«Әділет» партиясының сайлауалды штабы ашылды

Ақмола облысында 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Өңірде саяси партиялар сайлауалды науқанын бастап, сайлауды ұйымдастыруға жауапты комиссиялар дайындықты күшейтті. Осы орайда Ақмола облысында «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының ашылу рәсімі өтті.

Аталған шараға штаб мүшелері, партия белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.

Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта өңірдің барлық қала-аудандары мен шалғай ауылдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымдастығымен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылады. Онда сайлауалды бағдарлама таныстырылып, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалады.

Қазіргі таңда облыста бір облыстық және 20 аумақтық сайлауалды штаб жұмыс істейді. Олардың құрамына облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар белсенділерін қоса алғанда 486 адам енген. Барлық штабтар өз жұмысын бастады.

Ақмола облыстық «Әділет» партиясы филиалының төрағасы Берген Беспалиновтың айтуынша, сайлаушылармен кездесулердің кестесі бекітіліп, әрбір кездесу партияның бағдарламасын таныстырумен қатар, тұрғындардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін тыңдауға мүмкіндік береді. Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде облыстың барлық өңірінде халықпен, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен және қоғамдық ұйымдармен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, облыста сайлауды ұйымдастыруға қажетті барлық шаралар қолға алынды. Жалпы өңірде 789 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 аумақтық және 759 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Дауыс беру процесін 4520 комиссия мүшесі қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта олардың барлығы Конституциялық заң талаптарына сәйкес арнайы оқытудан өтуде.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Политкиннің мәліметінше, биыл заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, үздіксіз өндірістік режимде жұмыс істейтін кәсіпорындарда уақытша үш сайлау учаскесі ашылады. Олар Бурабай ауданындағы «RG Gold», Зеренді ауданындағы «Алтынтау Көкшетау» және Көкшетау қаласындағы «Новопэк» кәсіпорындарында орналасады. Бұл өндіріс орындарындағы қызметкерлерге жұмыс орнынан шықпай дауыс беруге мүмкіндік береді.

Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар цифрлық сервистер де іске қосылған. Азаматтар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін онлайн тексере алады. Бұдан бөлек, өңірде 21 call-орталық жұмыс істейді. Сайлау күні сайлаушылар саны мыңнан асатын учаскелерде 199 ақпараттық сервис қызмет көрсетеді. Ірі қалаларда тіркелген мекен-жай бойынша сайлау учаскесін анықтайтын сегіз арнайы сервис жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Сайлау Aqmola Bot» Telegram чат-боты арқылы әрбір азамат өзінің сайлау учаскесін және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.

Сайлауалды үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін облыс аумағында 679 арнайы орын белгіленген. Сайлау процесіне аккредиттелген 11 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымның тәуелсіз байқаушылары бақылау жүргізеді.

Айта кетейік, биылғы Құрылтай сайлауына жеті саяси партия қатысуда. Қазіргі таңда олар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізуде. Ал, сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 21 тамызға дейін жалғасады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар