АРҚАНЫҢ ЕҢБЕК ЕРЛЕРІ
бұдан 100 жыл бұрын Зеренді өңірінде дүниеге келді
Еңбек қай заманда да адамды биікке көтеретін ең басты құндылықтардың бірі. Кезінде Көкше өңірінде осындай адал еңбегімен елге танылған азаматтардың бірі – даңғайыр диқан Ералы Бақтаев ағамыз еді.
Ол кісі 1926 жылдың 15 мамырында Ақмола губерниясы, Көкшетау уезінің Үлгілі ауылында дүниеге келген. Қазір бұл ауыл Ақмола облысының Зеренді ауданына қарайды. Бір кезде жетпісінші жылдардың ортасын ала құрылған Үлгілі ауданаралық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің орталық қонысы болды. Әке-шешесінен ерте айырылған жасөспірім соғыстың алдында 1940 жылы Көкшетау қаласындағы 7 сыныптық мектепті аяқтағаннан кейін, 14 жасында бұғанасы қатпай жатып, «Белсенді» колхозына қара жұмысшы болып жұмысқа орналасады.
Ералы ағаның өмірінде айта берсе, қиындықтар мен кедергілер аз болмады. Бір жағынан сұм соғыс киіп кетіп, ел тұрмысын тұралатса, екінші жағынан ауылда бас көтерер ер азаматтардың жетіспеуінен, олардың майданға аттануынан, бар ауыртпалық осы Ералы сияқты бозбала жігіттерге түсті. Алайда, сол кездің өзінде мұндай жастардың ел басына түскен бар ауыртпалықты қайыспай көтерулері қайран қалдыратын. Ералыға да осы еңбексүйгіштігі мен табандылығы өмір жолында кез келген қиындықты жеңіп отыруына мүмкіндік берді.
1941 жылдың қаңтарында механизаторлар курсын аяқтағаннан кейін ол алғаш рет ХТЗ тракторының тізгінін ұстап, өзінің бүкіл өмірінің мәніне айналған диқаншылық кәсіптегі еңбек жолын бастайды. Сөйтіп, соғыс жылдары да тылда қысы-жазы осы жұмысынан бір бас көтермей, өз мақсатына бойлай береді. Ол мақсаты, әрине, елге адал қызмет ету еді. Осылайша, 1956 жылға дейін Зеренді ауданының «Үлгілі» колхозында тракторшы болып еңбек етіп, кейін бұл жұмысын ауданның Дружба ауылында да жалғастырады. Өз ісіне адал, жоғары жауапкершілікпен қарап, әрдайым тапсырылған жұмысты абыроймен орындап, ауданның үздік тракторшыларының бірі атана бастаған кезі де осы тұс еді.
Сол еңбегі жанып, 1958 жылы, яғни, тың және тыңайған жерлерді игерудің кезекті бір оңтайлы кезеңінде «Дружба» колхозының трактор-егіс бригадасы бригадирінің көмекшісі болып тағайындалып, 1961 жылға дейін сол жұмыста өзінің кәсіби біліктілігін одан әрі ыждаһаттылықпен арттыра түседі. Кейін жаңадан құрылған СОКП-ның ХХ съезі атындағы совхоздың №6 трактор-егіс бригадасында осы қызметін одан әрі жалғастырып, 1964 жылдың маусымында сол бригаданың бригадирі болып тағайындалады.
Бұл жастайынан еңбексүйгіштігімен танылған Ералы ағаның бойындағы осы бір ізгі қасиетінің өз ортасында лайықты бағалануының бір жарқын көрінісі еді. Содан бастап оның жылдан-жылға өсе түскен кәсіби деңгейі бір олқы соғып көрген жоқ. Қашан болсын, астықты алқаптың тыныс-тіршілігімен тыныстап, жомарт жердің берерін еселеп, қарамағындағы жігіттерді тек қана еселі еңбекке бастап, шоқтығы биік бел-белестерден көрінді де жүрді. Жұмысына бар жанын салатын оны көріп, бригаданың өзге мүшелері де жетекшілері межелеген биіктерден табылуға тырысты.
Осының арқасында көп уақыт өтпей, Ералы аға басқарған сол №6 бригада «Егіншілік мәдениеті жоғары ұжым» атағын да жеңіп алып, көктемгі және күзгі дала жұмыстарында алдарына жан салмауға айналды. Дала төсін дүбірлеткен небір астық жорықтарында басқалар қызыға қарайтын мол өнімге қол жеткізіп, үнемі көрсетілген сенімнен шығумен болды. Сол бригадир болып жұмыс істеген жылдары Ералы Шопайұлының талантты ұйымдастырушы ретінде атағы алысқа кетіп, озық іс-тәжірибесін үйренушілер қатары да көбейді. Өзіндей талай бригадирлер әр гектардан бұлар алып жүрген мол өнімді қалай алуға болатындығын құмарта сұраумен шаруашылығына да тікелей ат басын бұрып тұратын. Ал, Ералы аға қатысқан партия конференциялары мен съездерде бұл туралы жанындағы серіктеріне қысыла-қымтырыла өзі әңгімелеп беретін. Олай болатыны, табиғатынан артық сөзге, өзін көтермелеуге жоқ-ты. Тек ол басқарған бригаданың жыл сайын астық өндіру және оны мемлекетке тапсыру тапсырмасын асыра орындайтынын толымды көрсеткіштер айғақтап тұратын.
Айталық, 1966-1970 жылдарды қамтитын сегізінші бесжылдық тұсында бригада топырақ өңдеу жұмыстарының озық тәсіліне толықтай көшіп, әр гектардан алатын өнімді қосымша 7,9 центнерге дейін ұлғайтты. Сөйтіп, әр жылға шаққанда орташа астық түсімі гектарына 12,4 центнерді құрады. Бұл жер бонитеті сондай жоғары емес мұндай шаруашылық үшін үлкен нәтиже еді. Осылайша астық өндіруден бесжылдық тапсырма 216 пайызға орындалды. Сол 1970 жылы Ералы Бақтаев мемлекет алдындағы үздік еңбегі үшін «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталса, бригадасы да «Коммунистік еңбек бригадасы» атағын жеңіп алды.
1972 жылы бригада ұжымы кезекті үлкен еңбек жеңісіне қол жеткізді. Ауа райының қиын жағдайына қарамастан, Ералы Шопайұлы басқарған ұжым өздеріне бекітілген 5 мың гектар егіс алқабының әр гектарынан орташа есеппен 20 центнерден астық жинап, егіншілік саласындағы жоғары өнімділіктің, кәсіби шеберлік пен еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті.
Осы жылы мемлекетке астық, қант қызылшасы, мақта және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру мен сатуда қол жеткен үлкен жетістіктері үшін еліміздің бір топ озат еңбеккерлері КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен мемлекеттің ең жоғары марапаты – «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Олардың қатарында Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» Алтын медалін омырауына таққан даңғайыр диқан Ералы Бақтаев та бар еді. Бұдан кейін де еңбек майданында талай биік асуларды бағындырған ерен азамат елдің небір сый-құрметіне бөленіп, есімі ел аузынан түспеді. Мәселен, бұрынғы алған марапаттарына Үкіметтің тағы бір жоғары наградасы – «Еңбек Қызыл Ту» ордені қосылды.
Бір айта кететіні, адал маңдай тер ел алдында осыншама заңғар биікке көтерсе де, Ералы ағамыздың табиғатынан мінезі байсалды, жан дүниесі жайсаң болатын. Содан да шығар, ешқашан өз қарапайым болмысын өзгелерден жоғары қойған емес. Көптің ортасында орнықты мінезімен дараланып, қашан көрсеңіз әдептен, сабырлы қалпынан озбайтын. Сөйткен азамат тым ерте өмірден өтіп кете барды. 1983 жылдың 13 қазанында 58 жасқа қараған шағында көпшіліктің қабырғасын қайыстырып, бұл фәниден бақиға көшкен Ералы ағамыз өз туған ауылы Үлгіліде қара жер қойнына тапсырылды.
Осындайда бір ойға келетін жай, жастайынан көздерін еңбекпен ашып, еліне тамаша еңбек тартуларын жасаған осы Ералы ағамыздай асқаралы азаматтардың – Социалистік Еңбек Ерлерінің көбі бұл өмірден ерте өткендігі. Қазір бар саналы ғұмырын барша адамзат баласының басты игілігі – ақадал еңбекке арнаған ондай абзал жандардың ортамызда бірен-сараны ғана жүр. Еріксіз соны аңғарғанда, ауыр еңбек, ел үшін ештеңеден аянбаған ащы маңдай тер сол есіл ерлерді мезгілінен бұрын алып жықты-ау деп те ойлайсың.
Бүгінде біз өнегелі ғұмырына бір ғасырдың заңғарынан зер салып отырған Ералы Шопайұлы Бақтаевтың аяулы есімі туған өңірі мен туған ауылының тарихында құрметпен аталады. Әсіресе, оның еңбекке, елге деген ерен сүйіспеншілігі мен осы жолдағы қажыр-қайраты кейінгі ұрпаққа тамаша үлгі болып қала берері сөзсіз. Сол өшпес өмір жолы біздегі архивтің мұрағат беттерінде де өзінің жарқын көрінісін тапқандығын қоса айта кеткіміз келеді.
Айнұр ТЕМІРБОЛАТОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшысы.
![]()

