Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құрметіміз де шексіз, қолданылуы да дұрыс болсын - АРҚА АЖАРЫ

Құрметіміз де шексіз, қолданылуы да дұрыс болсын

Облыс әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында мемлекеттік рәміздердің қолданылуына байланысты жүргізілген тексерістердің қорытындылары қаралып, бірқатар аудан басшыларының есептері тыңдалды. Комиссия отырысына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов төрағалық етті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімованың сөйлеген сөзінде  өткен наурыз айында жеті ауданда мемлекеттік мекемелердің Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны қолданудағы және орнатудағы заңдылықтарды сақтауы жөнінде тексерістер ұйымдастырылғаны айтылды. Тексерістен өткен облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі 144 мекемені алып қарасақ, облыста осы бағыттағы жұмыстар оң жолға қойылғандығы байқалады. Бірақ, кейбір аудандарда орын алған олқылықтар да бар.   
Бүгінде облыстың бірқатар басқармаларында Мемлекеттік Елтаңбаны жаңа стандартқа сай ауыстыру бойынша жұмыстар аяқталғаны белгілі болды.  2014 жылғы ұлттық стандарт талаптарына сай Мемлекеттік Елтаңбаны сатып алу жөніндегі конкурстар ішкі істер, әділет департаменттерінің аумақтық құрылымдарында, облыстық сот төрағасының кеңсесінде аяқталуға жақындаған. Жаңа стандарттағы Елтаңбаны орнату бойынша Еңбекшілдер және Сандықтау аудандарында жұмыс толық аяқталды, ал, Астрахан, Жақсыда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, Атбасар мен Есіл ауданында конкурстық үдерістер әлі күнге дейін жүргізіліп жатқан көрінеді.  
Атбасар аудандық ішкі істер бөлімі басшысының кабинетіндегі Елтаңбаның диаметрі стандартқа сай емес. Сол сияқты, кейбір мекемелерде 2007 жылғы күші жойылған стандарт бойынша орнатылған Мемлекеттік Ту ілулі тұрған. Сондай-ақ, кей мекемелерде мемлекеттік нышандардың бейнесі бар стендтерде «гимн» сөзінің орнына «әнұран» деп жазылған қателіктер орын алыпты. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңына сай «әнұран» сөзі қолданылмайды.
Конституциялық заң талаптарына сай әрбір азамат мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеп, қадірлеулері тиіс және бекітілген стандартқа сай жыртылған, кірлеген, қыртысталған, ескі, жерге дейін салбырап тұрған нышандарды қолданбаулары қажет. Алайда, облыстық табиғи ресурстар басқармасында, аудандардағы сот отырыстарының залдарында, Атбасар ауданының ауыл шаруашылығы және спорт, Еңбекшілдер ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері басшыларының, Жақсы, Астрахан аудандары прокурорларының кабинеттерінде осы стандарт сақталмаған. Тіпті, кейбір мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік нышандарды ауыстыру және жою жөніндегі комиссиялар да құрылмаған. Рәміздерді сапасыз дайындау секілді кемшіліктер де анықталды. Мысалы, Мемлекеттік Ту Еңбекшілдер аудандық ішкі істер бөлімі басшысының кабинетінде мүлде стандартқа сай келмейді. Онда Тудың элементтері дұрыс салынбаған. Сандықтау ауданы әкімі аппаратының басшысы мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының кабинеттеріндегі жаңадан сатып алынған Елтаңба да сапасыз жасалған.
Ағымдағы жылдың 15-21 сәуірі аралығында облыста республикалық комиссияның инспекциялық тобы осы бағытта тексеріс өткізбекші. Комиссия отырысында осыған орай, жоғарыда байқалған олқылықтарды  ретке келтіру қажеттігі айтылды. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және дұрыс қолдану бұлжымас қағида екенін айта келіп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, жол бойындағы билбордтар мен көрсеткіштерді қайта қарап, қажет жағдайда жаңартуды, олардың сапалық деңгейін жақсартуды тапсырды.  
Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 25 жыл толғалы отыр. Сондықтан, комиссия мүшелері осы айтулы оқиғаға орай, түрлі іс-шаралар өткізу жөнінде де өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар