану мүмкіндігіне ие болды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа атап өткендей, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы отандық өнімнің өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де жоғары сұранысқа ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы қазақстандық өнімнің өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де жоғары сұранысқа ие екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бүгін біз ақмолалық тауар өндірушілердің өнімдерімен таныстық. Бірқатар компаниялар экспортқа бағытталған жобаларын таныстырып үлгерді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді еңсеру, қаржыландыруға қол жеткізу, сертификаттар алу бағыттарында жан-жақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, біз шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған «Business Go» жобасын іске қостық. Ол онлайн-касса, электрондық қойма, адалдық бағдарламасы және басқа да цифрлық сервистерді біріктіреді. Яғни, нарықтағы бес түрлі өнімді жылына небары 15 мың теңгеге ұсынылатын бір платформаға біріктірдік. Соның арқасында шағын және орта бизнес өкілдері бизнесті дамытуға арналған заманауи құралдар мен түрлі қаржылық тетіктерге қол жеткізе алады. «Атамекен» алдағы уақытта да отандық тауар өндірушілердің өндірісті бастап қана қоймай, оны кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Нұрбек Нәлқожа.

Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында Көкшетау қаласының екі кәсіпорны – «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ мен «АВИКС ГРУП» ЖШС, сондай-ақ, Степногорск қаласындағы «Арыстан» Степногорск құбыр зауыты» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында Атбасар ауданындағы «Баха Sоhne» ЖШС, сондай-ақ, Бурабай ауданындағы «Мясные продукты» ЖШС мен «Biosphere Fish» ЖШС үздік деп танылды.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында Ақкөл ауданындағы «Пасека Львовых» ЖК, Қосшы қаласындағы «Алихан» ЖК және Көкшетау қаласындағы «Блэк» ЖШС лауреат атанды. Енді өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Ақмола облысының намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын жыл сайын Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырады. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік кезеңінің жеңімпаздары мен қатысушылары туралы толығырақ алдағы материалдарымызда баяндайтын боламыз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар