Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде аса көрнекті қазақ геологы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, отандық металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың өнегелі өмір жолына арналған тағылымды кеш болып өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова Қаныш Имантайұлының қазақ ғылымына қосқан үлесін айта кетіп, жас ұрпаққа ғалымның өнегелі өмір жолынан үлгі алу қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, еліміз қиын-қыстау заманды басынан өткерген уақытта Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшылық жасап, ел үшін аянбай еңбек еткендігін, Жезқазған кенін зерттеу мен Сарыарқаның металлогендік және болжам картасы мен ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізгендігін де таратып айтып өтті. Бұдан әрі «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов Қаныш Сәтбаевтың еңбек жолын зерттеу барысында ғалымның халықтың нағыз жанашыр азаматы болғанын нақты деректермен сипаттады.
Қаныш Имантайұлы тек қана геология ғылымын зерттеп қойған жоқ, сонымен қатар, «Алгебра» оқулығын мектеп оқушыларына арнап шығарған. Бұдан өзге «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазып, осы өңірдің этнографиялық мұраларын жинаған. Отырыс-та Көкшетау қаласының №18 орта мектептің оқушылары ғалымның балалық шағына саяхат жасаса, университет студенті Қанат Бекмағанбетов Қаныш Сәтбаевтың студенттік жылдарын әңгімелеп берді.
Аталмыш шарада Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған кітап көрмесі жиын қатысушыларының назарына қойылды. Шара соңында студенттер мен мектеп оқушылары Алғыс хаттармен марапатталды.
Назгүл Рабилова.