Өмірімнің жартысынан көбін ақ халат киіп, адам өмірін арашалауға арнаған саналы ғұмырымда талай белестерді, талай өзгерістерді көрдім. Еліміздің медицина саласының қалыптасуы мен дамуы көз алдымда өтті. Кең тынысты кезеңдер де, қиын-қыстау сын сағаттар да болды. Міне, осындай тарихымыздың жаңа парағы ашылар маңызды тұста, алдымызда тұрған жауапты науқан – алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты сала ардагері ретінде пікір білдіруді парызым санадым.
Бүгінгі таңда еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Кез-келген мемлекеттің мықты болуы, ең алдымен, оның азаматтарының рухы мен денсаулығына, әлеуметтік әділдікке тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, тамыз айында өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау – жай ғана науқан емес, мұнда елдің болашағы айқындалады. Сайлауда ел болашағы үшін әрбір азамат дауыс беруі керек.
Құрылтайға баратын депутаттар халықтың қамын ойлайтын адам болу керек деп есептеймін. Депутат деген ат – билік пен халықты байланыстыратын алтын көпір ғана емес, ол қарапайым халықтың мұң-мұқтажын билік орындарына жеткізуші бірден-бір тұлға. Олар халықтың ортасында жүріп, аурухананың дәлізін, мектептің табалдырығын, қарапайым отбасының тұрмысын көзімен көретін шын мәніндегі халық қалаулысы болуы тиіс. Сондықтан, алдағы уақытта халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоятын, әділдікті ту еткен азаматтардың билік тізгінін ұстауы – бүгінгі күннің ең басты талабы.
Ал, денсаулық сақтау саласы – бұл мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығы мен қуатының басты көрсеткіші. Өз басым медицина саласына қырық жылдан астам уақытымды арнадым, сондықтан бұл саланың ауыртпалығы да, қуанышы да маған етене жақын. Бүгінгі медицина қарқынды дамып, жаңа технологиялар келіп жатқаны қуантады, алайда, шешімін таппаған түйінді мәселелер де жеткілікті. Құрылтайдың болашақ депутаттары көтеретін мәселелердің қатарында денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру мен дамыту алдыңғы орында тұруы тиіс деп санаймын.
Әрбір өзгеріс өзімізден басталады. Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлау еліміздің бірлігін бекемдеп, әділетті қоғам құру жолындағы тағы бір маңызды қадам болып табылатынына кәміл сенемін!
Орынтай МИЛАНҚЫЗЫ,
денсаулық сақтау саласының ардагері.
Жарқайың ауданы.
![]()

