Көкшетауда  630  төсек орындық үлкен өңіраралық аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр

9 тамыз – Құрылысшылар күні

Көкшетауда үлкен өңіраралық аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа  аурухананың құрылыс алаңы 17,5 гектар аумақты алып жатыр.
Көршілес облыстардың тұрғындары да емделе алатын аурухананы Түрік компаниясы инвестициялап, өз қаржысына салуда.
Сарыарқа шағын ауданында орналасқан бұл аурухананың құрылысына 453 миллион 900 мың еуро жұмслатын болып отыр.
Қазір 2,5 мыңнан астам құрылысшы еңбек етіп жатқан аурухана кешенін 2027 жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарланған.
Аурухана толық іске қосылғанда онда осы заманғы ең озық медициналық жабдықтар орнатылып, 1500 медицинақызметкері еңбек ететін болады.

Арқа төсіндегі көрікті Көкшетау қаласында сәтті жүзеге асырылып жатқан ауқымды өңіраралық аурухананың құрылыс жұмыстарына еліміздің әр түкпірінен келген екі жарым мыңнан астам құрылысшы жұмылдырылған. Солтүстік облыстардың тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған бұл жобаны «Ренелл Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында біз осы ауқымды құрылыс алаңына арнайы ат басын бұрып, ондағы таңсәріден кешке дейін бір бәсеңдемейтін қызу жұмыс пен маңызды жобаның барысына куә болып қайттық.

Құрылыс алаңына жеткесін аумағын көзбен шолып шықтық. Ат шаптырым алаң екен. 17,5 гектар аумақты құрайтын бұл кең аумақта күннің аптап ыстығына қарамастан, тастан сарай тұрғызатын шеберлердің білек сыбана еңбек етіп жатқанын байқадық.

Жаңа медициналық кешенді Түркияның «Ronesans Holding A.S.» холдингінің құрамындағы «Ronesans Saglik Yatirim A.S.»  компаниясы қаржыландырып, «Ronesans infra construction» компаниясына қарасты «Ренелл Көкшетау» серіктестігі жүзеге асыруда. Бізді осы компанияда жиырма жылдан астам еңбек етіп келе жатқан бас инженер Игорь Россихин қарсы алды. Айтуынша, бұл ауқымды жобаны қолға алған инвестор-компания осыған дейін Түркияда жалпы төсек-кереуеті 9 мың орындық 6 ірі аурухананы сәтті тұрғызып, пайдалануға берген. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Көкшетаудың «Сарыарқа» шағын ауданында салынып жатқан бұл бірегей жобаның жалпы құны 453 миллион 900 мың еуроны құрайды.

– Бұл заманауи медициналық кешеннің құрылысын біз 2024 жылдың желтоқсан айында бастадық. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалды, әрі біз келісім-шарттық міндеттемелерде бекітілген кестеден екі айға алда келеміз. Нысанды тапсыру 2027 жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 30-дан аса бригада немесе 2,5 мыңнан астам құрылысшы әртүрлі жұмыстарды істеп, екі ауысыммен еңбек етуде. Олардың барлығы осы нысан аумағында жаңадан салынған төрт жатақханада уақытша тұрып жатыр. Барлық жұмысшылар компания есебінен ұйымдастырылған асханада тамақтанады. Бұл асхананы ұйымдастырарда Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясынан арнайы тексеріс жүргізіліп, барлығы нормаларға сәйкес келетіні расталды. Бұдан өзге бізде құрылысшыларға монша, кір жуу орындары да қарастырылған. Мұның барлығы жұмысшылардың қандай да бір күнделікті тұрмыстық, адамзаттық қажеттіліктерге алаңдамаулары үшін жасалып отыр. Себебі, бізге жобаны уақытында аяқтау үшін құрылысшылардың алаңсыз жұмыс істегені маңызды. Артық уақыттары болса, жұмыстан демалады, – деді бізге жобаның бас инженері.

Мамандардың айтуынша, жоба бойынша құрылыс толық аяқталғаннан кейін компания бұл нысанды бес жыл бойы пайдаланып, техникалық қолдау көрсетеді. Тек содан кейін ғана мемлекет инвесторлармен есептесе бастайды.

– Қазір ішкі өңдеу, инженерлік жүйелерді орнату және монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен бірге, медициналық құрал-жабдықтар мен арнайы медициналық жүйелерді монтаждаумен де айналысудамыз. Әрине, өртке қарсы жүйелер де орнатылуда. Бұған қоса, нысан келесі жылдың сәуір-мамыр айларында тапсырылатын болғандықтан, қазір құрылыс алаңында абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, ғимараттарды қосатын ішкі алаңдық өткелдер де салынуда. Осы жерде құрылысқа қажетті мәселелер туындап жатады. Әсіресе, жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелер жиі орын алады. Осы ретте, облыстың, қаланың басшыларына, олардың орынбасарларына компания атынан ризашылығымызды білдіремін, – деді құрылыс басында бізге Игорь Владимирович.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, кешен толық пайдалануға берілгенде, мұнда Ақмола облысы мен оған көршілес өңірлердің де тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілетін болады. Кешен құрамында әрқайсысы 120 орынды құрайтын мамандандырылған онкологиялық, перинатальдық, кардиологиялық, 19 операциялық бөлмесі бар хирургиялық және дерматовенерологиялық блоктар болады. Бұдан бөлек, кешенде 500 адамды қабылдауға арналған консультациялық-диагностикалық орталық, 63 орындық күндізгі стационар, 4 операциялық залы бар амбулаториялық хирургия орталығы және трансфузиология бөлімі жұмыс істейді деп жоспарланған. Ерекше бір атап өтерлігі, мұнда Көкшетау медициналық колледжінің студенттері үшін практикалық даярлық сапасын арттыратын симуляциялық технологиялар бөлімшесі де қарастырылыпты.

Енді кешеннің толыққанды тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымына тоқталсақ, мұнда алдағы уақытта 208 автокөлікке арналған жабық тұрақ, төтенше, шұғыл жағдайларда науқастарды жеткізуге арналған тікұшақ алаңы, қазандық пен гараж, патологоанатомиялық бөлімше (мәйітхана) және қойма, жедел жәрдем көліктерін зарарсыздандыруға арналған арнайы пункт те болады.

Бұдан әрі жобаның ішкі-сыртқы инженерлік жүйелерін өткізуді  қадағалап жүрген инженер Жасұлан Жүсіпбековті әңгімеге тарттық. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласының тумасы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін инженер-машина құрастыру мамандығы бойынша бітірген.

–Мен Астана қаласында тұрамын. 2007 жылдан бері құрылыс саласында еңбек етіп, отбасымды осыдан тапқан нәпақаммен асырап отырмын. Қазір мұнда жобаның ішкі-сыртқы электр, су, жылу, газ желілерін қосу жұмыстарымен айналысудамын. Бұл дегеніміз бір сәттік қателікті кешірмейтін аса үлкен жауапкершілік. Жоба басталғалы апта бойы жұмыс істейміз, демалыс күні деген түсінік жоқ. Бір айлық еңбекақым 1 миллион теңгеге жуық. Жалпы, мен көптеген ірі нысандардың құрылысы кезінде осы ішкі-сыртқы су, электр, газ, жылу  жүйелерін өткізумен айналыстым. Мысалы, елордамыздағы «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы, «Нұрлы жол» жаңа вокзалы, «Назарбаев университеті» ғылыми ізденіс орталығы секілді ірі-ірі нысандарда менің қолтаңбам бар. Ал, қазір шетелдік компаниямен ынтамақтасып, жұмыс істеп жатырмын. Халықаралық деңгейдегі әріптестермен тәжірибе алмасу маған жаңа технологиялар мен жұмысты ұйымдастырудың озық үлгілерін меңгеруге жол ашты. Олардың тәжірибелері өте мықты, көп нәрсе үйрендім десем де болады. Қазіргі жастардың құрылыс саласына баратын ойлары болса, осы салаға қатысты да білім алсын. Көбіне тыңғылықты білім, білік керек. Оның үстіне елімізде құрылыс қарқынды жүріп жатыр, бірақ, өз ұлтымыздан білікті мамандар әлі де аз. Сондықтан, көбіне сырт елдердің мамандарына жүгінуге тура келіп жүр, –деп Жасұлан Мархабайұлы құрылыста білек күші ғана емес, білім де болу керектігін алға тартады.

Құрылыс алаңында абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатқанын байқадық. Шымкенттік құрылысшы Дәулет Ибраимовты сөзге тартқанымызда, ол 2008 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүргенін айтты. Бұл азаматтың негізгі мамандығы экономист екен. Банк саласында тәжірибесі бола тұра, құрылыс саласын жөн көрген.

–Мен шымкенттік азаматпын. Бұл жобаға дейін біз Атырау облысындағы «Тенгизшевройл» компаниясына 14 жыл бойы үш бірдей зауыт салынғанда, жер асты арқылы өтетін коммуникациялық желілер мен жүйелерді өткізетін орындарды дайындап, тиісті құрылғыларды орнатумен және абаттандырумен айналыстық. Қазір осы жобадағы сондай жұмыстарды өз бригадамның білекті де қайратты жігіттерімен бірлесіп, атқарып жүрген жайым бар, – дейді ол.

Ірі жоба аумағында отыздан астам бригада жұмыс істеп жатқанын естіп, білсем де, ішінде жергілікті жердің құрылысшылары болмағанына қатты қынжылдым. Жобаға тапсырыс беруші салалық министрлік болғаннан кейін, конкурсқа республика бойынша барлық құрылыс компаниялары қатысатынын білеміз. Десе де, біздің ақмолалық азаматтардың бұл нысанға тартылмағанын түсіне алмадым…  Не десе де, ауқымды жоба ақмолалықтар игілігі үшін салынып жатыр ғой, әйтеуір сонысы көңілімді көншітті.

Жаңа ауруханада пациенттердің қауіпсіздігін бақылау да  халықаралық стандартқа сай жүргізіледі. Сонымен қатар, аурухана толықтай соны үлгідегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады. Жаңа көпбейінді аурухана емдеу сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Кешен іске қосылғанда мұнда 1500 медициналық қызметкер жұмыспен қамтылады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтарды пайдалануды дәрігерлерге алғашқы жылдары Түркиядан шақырылған мамандар үйретеді екен.

Құрылысшылармен біраз сөйлесіп, құрылыс алаңын аралап шыққаннан кейін осындай ірі жобаны іске асыруда, оның барлық қажетті шаруаларын ұйымдастыру да оңай-оспақ іс емес екендігін түсіндік. Қай жұмыс қашан басталып, аяқталады, одан кейінгі кезең-кезеңмен іске асырылатын міндеттер, ішкі әрлеу, коммуникация тарту, жабдықтау … Бір сөзбен айтқанда, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған құрылысшылардың маңдай терімен салынып жатқан бұл медициналық кешен отандық құрылыс саласының әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды игеруге жол ашатын үлкен мүмкіндік.

Осы жолы бұл жаңадан салынып жатқан өңіраралық аурухана туралы Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры, облыстық  мәслихаттың депутаты Нұрлан Қайырұлы Жаровтың да пікірін білдік. Ол кісі де жаңа аурухананың біздің облысымызда салынуы медицина саласындағы үлкен жағымды жаңалық екенін айта келіп, оның пайдалануға берілуімен халықтың денсаулығын қорғауда үлкен игілікті қадам жасалатынына сенімі мен қуанышын жасырмады. Шынында, ақмолалықтардың игілігі үшін тұрғызылатын бұл кешен болашақта өңірдегі медициналық қызметтің сапасын барынша жаңа деңгейге көтеріп, облыс мақтанышына айналады деген сенім мол.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерде: құрылыстың бүгінгі жалпы көрінісі, жобаның бас инженері Игорь Россихин, ішкі-сыртқы инженерлік жүйелерді қадағалаушы инженер Жасұлан Жүсіпбеков, шымкенттік құрылысшы Дәулет Ибраимов жұмыс үстінде.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар