Облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, көрікті өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.
Өңір басшысының жұмыс сапары «Айдабол спирт зауыты» акционерлік қоғамының жұмысымен танысудан басталды. Зауыттың бас инженері Петр Ольферт өз сөзінде жүз жылдық тарихы бар зауытта жылына 600,0 мың декалитр «Экстра», «Люкс» және «Альфа» этил спирті өндірілетінін айтып берді.
Бәсекеге қабілетті өнім өндіретін зауыт 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жергілікті орта мектеп пен балабақшаның жылуы, жолды күтіп ұстау және орталықтандырылған су құбырын жөндеу зауыт есебінен жүргізіледі. Оның үстіне кент тұрғындары үшін монша қызметі тегін. Облыс басшысы кәсіпорын жұмысына оң бағасын беріп, өндірілетін өнім көлемін азайтпай, жұмысшылар еңбекақысын көтеруді тапсырды.
«Жігер» балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы 2011 жылы пайдалануға берілген. Мұнда балаларға спорттан қосымша білім беріледі. Кешенде бір ауысымда 88 адамға дейін жаттыға алады. Ол үшін суда жүзу, футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, асық ату секциялары жұмыс істейді. Облыс басшысы клуб ішіндегі бассейн, жаттығу мен күрес залдарын аралап көрді. Ойын залындағы жарықтың көмескілігіне және жаттығу залын жабдықтауға назар аударып, тәртіпке келтіруді тапсырды. Облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде болып, кітапханаға оқырмандардың келуіне де назар аударды. Спортзалды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасауды тапсырды.
Мәлік Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің ғимараты 1973 жылы салынған. Бүгінгі таңда үш жүзден астам оқушы оқитын қазақ мектебінің төбесінен тамшы ағатынын еңбек ардагері, мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Мұхит Қабдешұлы айтып берді. Аймақ басшысы мектептің шатырын жөндеу үшін 150 миллион теңге бөлінгенін атап көрсетті. Сондай-ақ, еңбек ардагері
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Балқадишаның киіз үйін Бурабайдағы этноауылға тігу, Кеңөткел ауылының жолын жөндеу жөнінде ұсыныс білдіре келе, облыс басшысына ақ батасын берді.
Аудан орталығындағы ауысымына 250 адам қабылдай алатын жаңа емханада қазір бас мердігер есебінен құрал-жабдықтарды құрастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Мамандар да оқытылуда. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Амангелді
Смайылов емхана келесі айда пайдалануға берілетінін айтты. Облыс әкімі дәрігер кадрлар жөнінде сұрап білді. Қазір елу кереуеттік аурухана мен ауысымына елу адам қабылдай алатын емханада 22 дәрігер қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта тағы бес дәрігерді жұмысқа шақыру көзделуде.
Бұдан соң облыс басшысы аудан активімен кездесіп, аудан әкімі Асқар Мұратұлының биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөніндегі есебін тыңдады. Облыстың өнеркәсіп өндірісі құрылымында аудан үлесі 35,5 пайызды құрайды. Өңдеуші кәсіпорындар 41,3 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Өткен жылы «Блиц Терминал» серіктестігі Индустрияландыру картасына өз жобасын енгізді. Келесі жылы Қонысбай ауылдық округінде құс фабрикасы іске қосылады деп жоспарлануда. Бірлестік ауылында «Арай про» серіктестігі тау-кен байыту комбинатының құрылысын жүргізбекші. Кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс 4 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 22 ауылдық округте 88 бизнес жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аудан активі жұмысын қорытындылаған облыс әкімі егіс алқаптарын әртараптандыру, өңдеуші кәсіпорындарды сүт, ет, майлы дақылдармен қамтамасыз ету, мал басын көбейту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, тағы басқа да іргелі міндеттерді алға қойды. Аудан облыстағы әлеуетті өңірлердің бірі. Тек даму үрдісі әлі де болса, қарқын ала түсуі керек.
Зеренді ауданы.