Фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер көзі

«Игілік» және «Береке»

Ақмола облысы мал шаруашылығын жеңілдетілген несиелеуге арналған жаңа «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламаларын іс жүзінде алғаш болып іске асыра бастаған өңір атанды.

Бұл екі бағдарлама ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, отандық өнім өндірісін ұлғайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Бағдарламалар аясында фермерлерге несие жылына 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар, негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейінгі жеңілдікті кезең қарастырылған. Бұл, әсіресе, инвестицияның қайтарымы белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана байқалатын мал шаруашылығы саласы үшін үлкен мүмкіндік.

Ақмола облысында бұл екі бағдарламаның негізгі операторы ретінде «KOKSHE» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы белгіленді. Корпорация «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мақұлдаған 26 миллиард теңгенің алғашқы 15 миллиард теңгесін алып үлгерді.

Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың осы жаңа тетіктері фермерлерге асыл тұқымды мал сатып алуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға жол ашады. Нәтижесінде өңірде ет пен сүт өндірісі көбейіп, жаңа жұмыс орындары құрылып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына серпін береді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Сурет agrosearch.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар