Облыста су тасқынына байланысты құрылған штаб өз жұмысын тәулік бойы жүргізуде.
Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Ж.Смайылов кезекті рет облыс аумағына әуеден шолу жасады.
Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысында 12 ауданда көктемгі су тасқынынан 35 автокөлік жолы мен 34 елді мекен зардап шекті. 948 үйді су алды, қазір суда 804 үй қалуда. 2784 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, соның ішінде, 494 адам өз үйлеріне оралды. Су тасқынын жою жөніндегі жұмыстарға 1351 адам қатысуда, сондай-ақ, 274 техника мен 11 жүзгіш құрал пайдаланылуда.
Облыс әкімінің орынбасары Ж.Смайыловтың айтуынша, су тасқынының күрделі жағдайында тұрғындардың қауіпсіздік мәселелері жергілікті атқарушы органдар мен барлық қызметтердің басты назарында ұсталуда.
Әсіресе, тасқыннан ең көп зардап шеккен Атбасар және Сандықтау аудандарына ерекше көңіл бөлінуде. Егер Атбасарда 6 мыңнан астам үй бар болса, бүгінгі күнге дейін соның 200-ге жуығы суда қалған. Толықтай емес, кейбір үйлерді бір метрден, жарты метрден, іргетасынан төмен су алып тұр. Бір жарым метр су алған үйлер де бар. Тұрғызылған бөгет үлкен суды ұстап тұра алды. Тұтастай алғанда бұл аудандарда су тасқынына байланысты жағдай тұрақталып келеді. Су өз арнасына қайтып жатыр, осылай ақырын бастапқы қалпына келетін болады. Бүгінгі таңда орын алған шығын есептелуде.
Бұған қоса, Целиноград және Аршалы аудандарын да үлкен тасқын күтіп тұр. Бұлар Астана іргесіндегі аудандар. Өкінішке орай, Целиноград ауданы Қарағанды облысының Нұра өзенінен келетін үлкен судан жылда зардап шегеді. Өзеннен келген су тасқыны Талапкер, Қараөткел, Воздвиженка, Қажымұқан ауылдары мен Есіл өзенінің аңғарында орналасқан басқа елді мекендердің бәрін ша-йып кетеді, – деп атап көрсетті Ж.Смайылов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.