Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдерімен кездесті.
Тараптар облыс орталығының коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға, сумен және жылумен қамтуға арналған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мақсатында әрі қарай ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті екендігін білдірді. Аймақ басшысы бүгінде Көкшетауда 160 мың адам тұратынын және басты мақсат тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екендігін айтты.
– Бұл орайда, бірқатар қиындықтар бар, біз сумен қамту жүйесін модернизациялау және су тазарту құрылғыларын салу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жуық арада осы мәселені шешкіміз келеді. Сондай-ақ, су тарифінің қымбаттауына жол бермеуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша басшысы А.Прейманис ынтымақтастыққа дайын екендіктерін және елімізде банктің қолдауымен ТКШ саласында осындай 16 жобаның жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті.
А.Прейманис мырзаның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Көкшетаудың сумен жабдықтау жүйесін модернизациялау бойынша жобаның техникалық-экономикалық негізін дайындау жұмыстары аяқталуға жақын.
Еске сала кетейік, Ақмола облыстық әкімдігі Көкшетау қаласын сумен қамту және су өткізу жүйесін жаңарту жобасын аяқтау үшін 3,3 миллиард теңге қаржы тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.