Сайлауға жауапкершілікпен қарау – азаматтық парыз

Саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап, әрбір мәселені елдің бірлігі мен тұрақтылығы тұрғысынан бағалау қажет.

Қазіргі таңда еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды өзгерістер мен жауапты кезеңдер орын алып отыр. Құрылтай депутаттарын сайлау елдің болашақ даму бағытына әсер ететін маңызды саяси үдерістердің бірі. Сондықтан, бұл мәселеге әр азаматтың өзіндік көзқарасы мен жауапкершілік тұрғысынан қарауы орынды деп есептеймін.

Есіл ауданының ардагерлер кеңесі ауданымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді. Кеңес құрамында 25 мүше және 9 алқа мүшесі бар. Ардагерлер кеңесінің мүшелері ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді, елді мекендердің даму барысын тұрақты назарда ұстап, тиісті деңгейде талқылап отырады.
Біз аға буын өкілдері ретінде аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерге бейжай қарамаймыз. Жол, елді мекендердің абаттандырылуы, әлеуметтік нысандардың жағдайы, жұмыспен қамту, жастардың болашағы, қоғамдық келісім мен тұрақтылық сияқты мәселелер үнемі біздің назарымызда.

Ардагерлер кеңесінің басты ерекшелігі біз ауданның бүгінгі жағдайына ғана емес, оның ертеңгі дамуына да алаңдаймыз. Өйткені, бірнеше буынның тәжірибесін көрген аға ұрпақ үшін елдің тұрақтылығы мен ұрпақ сабақтастығы аса маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, депутаттарды сайлау мәселесі де халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, елдің тұрақты дамуына бағытталған шешімдермен тығыз байланысты деп ойлаймын. Халықтың мұң-мұқтажын білетін, елдің нақты мәселелерін түсінетін азаматтардың өкілдік органдарда болуы қоғам үшін маңызды.
Біздің ойымызша, сайлау үдерісінің негізгі мәні халықтың өз пікірін білдіріп, елдің болашағына қатысты ұстанымын заңды әрі өркениетті жолмен танытуында. Сондықтан, бұл науқанға үлкен жауапкершілікпен қарап, әрбір мәселені елдің бірлігі мен тұрақтылығы тұрғысынан бағалау қажет.

Есіл ауданының ардагерлері қашанда ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты, әлеуметтік әділеттілікті және ауданымыздың өркендеуін басты құндылық санайды. Біз өз тарапымыздан ауданның дамуына қатысты мәселелерді көтеріп, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатыса береміз.

Серғали Өсіпов,
Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар